Бірнеше оқырманымыз Ақтау қаласында жаңадан салынып жатқан 16, 17 шағынаудандарда мектеп пен балабақшаға орын қарастырылмағанын айтып, хабарласқан болатын. Мәселенің мән-жайын анықтауды өтінген соң, бүгін Ақтау қаласы әкімдігінде бюджеттің орындалысы бойынша өткен брифингте осы сұрақты Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаевқа қойған едік.

— 17 шағынауданда 340 орындық мектеп пен 140 орындық балабақшаның орны белгіленді. 16 шағынауданда, шынында да, мектеп пен балабақшаның орны жоқ. Қазір осы мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлерге берілген жер орнын жаңа шағынаудандарға алмастырып, орнына мектеп салу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мәселе келесі айдың басына дейін шешіледі деп сенеміз, — деді ол.

Ақтау қаласы болашақта Ақшұқыр ауылына қарай кеңейе түспек. Қайрат Ақыбаев қаланың бас жоспарында жаңадан салынатын 18, 19, 19 а, 20 шағынаудандарда мектеп пен балабақшаның орны белгіленгенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында «Ақтау серпін» жобасын таныстыру барысында қала әкімі Ғалымжан Ниязов қаланың бас жоспары мен 31, 31 а, 31 б, 32 а, 32 б, 32 в жəне 35 шағынаудандардың нақты құрылысында өзгешеліктер бар екенін айтқан болатын. «Бұрынғы бас жоспарға сәйкес бұл жерлерде балабақша, мектеп салынуы керек болған. Бірақ қазіргі таңда мектепке орын қалдырмай үй салынып кеткен», — деген еді.

Брифингте 32 а шағынауданда 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл қыркүйек айынан бастап оқушыларға есігін айқара ашатынын айтылды.

«Ал, 31, 31 а, 31 б, Шығыс-1, Шығыс-2, Шығыс-3 шағынаудандарында мектеп құрылысы жоспарланбағандықтан, жеке кәсіпкердің 3 Га жерін жаңа шағынаудандағы жер орнына алмастырдық.  Қазір осы жерге  («Хан-Шахар» мейрамханасына қарсы) 600 орындық мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз», — деді Қайрат Ақыбаев.

Болашақта осы шағынаудандардың балалары сол мектепте оқитын болады. Ал, алты шағынауданның баласы 600 орындық мектепке сыя ма десек, құрылыс бөлімі басшысының айтуынша, нормативтік есептер бойынша берілген жер көлемі тек 600 орындық мектеп салуға ғана мұрсат береді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Видео мен суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз