Осыдан он күн бұрын 25 қараша күні Маңғыстау облысы Теңге ауылы маңында болған жол апатынан зардап шеккендердің он жетісі ауруханадан шығып, үйлеріне оралды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, әлі 9 адам ем қабылдап жатыр. Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасы директорының орынбасары Раушан Жапарованың мәліметінше, қазіргі таңда жан сақтау бөлімінде 2 адам бірқалыпты ауыр жағдайда жатыр. Травматология бөлімінде  3 адам орташа ауыр, хирургия бөлімінде 2 адам орташа ауыр жағдайда жатыр. Барлығының денсаулықтары жіті қадағалануда. Ақтау қаласында 3 адам емделуде.

Жол апатынан зардап шеккен тағы 2 бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Науқастың бірі 2007 жылы туған. Оның сан сүйегіне сыртқы фиксерлеуші құрылғыны қолдану бойынша ота жасалып, әрі қарай емдеу және тексеру бойынша кеңес берілген. Жасөспірімнің қазіргі таңдағы жалпы жағдайы ауыр, өздігінен дем алуда. Ал, 2011 жылы туған ұл бала жансақтау бөлімінен травматология және ортопедия бөліміне ауыстырылған. Жағдайы тұрақты, — дейді дәрігерлер.

Жаңаөзен қалалық әкімдігінде жол көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жанұяларына моральдік және материалдық көмек көрсету үшін жұмысшы тобы құрылған болатын. Қазіргі таңда жұмысшы топ қайтыс болғандардың жанұяларына қажетті материалдық көмектер көрсетуде. «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан қайтыс болған 9 жанұяның отбасына 1 млн. теңгеден, ауыр жарақат алған 9 адамға 600 мың теңгеден және орташа және жеңіл жарақат алған 18 адамға 300 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат берілген.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құрылып, қала тұрғындары мен облыс аумағында орналасқан мекемелерден 300 мың теңге аударылған.

Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қоғамдық көліктерде артық жолаушылар тасымалының алдын алу бағытында күнделікті жедел-профилактикалық шаралар өткізуде. Әкімдік тарапынан қоғамдық көліктерге үш мезгіл мониторинг жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Жаңаөзен қаласы — Теңге ауылы арасындағы темір жол өткелінде жолаушылар тасымалдаушы №3 қоғамдық көлігі мен тепловоз соқтығысқан болатын. Апат кезінде 9 адам қайтыс болып, 27-сі жарақат алған еді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз