2018 жылғы қала бюджеті кіріс бойынша 21 370,6 млн теңге, шығыс бойынша 21 374,3 млн теңге мөлшерінде бекітілген. Ағымдағы жылы мамыр айында жергілікті бюджет қайта нақтыланып, қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 30 019,6 млн теңге, шығыс бөлігі 33 684,4 млн теңге болып белгіленген. Бұл туралы бүгін Ақтау қаласы әкімдігінде бюджеттің орындалысы және мемлекеттік сатып алулар бойынша өткен брифингте Ақтау қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жанат Түрікменбаева айтты.

Жанат Түрікменбаеваның айтуынша, 2017 жылдың соңында қала бюджетінің шығындары 800 млн теңгеге қысқартылған. Атап айтқанда, білім бөлімі өз шығындарын 207,7 млн теңгеге, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 357,4 млн теңгеге, құрылыс бөлімі – 190,5 млн теңге, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – 8,8 млн теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі – 7,2 млн теңге, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 1,8 млн теңге, дене шынықтыру және спорт бөлімі – 5,1 млн теңгеге қысқартқан.

Дегенмен, биыл қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өткізген конкурстар негізінде 6 млн теңге үнем пайда болған.

— 2018 жылдың мамыр айында жергілікті бюджет қайта нақтыланып, үнемделген қаржы №8 өнеркәсіптік аймақтан жол құрылысының, ХГМЗ теміржол бекетінен №17 бекетке дейінгі, №15 айналма жолда қиылысты, «НұрАс» май құю бекетінен арнайы ХҚКО дейінгі жолды қайта жаңартуға ЖСҚ жасау үшін жұмсалды, — деп атап өтті Ж. Түрікменбаева.

Сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде қоқыс контейнерлерін сатып алу, қалдықтарды көму орындарын ұстау, абаттандыру, көгалдандыру, қаланы мемлекеттік мерекелерге безендіру конкурстарынан 323,5 млн теңге үнем пайда болған.

— Маңғыстау облыстық бюджеттен бөлінген қаржының жетпеуіне байланысты пайда болған үнемнің 148 млн теңгесі қорғаныс, білім, әлеуметтік көмек, жол, кәсіпкерлік жұмыстарына бағытталды, — деді Ж. Түрікменбаева.

Қалған үнемделген 175,5 млн теңге есебінен қаладағы жолдар мен тротуарлар да жөнделетін болады. Атап айтқанда, шағынауданішілік жолдарды ағымдағы жөндеу 34,4 млн, 1 шағынаудандағы тротуарды ағымдағы жөндеу 15 млн, Приморский жағажайынан Теннис орталығына дейінгі тротуарды жөндеуге 14,8 млн теңге, «Рахат» қонақ үйінен «Шағалаға» дейінгі тротуарды жөндеуге 8,9 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ балалар ойын алаңшалары мен  спорт алаңшаларына 43 млн теңгеге жуық қаржы көзделген. «Мәңгі алау» монументіне де үнемделген 20 млн теңге есебінен ағымдағы жөндеу жүргізілмек.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз