Биыл Жаңаөзен қаласына 50 жыл толады. Мұнайлы шаһардың өзіндік қаз басу, кемелдену тарихы бар. Ол – еліміздегі алып мұнай кенорындарының біріне иелік етіп отырған «Өзенмұнайгаз» АҚ ұйымдасуына, қарыштап дамуына негіз болған қала. Қалада қоғамға қарасты он алты бөлімшеден өзге мұнайға қызмет көрсететін бірнеше өндіріс орындары бар. Әлеуметтік әлеуеті жыл санап жақсарып, жайнап келе жатқан шаһарда тұрғындар мен мұнайшы балаларына білім беретін 22 мектеп пен жекеменшікті қоспағанда 10-нан астам емдеу-сауықтыру орындары мен 40-тан астам балабақша, сауда және түрлі тұрмыстық қызмет көрсету орындары тұрғындар иелігіне қызмет етуде. 20-ға тарта түрлі деңгейдегі мәдениет орындары, спорт сарайлары мен кітапханалар, дамып келе жатқан кәсіпкерлік құрылымдар күн санап көбеюде. Осылардың иелігіндегі сәнді де сәулетті ғимараттар, стадиондар қаланың әрін келтіріп, көркіне көрік.

Әйтсе де қаланың басты тұрғындары – мұнайшылар. Олар өндірген қара алтын­ның қайтарымы арқасында қала да­муда, адамдардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Мұндағы ұстаз да, дәрігер де, тіпті бала күтімімен айналысып отырған ана да өздерін мұнайшы са­найды. Әр отбасында мұнайшы жұ­мыс жасайды. Сол себептен де қала тұрғындарының басым бөлігінің тұр­мыстары сәнді, өмірлері мәнді. Ба­зарлар мен сауда орындарындағы та­уарлар бағасының аймақтағы ең арзан жері де осы қала. Өйткені қалада қаражат бар болғаннан кейін, жан-­жақтан тауар әкелушілер көп. Басым бөлігі көрші түрікмен мен өзбек елдерінен. Өз жерлерінен екі қолға бір жұмыс таппағандардың көбі Жаңаөзенге ке­леді. Олар жергілікті халықтың қолын ұзартуда, жұмыс күші аймақтың басқа өңірлерімен салыстырғанда мұнда тіптен арзан. Өрісте мал бағатындар да, қалада үй сала­тын да сол сырттан келген ағайындарымыз.

Әйтсе де, қаланың басты байлығы – оның тыныштығы мен бірлігінде. Көрші елдерден күнелтіс қамымен ке­лушілер көп болғанына қарамастан адамдардың ауыз­ біршілігі жоғары. Кездейсоқ қақтығыстар мен тосын уақиғалар болған емес, болмайды да. Осының барлығы жергілікті халықтың парасаттылығы мен сырттан келген ағайындарды кеудеден итермей, «бауырым» деп бауы­рына тартатын қазақтың қанында бар қайырымдылық қасиетінің арқасы.

Қаладағы осындай жақсылықтар мен жайсаң өмір бір күнде бола қалған жоқ. Осыған дейін қала талай қиын кезеңдерді бастан кешті. Бірлік пен татулық арқасында барлығын да жеңді, өсті, өнді… Енді өткен сол бір жылдарға қысқаша шолу жасасақ.

Қара шаңырақтың қадірі

Мұнайлы шаһардан 18 шақырым жерде Қызылсай ауылы бар. Өзен кенорнын алғаш игерушілер сонау өткен ғасырдың 60­-жылдарының басында осы жер­ге атбасын тіреген. Ақ шаңы аспанға айналып жатқан қу тақырлы аймақта тіршілік көзі мұнай барлаушы­лар мен жер байлығын игерушілер келген соң ғана қыза түсті. Келушілер бастапқы кезде жертөлелер мен барақ үйлерде тұрды. Ауызсуды 70 шақырым жердегі «Сауысқаннан» тасып ішті. Көлік те тапшы болды. Кей кездері мұнайшылар кәсіпшіліктерге тракторге жегілген шанамен қатынады.

Ауылдағы жалғыз медпункт те өз жұмысын әуелгі кез­де жертөледе, кейіннен барақ үйден бастады. Дәрігері Атыраудан келген өрімдей жас маман Есбол Жұмашұлы болса, медбикесі Маңдайлы Ерғалиева болғандығын бүгінде біреу білсе де, біреу біле бермейді.

Мектептің жайы да осындай. Алғашқы оқу орнының басшысы Сәнжан Боранбаев бастаған бір топ ұстаз, әлгінде айтқандай, ескі барақ үйлердің бірінде бала оқытты. Оқушылар ай санап көбейіп жатса да, мектеп іші тар, оқулықтар жетіспеді. Сонда да «жоқтан жонып» дегендей, ұстаздар ауыл жастарын білім нәрімен сусын­датты. Бұл орайда Оразғали Оңғарбаев, Тасемен Алда­шев секілді басқа да ардагер ұстаз ағалардың еңбегін айта кеткен орынды. Солардың арасында алғашқы кеш­кі жұмысшы жастар мектебінің тізгінін ұстаған Кен­ған Табылдиев ағаның еңбегі айрықша айтуды қажет етеді. Ол кісінің басшылығымен мұнайшылардың көбі өндірістен қол үзбей оқып, орта білім алды. Жоғары оқу орындарын бітіріп, араларында білікті маман, бас­шы болып келгендері де аз емес. Қазір сол ағалардың ұрпақтары кәсіпшіліктердегі жұмысты ұршықтай үйіріп отыр. Кейіннен Жаңаөзен қаласы салынды. Осын­дай өсу жолы бар Қызылсайды мұнайлы қаланың қара шаңырағы деп атайды. Расында да солай.

Халқымызда «ашта жеген құйқаның дәмін тойғанда ұмытпа» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай сонау бір жылдары кенорнын игерудің елең­-алаңында мұ­найшылардың мекен-­тұрағы болған Қызылсай да өсті, өркендеді. Оны өркендеткен жаңа ғана сөз еткен арда­гер ағаларымыздың қазіргі ұрпақтары. Көбіне қаладағы өндіріс орындарының тізгінін ұстап отырғандар не­гізінен сол ардагер ағалар мен аналардың ұл-­қызда­ры. Олар Қызылсайды көркейтуге үлес қосуда. Ауыл­дың келісті мектебі, балабақшасы, мәдениет сарайы, спорт кешені, бірнеше сауда орындары бар. Қаламен екі араға мұнайшылар қаражатына асфальт жол салын­ды. Әр үйде өмір сүруге қажеттің барлығы бар. Жары­ғы жарқырап, көгілдір отыны маздап, төрінде «көксандығы» сайрап тұр. Ауылдың әкімі бар, ардагерлер кеңесі жұмыс жасайды. Ауызбірлік жоғары. Қалада өтетін той, мерекелер мен мәдени шаралардың, іскерлік басқосулардың көбі алдымен осы ауылдан басталады. Жақында Жаңаөзен қаласының әкімі Ә.Дауылбаев әкімдіктің жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндайтын есеп беру жиынын осы ауылдан бастады. Онда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы іскер әңгіменің арқауына айналды. Тұрғындар Елбасының мақаласын бір­ ауыздан қолдап, әкімнің атқарған қызметін мақұлдап, ақ жол тіледі. Қалаға негіз қалаған қара шаңырақтың қадірі осылайша асқақтап, құрметтелуде.

Береке, бірліктің бесігі

Сол Қызылсай ауылының байырғы тұрғыны, кә­нігі бұрғышы Қойшыбаев Таңбай ақсақалмен әң­гімелесіп отырмын. Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де жүзі жарқын. Тек көзінің айналасын көмкерген әжімдері ғана сонау қиын жылдардың ауыр кезеңдерін аңғартып тұрғандай. Иә, қиын жылдар өтті, кетті. Таңбай аға оны айтып, күңірене бермейді, өскен өмірді, ауыл мен қалада жыл сайын болып жатқан жаңалықтарды, жақсылықтарды айтады. Жай айта салмайды, жаны жадырап, қуанышы қойнына сыймай айтады. Себебі қазіргі жұмақ өмірді жасауға мұның да мол үлесі болды ғой. Мұнай саласында табан аудармай қырық жыл жұмыс жаса­ды. Бұрғышы болды. Сонау терістік беттегі «Қарамандыбас­тан» бері қарай созылып жатқан аймақтың кен қабатына болат бұрғы бойлатып, мұнай, су ұңғымаларын қазды. Әріптестері қазған 6­7 мың ұңғының мұнайшыларға тапсырылып, өнім беріп тұрғанына мұның да мол үлесі бар. Бірақ сол еңбегін анаған да, мынаған да айтып, мақтанып отыратын қасиет қанында жоқ. Мұнайшылар күнінде қара шаңыраққа жинал­ған немере, жиендеріне кенорнының тарихын әңгімелейді. Қызметтес болған достары мен жолдастарының ерен еңбегін айтады.

«Бұрғышылар қазған ұңғымалар негізінде мұнай кәсіпшіліктері бой көтерді. Онда мен тәлім берген азаматтар жұмыс жасайды. Біз бір-­бірімізді бөліп­жармаймыз, бұрғышы да, мұнайшы оператор да бәріміз бірдей мұнайшылармыз. Мұнайдың қай саласында істесеңдер де ауыздарың бір болсын. Бірлік – берекенің алтын қазығы. Бірлігі бекем, тыныштығы тұрақты ел ғана көздеген мұратына жетеді»,- дейді.

Бұл – сексеннің сеңгіріне көтерілген ағаның ұрпақтарына үнемі айтып отыратын өсиет, өнегесі.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұқағалидың туған күніне орай жас ақындар байқауы өтті (ФОТО)

Иә, қазіргі сәні мен сәулеті келіскен мұнайлы қала осындай ардагер ағалар мен апалар еңбегінің арқасында салынды. Қазір қалада 147 мыңға тарта халық тұрады. Оннан астам шағын­ аудан бар. Қала күн санап көркеюде. Оның барлығы жетіқат жер астынан шығып жатқан қара алтынның арқасы.

Мен кейде шаршағанда көше шамдарының алтын нұрына бөленген түнгі қаланы аралап, айрықша бір сезімге бөлене­мін. Сонау ақ шамдары жарқырап тұрған көп қабатты үйлер­дің әр пәтерінде қаншама отбасы бақыт құшып, қуанышқа бөленіп жатыр. Қаншама бөбектің қуанышты күлкісі өмір­дің қызығы мен қуанышын паш етіп, тіршіліктің мәңгілік екендігін баяндауда. Осынау игіліктердің барлығы алдыңғы буын ағаларымыз бен аналарымыздың алтын қолымен жасалды емес пе?! Бұл – қаланың мерейлі мерекесі алдында ескерілетін жайт. Осы пікірімді Жаңаөзен қаласының жаңа әкімі Әділбек Құлынтайұлына да айттым. Ондағы мақсатым күні ке­ше қабылданған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елі­нің үшінші жаңғыруына қалай, қайтіп үлес қосамыз. Осы бір салтанатты сәтімізді қалт жібермей, жалғастыру жолында жан аямай еңбек етіп, осы жылы жарты ғасырлық мерекесі аталып өтілетін мұнайлы қаланың мәртебесін биіктете түсу деген пиғылдан туған еді. Оны тумысында зейінді, табиғатында іскер қала басшысы түсінді. Түсінгені сол, Жаңаөзенді жайнатуды қолға алып жатыр. Соның арқасында қала күн санап құлпыра түсуде. Әсіресе соңғы кездері шаһарда қай салада да жаңару көп. Соның ішінде орта және шағын кәсіпкерлік қар­қын алуда. Өндірістік саланың өркендеуі қазір қай кезден де жоғары. Қала тұрғындарының тұрмысы бұрынғыға қараған­ да жақсара түскен. Қалаға бірнеше мәрте облыс басшысы Ералы Тоғжанов іссапармен келіп, азаматтардың еңбегін ба­ғалап, жаңа нысандарды ашып, іскерлік кеңестерімен бөлісіп, елді қанаттандырып кетті. Бұл да тұрғындардың көңіл күйі­нің көтерілуіне, іс басындағы азаматтардың халық алдынды­ғы парыз бен қарызды терең түсініп, Елбасы Жолдауларында айтылған айшықты міндеттерді орындауға жұмылдырып отырғаны шындық. Осылайша алда болатын мерейлі мереке- ге мұнайлы қала жан­-жақты даярлануда. Оның басты белгісі қала көшелері мен алаңдарының күн санап жайнап, жақсарып, тұрғындар көңіліне нұр ұялатуында.

Иә, «елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Оның мысалы өзім елу жылға таяу тұрып, еңбек етіп жатқан қала дидарынан көрінеді. Оны көркейткен – мұнай байлығын алғаш игеріп, қаланың іргетасын тұңғыш қалаған мұнайшылар мен қала тұрғындарының алғашқы буыны. Ағарып атқан әр таң, жадырап шыққан шұғылалы күн соны айқындайды. Биылғы тойланатын мерекең мерейлі болсын, мұнайлы қала!

Закария ИСАҒҰЛОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз