ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасында Ауған соғысы ардагерлерімен мектеп оқушыларының кездесуі болып өтті.

Елбасының «Мәңгілік ел», «Рухани  жаңғыру-болашаққа бағдар» бағдарламаларының  патриоттық  идеяларын іске асыру, насихаттау мақсатында әскери бөлімде кешенді жоспар жасалған.  Бұл ретте, оқушылардың әскери қызметке деген қызығушылығын туғызу, аға ұрпақтың ерлік дәстүрі үлгісінде тәрбиелеу, жауынгерлердің тыныс-тіршілігімен таныстыру, әскери тақырыпта өнерлі өрендер конкурсын, сапта жүру әскери жаттығулар байқаулары сияқты іс-шараларды  айрықша атауға болады.

Жуырда осындай керемет салтанатты басқосудың басы-қасында болып, ерекше әсерге бөленіп қайттық. Алдымен «Батыс» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары Қанатбек Тыныбеков журналистерге басқармаға қарасты әскери бөлімдердің жылнама беттерінің жарқын деректері, Отан күзетіндегі өрендердің өнегелі істері, ерлік дәстүрі хақында әсерлі әңгімелеп берді.  Жауынгерлердің тыныс-тіршілігін сан қырынан аша берген фотосуреттер бұрышын көріп, Басқолбасшының ел қорғаны-әскерилерге арналған қанатты сөздерін оқып, әскери жандарға деген мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа қанаттандық. Әскери форма киген оқушылардың патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, аға ұрпақтың ерлік істеріне деген құрмет жайында айтқан әңгімелері де ұрпақ сабақтастығы жайлы ойға арна ашқандай.

— «Қайсар» әскери-патриоттық клубына екі жылдан бері мүшемін. Арманым-әскери ұшқыш болу. Ақтөбедегі ұшқыштар мектебіне түскім келеді. Оқуымды жақсы оқып, спортпен айналысып, шынығып жүрмін. Отан қорғайтын сабаздар жан-жақты болуы керек, — дейді Амангелді Асылгерей.

— Өзіме әскери өмір ұнайды. Өз елімнің патриоты болсам деймін. Отанды қорғау-қастерлі борышым. Достарымен бірге жауынгер болуға дайындалып жүрмін, дейді Бекнұр Майданов. Екеуі де Н.Марабаев атындағы 7 мектеп-лицейде 10 сыныпта оқиды. Бүгінгі шараға қатысуға келген оқушылардың бәрі осы оқу орнында оқиды, мектеп  жанынан құрылған «Қайсар» әскери-патриоттық клубының мүшелері.

…Асыға күткен салтанатты жиын да басталды. Алғашқы сөз кезегін ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасының бастығы Тимур Қайырбек алды:

— Кеңес әскерлердінің Ауғанстаннан шығарылғанына 29 жыл толып отыр. Ауған соғысы — ерлік пен қайсарлықтың  үлгісі. Алпыс екі мыңдай екарашыларымыз ауған шекарасы аумағын қорғады. Интернационалист-жауынгерлеріміздің ерлік істері, ауған соғысының қайғы-қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Майдан даласында қыршын кеткен, әскери борышына адалдықтың озық үлігісі бола білген боздақтарымыз есімін естен шығармаймыз, — деді тебірене сөйлеген Тимур Маратұлы.

«Қайсар» клубы мүшелері Ауған соғысында аты аңызға айналған, ерлігімен таң қалдырған, Ахмед шах Масудтың өзі жеке басына 1 миллион доллар тіккен  батыр, арнайы жасақтың командирі, сегіз жүз адамымен тау шатқалындағы күре жолдың бойын бір жыл бойы ұстап тұрған  Қара мойор (Борис Керімбаев) жайында түсірілген деректі фильмді тамашалады.

Бұдан соң  оқушыларға  Ауған соғысының ардагері, шекарашылардың мақтанышы, Никарагуа, Вьетнам, Чехославакия, Ауғанстан сияқты бірнеше елдегі әскери ұрыстарға қатысқан Анатолий Бгансев әскери өмір қиыншылықтары, достарының ұрыстағы ерліктері жайлы әңгіме етті.

Деректі фильмге арқау болған қара мойор (Борис Керімбаев) бүгінде Алматыда тұрады. Ерлік істері, соғыстағы қолданған әдіс-тактикасы, туа біткен қабілет–қарымы дұшпандарын мойындатқан командир батыр қаңтар айында 70-ке толып, ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен майдандас сарбаздарының біразы сол мерейтойға қатысып, Алматыдағы ауған жауынгерлеріне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қыршын кеткен боздақтарға тағзым етіп қайтыпты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ерлік жоққа шығарылмайды

Ауған соғысының ардагері Юрий Лисунов сол сапар әсері, қара мойордың адами қасиеттері жайында сөз етті. Ауған соғысына қатысқан Серік Қайырғалиев  майдан әндерін шырқап, салтанат шырайын аша түсті.

Ия, уақыт өтіп жатыр. Кешегі өндірдейдей жас сарбаздар-бүгінде самайын ақ шалған орта жастан асқан, кейінгі жастарға айтар өнегесі бар, ерлігімен танылған, адамгершілік қасиетімен өнеге болар ардагерлер.  Қыршыннан қиылған боздақтарға деген сағыныш толқыны әнмен бірге әуелеп, ерекше тебірентеді оларды. «Ерлікті мезгіл ұмыттара алмайды, біз тірі тұрғанда сіздер барсыңдар!» дейді ән әуені қалықтап…

      Болат ҮМБЕТОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз