Қара судай сарқыраған ақпарат ағымы бүгінде балалар мен жастар тұрмақ, апталдай азаматтардың да миларын шырмап алғандай. Анасы баласын, баласы әкесін өз қолымен о дүниеге аттандырып, ана сүті аузынан кеппеген жасөспірім де, қырықтың қырқасын артқа тастаған адамдар да бесіктен белі шықпаған ұл-қыздарды зорлап, құлақ естіп-білмеген ауыр қылмыстарға оп-оңай барып жатыр. Әлдекім түгілі, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік те атымен жоқ секілді. Осыдан он шақты жыл бұрын шет елдерде сондай бір жауыздық болғанын естіп, жағамызды ұстайтын болсақ, енді мұндайды шімірікпестен аузымыз барып, айта салатын күйге жеттік. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жерлерде, өз ортамызда небір сұмдықтар болып жатыр. Бұл не сонда? «Әй!» дейтін әже мен «қой!» дейтін қожаның құрығаны ма? Отбасындағы ата-ана тәрбиесінің құрдымға кеткені ме? Сонау ескі заманнан Ислам діні негізінде қалыптасқан ата салт-дәстүріміз, жақсы мен жаманның, обал мен сауаптың арасын айырып көрсететін тағлымымыз қайда?

Осы тектес сан сауалдарға жауап беріп, отанын сүйген иманды ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үстіміздегі жылды «Ислам және отбасы жылы» деп жариялаған болатын. Таяуда Ақтау қалалық Бекет ата мешіті «Ислам және отбасы жылы» аясында алғашқы шара ұйымдастырды. «Жанұя жарасымы» деп аталған жарасымды кездесу «Әсемай» мейрамханасында болды.

Кездесуге шақырылған қонақтардың басым көпшілігі — журналист және түрлі қызметтегі әйелдер, мешіттің әйел жамағаты. Оның мәнісі түсінікті. Сырттағы жұмыс пен үйдегі шаруаны бірдей дөңгеленте жүріп, үйдің берекесі, шаңырақтың ұйытқысы бола білу әйелдердің ғана қолынан келсе керек. Балалардың тәлім-тәрбиесінің де әйелдерге көбірек жүктелетіні тағы бар.

Дастархан басына жиналғандар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Смайл Сейтбеков сөйлеп, Ислам дінінің отбасындағы орны туралы әсерлі әңгімеледі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудың ерекше көріністері (ФОТО)

Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл ұрпақ тәрбиесіне алдымен ананың ықпалы зор екендігін атап өтіп, әдепті де отансүйгіш азаматтарды ұлттық болмысты бойына сіңірген иманды әйелдер  ғана тәрбиелеп шығара алатынын айтты.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан аналар да ата-ананың бала тәрбиесіндегі басты ролі, отбасы құндылықтары жайында өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Осынау шараға қолдау көрсетіп, ақ дастарханын кең жайған «Әсемай» мейрамханасының иелеріне ризашылық білдірген ұйымдастырушылар мұндай игі шараның жыл бойы жалғасатынын айтты.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз