Баршаңызды Амал – Көрісу күні мерекесімен құттықтаймын!

Көнеден күні бүгінге жеткен керемет дәстүрдің сарқытындай шынайы халықтық мереке – Амалды жыл басы деп ерекше құрметпен қарсы алып, көпшілік болып тойлаудың орны бөлек. Ұлан-байтақ еліміздің тек батыс өңірлерінде ғана сақталған Амал – Көрісу күнінің соңғы жылдарда еліміздің басқа аймақтарында да еленіп, ескеріле бастағаны қуантады. Маңғыстаулықтар арасында барынша болмыс-бояуымен жаппай аталып өтетін бабалардан мирас болған бұл дәстүр алдағы уақытта қанатын кеңге жайып, жаңғырып, күллі Қазақстан халқы үшін етене мереке болады деген жұртшылықтың ізгі тілегі бар.

Жыл сайын «Амал оң болсын, ақ мол болсын!», «Жыл басы – Амал хош келдің!» деген береке-бірлікке шақырар бата-тілекпен қарсы алатын халықтық мерекені қасиетті Отпан тауда сән-салтанатымен тойлау биылғы жылы да жалғасын табады. Ұлттық салт-дәстүрді кеңінен насихаттау арқылы рухани жаңғыруды мақсат еткен игі бастамалар сәтімен жүзеге аса бергей!

Амалда айтылар көл-көсір көптің тілектері қабыл болып, жаңа Ит жылы әрбір шаңыраққа шырайлы шуағын төгіп, береке мен мол ырыс-несібесін әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әлемдік озық елдердің санатына қосылуды көздеген асыл мұратымызға амандықпен, ауызбіршілікпен жете берейік!

Жыл құтты болсын!

Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қыздарға әсемдік жарасады… (ФОТО)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз