Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері үшін колледж тәрбие жұмысы бөлімінің ұйымдастыруымен Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бас мақаласы аясында «Қазақтың қолөнер шеберлері» атты танымдық-шеберлік сағаты өткізілді. 

Студенттерге тәлімдік тәрбие берер шеберлік сағатының қонағы ретінде ауданымызға белгілі сәулет өнері мен ағаш шебері, кәсіпкер Әлиев Ермұханбет Амандықұлы және ағаш шебері әрі кәсіпкер Мұханбет Бекімұлы шақырылған болатын. Шара барысында оқушылар сұхбаттаса отыра, шеберлерден дәріс алып, бұйымдарды қалай жасау керектігін үйренді.

— Нағыз қол еңбегі жігер мен ынтаны талап ететін қызығы мен қиындығы мол жұмыс. Шеберлік жолындағы ағаларымыздың еңбектеріне таңданбау мүмкін емес. Қызығушылық танытқан оқушыларымызды шеберханаларына шақырып, үйретуге дайын екендерін де айтып жатыр. Біздің колледж студенттері үшін бүгін ерекше шеберлік сағаты болды деп есептейміз. Қанша кездесулер болып жүр, алайда бұл кездесу шараның жөні бөлек секілді. Студенттер әсерінен бірден байқауға болады. Қазақтың қолөнерін дамытып, тынымсыз еңбектің арқасында мол мұрасын сақтап келе жатырған ағаларымызға алғысымыз шексіз, — дейді колледждің оқу-өндірісі жөніндегі орынбасары Айнұр Сұлтанғали.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Тірі адамның атына көше беруге болмайды»

Әлиев Ермұхамбет Амандықұлы 23 мамыр 1970 жылы Ақшұқыр ауылында дүниеге келген. Ата-анасы Ақшұқыр совхозында жылқышы болып еңбек еткен шаруа отбасында өскен. М.Әбдіхалықов атындағы орта мектепті 1988 жылы аяқтап, ауыл ішіндегі АСУ-80 жол мекемесінде суретші – безендіруші болып қызмет бастаған. 1989 жылы Ақтау қаласындағы СПТУ-1, қазіргі политехникалық колледжінде оқып, қызыл дипломмен аяқтайды. 1990 жылы облыстық қорық мұражайында директор әрі сәулетші болған Мақсұт Нұрқабаевпен танысып, сол жерде тас өнері мен сәулет өнерін үйренуді қолға алады. Бұл бастамасы да еңбегінде көрініп, өз бағасын ала бастайды. Алғашқы тас өнеріндегі қолтаңбасы Ақкетіктегі Мұрын жырау құлпытасын жасаумен басталады. Сол жылы күзде, қазақтың дүл-дүл ақыны Қашаған Күржіманұлына Шайыр жеріндегі «Қырықкез» қауымындағы күмбез тамын шебер Мақсұт Нұрқабаев басшылығымен салып, сәулет өнеріне тағы бір күмбез тарту етеді. Осы жұмыстардан соң 1993 жылы батыр, би болған Иса Тілембайұлына да күмбез салу бұйырады. Содан бастап шебер өмірінің жазы там салу, тас өнері де, қысы – домбыра жасау, ағаш жону кәсібімен өтіп жатыр. Оның сәулет өнеріндегі қолтаңбасы еліміздің барлық аймақтарында бар десек, артық айтқандық емес. Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Балқаш, Астана, Тараз, Шымкент, Қызылорда сияқты ірі қалаларда шебер қолтаңбасын көруге болады. 2006 жылы Оралда Мұхит күмбезін жасаса, 2007 жылы батыр Сырым Датұлы кесенесін жасаған. Республикалық «Үкілі домбыра» байқауына қатысып, бас жүлдеге ие болған кейіпкер студент жастарға бабадан қанмен жалғасқан өнер киесін ұқтырар әдемі сырласу шеберлік сағатының қонағы болды.

Өз тілшімізден

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз