Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және экология саласына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтті. «Хан шахар» салтанат сарайында ұйымдастырылған мерекеге облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, басқарма мен мекемелердің басшылары, сала ардагерлері мен қызметкерлері және өзге де қонақтар қатысты. Салтанатты сәтте өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосқан экологтар құрметке бөленді.

Мерекеге келген қонақтар «Таза болса табиғат – адам болар адамзат» тақырыбында облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында өткен сурет  байқауындағы үздік жұмыстардан құралған көрмені тамашалады. Содан кейін көпшілік назарына қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау қай кезде де басты құндылық екенін бейнелейтін, табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға үндейтін бейнеүзік ұсынылды. Жиында аймақ  басшысының  орынбасары Мақсат Нұрлыбекұлы туған өлке табиғатына жанашырлық танытқан қоғамдағы маңызды мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Құрметті экологтар, мерекелеріңіз құтты болсын! Табиғат – біздің анамыз. Анамызға қамқорлық көрсету, аялау, қорғау – біздің перзенттік парызымыз. Өндірісті өлкемізде қоршаған ортаны қорғау өте маңызды. Соңғы 3 жылда өңірімізде 70-тен астам маңызды табиғат қорғау шаралары ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғауға 1 млрд. 700 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Экологиялық шараларға тоқталсақ, жылына 300 гектар жерге қара сексеуіл егіледі, нәтижесінде соңғы жылдары 148 гектар жер орман қоры  қосылды. Облыс аумағында құрылған 1 046 746 гектарды құрайтын 7 жергілікті ерекше қорғалатын табиғи аумақ жойылып кету қаупі бар жануарлардың көбеюіне оң ықпалы тигізіп отыр. Сондай-ақ Қарақия ауданындағы Сенек, Маңғыстау ауданындағы Ұштаған, Тұшықұдық, Шебір ауылдарының іргесіндегі құм массивтерінен қорғану мақсатында 3035 гектар аумақта фитомелорация-механикалық жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде өсімдік жамылғысы қалпына келді. Осындай жұмыстар Маңғыстау ауданындағы Сазды, Жарма, Сауысқан ауылдарында да жүргізіледі. Жергілікті атқарушы билік, экология саласындағы мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар және өндірістік мекемелер қоршаған ортаны қорғау, оның сақтау және сауықтыруға бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! – деді ол.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Менингококк инфекциясының белгілері мен алдын алу шаралары

Мереке қарсаңында қоршаған ортаның қамқоршыларының еңбегі еленіп, жетістіктері бағамдалды. Өлкенің экологиялық жағдайын сауықтыруға үлесін қосып жүрген экологтар құрметке бөленді.

Сала ардагерлері мен  мамандары «Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен, ҚР Энергетика министрлігінің «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиында «Таза болса табиғат – адам болар адамзат» тақырыбында облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында өткен сурет байқауының жеңімпаздарына алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар «Жас табиғат жанашыры» аталымымен Ақшұқыр ауылының тұрғыны Ерболат Дәулетұлы марапатталды.

Жиында мерекемен құттықтаған Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкенов ақжарма лебізін білдіріп, өлкеге еңбегі сіңген экологтар Ықылас Ноғаевтың, Кенжебек Төлешовтің отбасына естелік сыйлық табыстады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, кеш ән-жырмен өрілді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз