Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы оқушылар арасында викторина ұйымдастырды.

Мақсат – жасөспірім балаларға, оқушыларға Маңғыстаудың тарихын, жер-су атауларын, ескерткіштерін таныту.

Тарихи орындарды қорғау күні бүкіл әлемде атап өтіледі. Биыл 34-жыл тойланып отыр.

Қорық ұйымдастырған шараға Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың оқушылары қатысты. Олар өлке тарихына қатысты материалдар әзірлеп, викториналық сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде екі топқа Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.

Мереке қарсаңында тарихи-мәдени қорық басшысынан осы жылы атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар жайлы сұраған едік.

— «Биыл Маңғыстаудан мемлекеттік қорғауға алынған ескеркіштер қатары 590-ға жетті. Бұрын 490-ның үстінде еді. Соларға «Рухани жаңғыру» аясында кешенді экспедиция ұйымдастыру үшін қомақты қаржы бөлінді. Жан-жақтан шетелден ғалымдар келіп, 6 бағыт бойынша зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде экспедицияның қорытындысы ретінде арнайы кітабы шығарылмақ. Мамыр айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады», — деді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаев.

Бұл экспедицияның ұйымдастырылатыны жөнінде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Орталық Коммуникациялар қызметінде берген сұхбатында айтқан болатын.

Сонымен қатар жалпы ұлттық маңызы бар (макро) қасиетті орындар тізіміне Маңғыстаудың 15 ескерткіші енген.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда сервистік-визит орталығын ашу жоспарлануда

— «Цифрлық Қазақстан» жобасын тарихи ескерткіштерге де енгізу іске асырылып жатыр. Интерактивті карталар жасақталады. Мысалы, «Шопан ата» тетігін басу арқылы ол туралы барлық мәліметті білуге болады. Әрбір ескерткішке барғанда байқасаңыздар, тарихы жазылмайды, тек қорғау тақтайшасы тұрады.  Енді байланыс аясындағы жалпы ұлттық маңызы бар (макро) қасиетті орындар мен өңірлік маңызы бар (микро) қасиетті орындар тізіміне енген 14-15 ескерткішке QR-кодтар да қойылады», — дейді Нұрлан Абызұлы.

Қоықтың алдағы маңызды жоспарларының бірі – «Қылылқала» қалашығын ЮНЕСКО тізіміне енгізу.

— «Маңғыстауға әйгілі брендіміз – Қызылқала қалашығын ЮНЕСКО тізіміне енгізу мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Енді ЮНЕСКО құрамына кіріп, статус алу үшін ғалымдар атсалысу керек. Бұған арнайы қаржы бөлінді».

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз