‘Бұл туралы бүгін Маңғыстау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі мен ветеринарлық бақылау саласы мамандары айтты.

— Биыл Маңғыстау облысында 5 жануардан құтыру қоздырғышы анықталып отыр. Оның екеуі — Жармыш ауылында, үшеуі — Қарақия ауданында, — деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында 2 бас түйе, Қарақия ауданының Бостан ауылында 1 қасқыр, Құланды ауылы аумағында 1 бас жылқы, Құрық ауылында 1 бас түйеге құтыру диагнозы қойылған.

Құтыру диагнозы өлген малдың сынамасы республикалық ветеринарлық зертханаларда тексерілгеннен кейін қойылады. Жалпы ветеринарлық зертханаға облыстан 45 сынама жіберілген. Жоғарыда айтылғандай, олардың тек бесеуінің ғана қорытындысы оң болып шықты.

— 8 желтоқсаннан бастап Жармыш ауылынан 5 патологиялық материал келіп түсті: үш түйе, бір сиыр және бір жылқы. Олардың екеуі оң нәтиже көрсетсе, қалған екеуінен ауру анықталмады. Ал біреуі әлі зертханада тексеріліп жатыр. Қарақия ауданынан түскен сынамалардың үшеуінен ауру диагнозы анықталып отыр. Жалпы 45 материал: 23 түйе, 9 бас ірі мал, 4 жылқы, 4 ит және жыртқыш аңдардан алынды, — деп атап өтті «Республикалық ветеринарлық зерхана» РМК Маңғыстау облыстық филиалының директоры Орысбай Мүйімов.

«Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» РМК Маңғыстау облыстық филиалы мекемесінің өкілдері оқиға орнына келіп, Жармыш ауылында дезинфекциялық және құтыру ауруы шыққан ауладағы өзге малға және сол үйдің тұрғындарына, ветеринар дәрігерлерге егу жұмыстарын бастап кетті. Ол үшін республикалық қордан қажетті мөлшерде ветеринарлық препараттар алдырылған.

— 19 бас мүйізді ірі қараға, 814 бас мүйізді ұсақ малға, 78 бас түйе, 19 жылқы мен 3 итке құтыру ауруына қарсы вакцина егілді, — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Қуанышкерей Мырзатов.

6 ақпаннан бастап ауыл әкімі шешімімен малына құтыру диагнозы қойылған үйдің ауласына шектеу қойылған. Бірақ карантин жарияланған жоқ. Өйткені бұл — бірді-екілі ғана жағдай, Маңғыстау малы жаппай құтыру індетіне шалдыққан жоқ деп мәлімдеді мамандар.

— Карантин жарияланған жоқ. Карантин кезінде бүкіл ауыл жабылып, оған кіріп-шығуға тыйым салынса, ал шектеу қойылғанда мұндай тыйым болмайды. Ветеринариялық заңнамаға сәйкес, малынан құтыру ауруы анықталған үйлердің аула, қораларына ғана шектеу қойылды, — деді Бекмұрат Жүсіпов.

Шектеулер екі айдан кейін өткізілетін қайта тексеру жұмыстарының нәтижесіне сәйкес ауру салдары жойылған жағдайда алынады.

Мамандардың айтуынша, құтырған малдың еті мен сүтін пайдалануға болмайды. Бүгінде олардың базарға түспеуін қадағалау күшейтілген.

— Ауру малдың саттыққа шығу қаупі жоқ. Еттің бәрі сату орындарындағы зертханаларда тексеріледі, — деп атап өтті Бекмұрат Қыдырбайұлы.

Құтыру ауруы үй жануарларына қасқыр, түлкі, қарсақ сияқты жыртқыш аңдар тістеген кезде сілекейінен жұққан деген жорамал бар. Сондықтан қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктері тарапынан өз аумақтарында жабайы жыртқыш аңдардың (қасқыр, түлкі, қарсақ, т.б.) санын анықтау жұмыстары да қолға алынған. Оған қоса облыс тұрғындарына мал ұстау, бағу және ветеринариялық заңнамаларда көзделген тәртіпте өз міндеттерін орындау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені түйе, сиыр  сияқты ірі қара өздігімен жайылады. Сондықтан мамандар малдың иесі ауруды дер кезінде білмей қалуы мүмкіндігін айтады. Брифингте өлген малды тезірек жоймады деп ветеринарлық бекеттердің жұмысына сын айтқан журналистерге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов бұл арыз-шағымдар ескеріліп, қызметтік тексеру жүріп, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Сонымен қатар, облыс басшысының орынбасары егу көлемін анықтауда көптеген факторлар ескерілетінін еске салды.

— Мәселен, сібір жарасы малдың 100 пайызына егіледі. Құтыру ауруына егу көлемі қауіп-қатердің мөлшеріне, өткен жылы аурудың шығуына, метеожағдайға байланысты анықталады. Былтыр түйелердің 50 пайызына егу жұмыстары жүргізілді. Биыл құтыру ауруы анықталғандықтан егу жұмыстары кеңірек қамтылатын болады, — деді Бекмұрат Қыдырбайұлы.

Камшат ӘБДІРАЙЫМ,

Видеоны түсірген автор

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

мал кутыру брифинг

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз