Бұған дейін көптеген ақпарат құралында оразаның алғашқы күні 16 мамырға сәйкес келетіні туралы айтылып, жазылып келген еді. Бірақ кешелі бері түрлі әлеуметтік желілерде «биыл Рамазан айы 16 мамырда емес, 17 мамырда басталады» деген ақпарат пен бейне және аудио жазбалар тарап жатыр. Біреулер мұны рас десе, екіншісі шындыққа жанаспайды деп, әркім әр саққа жүргізді.

Бүгін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз арнайы мәлімдеме жасады.

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер», – деген.

Демек, мұсылман жұртшылығы рамазаннан бұрын болатын шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды», — делінген ҚМДБ сайтында.

ҚМДБ мұсылман мемлекеттері ғалымдарының осы хадисте айтылған шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-ыншы жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдегенін алға тартады.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратқан. Орталық 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеген.

«Осыған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып: «17 мамыр – рамазан айының бірінші күні», – деген шешім қабылдады», — деп хабарлады ҚМДБ сайты.

Естеріңізге сала кетейік, Төралқа мүшелерінің бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес, биылғы пітір садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілген болатын.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

4 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз