Өңірімізге Сергей Бебенин бастаған Ленинград облысының заң шығарушы жиынының делегациясы келіп, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжановпен кездесті.

Кездесуде тараптар ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Ералы Тоғжанов қонақтарға ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша өлкемізде іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндады. Сонымен қатар «Нұр Капитал» жобасы іске қосылғанын айтып өтті.

— Біз сіздерге өңірдегі бірнеше бағыт бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды көрсетуге дайынбыз. Жақында ғана БАӘ-мен бірнеше маңызды келісімге қол қойдық. Мысалы, әлемдегі ең ірі DP World компаниясы «Ақтау теңіз порты» АЭА-мен бірлесе жұмыс істеуге ниетті, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Былтыр Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары Ленинград облысына арнайы сапармен барып, өлкенің әлеуметтік бағдарламаларымен танысып, жаңа құрылыс нысандарын көрген еді. Биыл Сергей Бебенин бастаған делегация өкілдері тәжірибе алмасу мақсатында Маңғыстауға келіп отыр.

— Біз міндетті түрде Маңғыстау облысына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысамыз деп келіскен едік. Осында төрт күн болып, кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, салық салу жүйесінің жұмыс тәжірибесімен таныспақпыз. Сонымен қатар, Маңғыстау аумағындағы табиғи ландшафтарды көргіміз келеді. Бізге Қазақстандағы, әсіресе, Маңғыстау облысындағы жолдарды дамыту бағдарламасы да қызықты. Өйткені Қазақстан тоғыз жолдың торабында жатқан, транзиттік жүк ағынының бойында тұрған мемлекет, — деді Ленинград облысының Заң шығарушы жиынының төрағасы Сергей Бебенин.

Ақтаудың тазалығына ерекше назар аудара отырып, С. Бебенин Ленинград облысында қоқысты кәдеге жаратуға қатысты экологиялық мәселелер бар екенін айтты.

Ресейлік депутаттар төрт күн ішінде «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты», «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС, Ш.Есенов атындағы университеттің және көпсалалы медициналық клиниканың жұмысымен танысады. Сондай-ақ жергілікті табиғи және тарихи орындарды араламақ.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау театры халықаралық фестивальде дипломмен марапатталды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз