«Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»,- деп ел басшымыз Н.Ә.Назарбаев рухани жаңғыру бағдарламасында атап көрсеткен болатын.

Ауылымның 40 жылдық тарихы мені бей-жай қалдырмай, қолыма қалам алып, жас ұрпаққа таныстыруыма ұйтқы болды және өзімнің азаматтық парызым деп білдім.

Бостан – Қарақия ауданындағы ауылдық аумақ орталығы. 1977-1995 жылдары аралығында қаракөл қойын өсіретін «Қара­құдық» совхозының орталығы болып келген. Қарақұдық совхозында «Қарақұдық», «Қызыл су» атты екі ферманың орталығы болды.

Ал совхоз тараған 1993 жылдан бастап «Бостан» деп аталған.

Бостан-Қызылсай (Ескіөзен) ауылының іргесінде, солтүстігіне қарай 3 км. жерде орналасқан. Бостан құдығы Қызылсай ауылының солтүстік-шығыста 24 км. жерде, Бостанқұм ішінде, Бостанқұм ауылының солтүстік-солтүстік-шығысында.

Бостанқұм массиві Ұштаған өңірінде, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 55-60 км-ге созылып жатыр. Бостанқұм, яғни ферма орталығы «Қарақұдық» ауылы Бостанқұм массивінің оңтүстік шетінде орналасқан, Қызылсай ауылынан солтүстік- шығыста 21 км. жерде. Бостанқұм Ұштағаннан 60 км, Қызылсайдан солтүстік- шығыста 20 км жерде. Ауыл қаракөл қойын өсіретін «Ильич» атындағы кеңшардың  ферма орталығы болса, 1977-1995 жылдарға дейін Қарақұдық совхозының ферма орталығы болып келген. 1993 жылға дейін мал азығын даярлайтын цех, шопандар үшін кітапхана жұмыс жасап тұрды. Кітапханашы болып жас маман Назира Жұматаева ауыл тұрғындары мен шопандар үшін қызмет етті. Қызылсу-Қарақия ауданы, Бостан ауылдық округі құрамында орналасқан. Аудан орталығы Құрық ауылынан шығысқа қарай 195 км, округ орталығы Бостан ауылынан 45 км жерде, Түйесу құмының солтүстік жиегінде орналасқан. Ауыл қаракөл қойын өсіретін Ералиев атындағы кеңшардың кейін, 1977-1995 жылдары Қарақұдық совхозының ферма орталығы болып келген. Онда 1993 жылға дейін мал азығын даярлайтын цех, шопандар үшін кітапхана жұмыс жасап тұрды. Кітапханада Ж.Сағызбаева  кейін, 1992 жылға дейін К. Әленова  жұмысын жасап, оқырмандар ризашылығына бөленді. Қазіргі күнде жеке шаруаларымен отырған ауыл тұрғындары тұрады.

Жетпісінші жылдардың екінші жартысында шаруашылықтарға көп өзгерістер енгізілді. Малдың саны өсіп, бір шаруашылыққа сыймайтын болғасын, облыста тыңнан совхоздар құрылды. Бозашы түбегінен «Тұщықұдық», «Ақшымырау» совхоздары құрылса, «Ильичтің» 18 мың бас қойы бар №3 фермасы мен Ералиев совхозының бір қой фермасының ізінен 35 мың қой басымен «Қарақұдық» совхозы құрылып, Ералиев ауданына қарасты шаруашылықтардың санатына кірді. Жаңа құрылған  «Қарақұдық» совхозына директор болып, осыған дейін 7 жыл «Ильичте» директор болған Сәбит Әбішев тағайындалды. Директордың хатшысы қызметін 1977-1995 жылдар аралығында үзбестен Ардақ Семғалиева, ал кассир болып Ұлықпан Жанболатов бастады. Санаулы жылдардың ішінде «Қарақұдық совхозының табысы ешкімнен олқы соқпай, бүкілодақтық, респуб­ликалық, облыс, аудандық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы бола алды. [Ұштаған – құтты мекенім» 89-90-б] 1979 жылы Қазақстанда қой шаруашылығын өркендету жөніндегі республикалық кеңесте Қарақия ауданының «Қарақұдық» кеңшары озаттар тізбесінде бірінші болып аталды. Сөйтіп Маңғыстау  облысы таза тұқымды, қара түсті және көлемді елтірі дайындаудан республикалық деңгейде озаттар қатарына көтерілді. [«Маңғ.обл. ауылшар.энц» 109-б] Сол жылы Өтесбай Қойтанов әр 100 аналық саулықтан 200-ден қозы алып, төл алудан Маңғыстауда бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. [Ұштаған – құтты мекенім» 90-б] Жаңадан ашылған совхоздың жоғары деңгейде көрінуі, әрине білікті басшы мен жауапкершілікті белсенді көтере білген шопандар еңбегі. Бар ғұмырын ыстық пен суықтың өтінде жүріп қоғамдық мал шаруашылығы үшін аянбай тер төккен еңбек озаттары: Кеңес, Рақыш  Аманқосов, Жетімек, Жаулы, Батыр Әленов, Қырықбай, Бірім Аязбаев, Б.Жалдыбеков, Д.Жолдыбаев, И.Қонысбаев, К.Түйебаев, Н.Сақтағанов, Тәжікбай, Досан Қойбағаров, О.Үмбетов, У.Машырықов, Ш.Қалжанов, Н.Тә­ңірбергенов, Мырзан, Рзабек Қосжанов, Т.Абдуллаев, Т.Меңдіқұлов,  М.Мусин, Т.Оңайбаев, Д.Елубаев, Қ.Ерманов, Т.Дәрібаев, Т.Ал­дашов, Д.Базылбеков, Ш.Берекетов, Ұ.Бесімбаев, Меңдібай, Өтеш Бүркітбаевтар, Ө.Қойтанов, Е.Тайшаев, Б.Қарамырзаев, Б.Ба­панов, Д.Жолдыбаев, Т.Шәріпов, Ш.Жолдасов, Әшім, Қамархан, Ал­тынғали Сүйеуовтер, Б.Бозжігітов, Т.Бәші­ғұлов, Т.Байменов, І.Ақ­құлов, Д.Ізбасаров, Д.Жол­дыбаев, Ш.Болатбаев, С.Атшыбаев, С.Нау­рызбаев, Т.Сәрсенғалиев, М.Айтуғанов, Ер­ғали, Акшабай Тайшаев, С.Төребеков, Қ.Жә­кешов, А.Бигелдиев, Сәуір­бай, Қыстаубай, Көлдеубай Нұрғараев т.б. атап өтуге болады. Олардың еңбектері ауыл шежіресінен өшпестей орын алды. [Маңғ.обл. ауылшар.энц» 110-б]. 1981 жылы совхоз коллекти­ві он бірінші бесжылдықтың әр жылында мал басын шы­ғынсыз сақтай отырып, әр 100 сау­лықтан орта есеппен 110 қозы алу жө­нінде бастама көтерді. Облыстық партия ко­митеті бастаманы мақұлдады. Өйткені бас­тама негізсіз емес еді. 1981 жылға дейін 3 жылда жа­ңадан ашылған Қарақұдық совхозының төл алудағы көр­сеткіші жыл сайын өсіп отырған болатын. 1978 жы­лы 108 қозы алын­са, 1979-1981 жылдары 200 қозыға жетті. Ерен ең­бектерінің же­місімен елді сүйсіндіріп, көпті риза етіп жүрген малды ауылдың нағыз майталман жүйріктері Ө.Қойтанов, М.Бүркітбаев, Т.Шәріпов, Е.Тайшаев, Б.Бапанов сияқты шопандардың тәжірибесі көпшілікке таратылды. Сол кезде қалыптасқан салт-дәстүр деуге болатын, мал төлдетудің қорытындысымен маусымның аяғы, не шілденің алғашқы онкүндігінде шаруагер қауым Үстіртте бас қосып, ауқымды мерекелік шара өтетін. Онда бірнеше киіз үй тігіліп, аламан бәйге, ұлан-асыр той – мерекелік шара бас қосудың негізгі мақсаты – еңбек озаттарын марапаттау, 100 аналықтан ең көп төл алған чемпиондарды анықтау, шаруашылықтың, аудан мен облыстың қол жеткізген табыстарын жария ету, озық тәжірибені насихаттау болатын. Осындай бас қосу Үстірттегі Уәли құдығының басында 1953, 1962, 1968, 1974, 1981, 1984 жылдары ұйымдастырылып өткізілді. Егер жаз айында ұйымдаспай қалса, жылдың аяғында, көбіне желтоқсан айының ішінде облыс орталығында өткізілетін. Онда алдағы жылға алынар асулар межеленіп, жаңадан міндеттеме қабылданатын. Малшылар үшін автодүкендер, автоклубтар, жылжымалы шеберханалар, моншалар арнаулы графиктерге сай  отарларға із-суытпай барып тұрды. Әрбір қыстауда, малшы үйінде АБ-1 агрегаты қойылып, малшылар қысы-жазы электр жарығын пайдаланды. [Е.Қызылғұлов Мамандан. және тиімділік.90-б]. Мал басының өсуіне шопандармен бірге ферма меңгерушілерінің де үлесі зор болды. Бұл қызметте Т.Қалжанов, М.Өтегенов, Ү.Сағымбаев, Қ.Қалипаев, Т.Елбаев, А.Қуанбаев, ветврач қызметінде Темеш  Иманғалиев, М.Өтегенов, ферма дәрігерлері Қ.Өмірзақов, Р.Түйебаев, т.б. шаруашылықтағы негізгі өндіруші күшті ұстағандар еді. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды техника күшімен  атқару, қол еңбегін жеңілдету жөніндегі қызметте етене еңбегі сіңген азаматтар сапында зоотехник М.Тәжіғұлов, Ә.Орысбаев, Қоңыр Қонашов, Сармырза Тәкенов, Нұрмағанбет Мәжімов, ал қамтушы инженерлер: С.Жаппасов, Б.Жұбанов, Ж.Мұқанов, У.Мейіров, Т.Тө­кенов, Қ.Иманбаев, Н.Даңдықұлов, Б.Қо­ңырбаев, т.б.

Қарақұдық сов­хозының мал шаруашылығы белгілі бір жүйеге түсіп, экономикасы артып, ауылдың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлес қосқан совет, кәсіподақ, шаруашылық, есеп жүйе­сінде елеулі еңбектерімен танылған ауыл азаматтары мен азаматшалары: Есен Бисенов, Еркебай Қызылғұлов, Бегалы Озғанбаев, Наурызбай Рахметов, Рахмет Нұров, Алпамыс Жұмалиев, Аманжол Тасмағанбетов, Ізтұрған Шәмкелов, Сайлау Ұйқасбаев, Төкенов Бақыт, Балқия Асқарова, Сәнтөре Өмірзақова, Ақзер Дошымбаева, Жиде Жұмалиева,  Баян Әленова т.б елеулі еңбек етті. Совхозда күрделі техникамен жабдықталған гараж, мал азығын дайындайтын цех, қой қырқатын база, т.б. объектінің бірнеше түрлері болды. Сонымен бірге еңбек адамдарының демалатын мәдениет үйі, кітапхана, телефон жүйесі мен рация, почта, дүкен, монша, медпункт ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етті.

Совхозда 25 трактор, 40 машина болды. Тракторлар шөп шауып қыстық азық жинаса, 5 шөп ұнтақтағыш ИГК-КДУ техникалары жұмыс жасап шөп, жем әзірледі. Ауыл орталығы Октябрь  мен Қызылсу елді мекендерінде жем-шөп цехы салынып, шөп тартып мал азығын дайындады. Қыстан малды аман алып шығу үшін жаздай шөп шабу, оны престеу жұмыстарында ерінбей еңбек еткен тракторшылар еңбегін атап кетпеу мүмкін емес. Отбасыларымен шөп шабу науқанының көрігін қыздырған тракторшылар: Дәулет Берекетов, Жаңалық, Ақберген, Бекен Қарашаевтар, Орысбай, Өтебай Тұрсыналиевтер, Көшкін Қуанышов, Сүйінбай, Амантай Өтегеновтер, Науас, Мұрат Дүйсенбаевтар, Бисенғали Әбиев, Жауынбай Өмірбаев,  Іңірбай Бурабаев т.б. тынымсыз еңбек ете білді.

Мал ауылды жем-шөп, су, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көші- қон кезінде автакөліктерін сақадай сайлап еңбек еткен жүргізушілер: Ө.Бесінбаев, К.Бурабаев, Ә.Жұмажанов, Ж.Бесбаев, Т.Бапанов, Қ.Тайшаев, Қ.Таңсықов, М.Жәкешов, Ж.Жұмалиев, А.Сәтимов, Б.Жақсығұлов, Б.Меңдіқұлов, І.Ерманов, К.Құдайбергенов,  А.Алаңов, Т.Әбиев, О.Қызылғұлов, Қ.Тәкенов, О.Төлеуов, З.Жұмажанов, Т.Жұ­банов, Ж.Саудабаев, Қ.Қожахметов, Ж.Қойтанов, Б.Алдашов, Б.Бекібаев, О.Базарбаев,  Ж.Бекенов, Ш.Құрманов,  Қ.Қалжанов, Т.Оразбаев, т.б. Ауыл тұрғындары толықтай жұмыспен қамтылды. Жастар жазда шөп шабу, құрылыс саласында және мал төлдету, қырқым жұмыстарына жұмылдырылды. «Октябрь» ауылының орта­лығында мерзімдік қаракөл сою пункті жұмыс жасады. Оған Жөнейт Жалғасбаев басшылық жасады. Ауыл тұрғындары жұмыспен қам­тылып, пунктте және қаракөл терісін өңдейтін цехта жұмыс жасады. Сойылған қаракөл қозысының  еті халыққа сатылды. Жұмысшылар күніне 100 теріге дейін өңдеп, алғашқы баптау жұмыстарын жүргізді. Өңделген сапалы қаракөл терісі  Шымкент қаласындағы «Қаракөл тері» зауытына  тапсырылды.  Ол жерден жоғары сортта дайындалып  Ресей мен шет елдерге жіберілді.  Жекешелендіру қарқын алған 1993 жылы шикізат пен химикаттың тапшылығынан және энергия көзіне есептесетін қаражат тапшылығынан цех өз жұмысын тоқтатуға мәж­бүр болды.

Тағы оқыңыздар: Қарақұдықтағы «құбыжық» немесе Бостан босқа қарап жатқан жоқ

Қыс қыстауда, жаз жайлауда малға жайлы өріс іздеп құдықтарды сағалай қоныстанатын шаруаларға ең қажеттісі ауа райының қолайлылығы еді. Сол кезде Үстірттегі «Дауысты» метеостансасы ор­талыққа ауа райы туралы хабарламаны республика көлемінде тарататын.

1981 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жауапты қызметке келген Сәбит Әбішевтің орнын білікті мал дәрігер Еркебай Қызылғұлов ауыстырып, кеңшардың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Е.Қызылғұлов 1977-1980 жылдары Қарақұдық совхозына ветврач, 1980/ 83 жылдар аралығында осы совхозда парт­ком, ал 1983 жылдан өмірінің соңына, яғни 1992 жылдарға дейін осы  совхозда директорлық қызметті абройлы атқарды. 1983-1984 жылдары мал басы артып, шарықтау шегіне жетті. (Есен есімі ел есінде. 96-б).  Еркебай Қызылғұловтан соң Үсен Тянов 1991-1992 жылдары Қарақұдық совхозының директоры болса, 1992 жылы Қайрат Құлшықов жалғастырды. Совхоз сол кездегі нарыққа байланысты өз бағытын өзгертіп, өндірістік кооператив болып құрылды. Халықтың сайлауымен кооператив басшысы болып Шаттық Асанов жалғастырды.

Жекешелендіру қарқын алған 1993-1995 жылдары кооператив жұмысы тоқталып «Сенек» ЖШС-не біріктірілді. ЖШС-нің директоры болып Қалпақ Наурызмағанбетов жұмысын жүргізді. Міне, Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы тарихында  сүбелі үлесі бар Қарақұдық ауылына биыл қырық жыл толуда. Мерей той құтты болсын, ауылдастар!

Жәния ӨМІРБАЙҚЫЗЫ,

Бостан ауылы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз