Жер бетіне ажал ұрығын шашып жүрген есірткі деген аджаһамен бетпе-бет келмеген ел жоқ шығар. Кейбір мемлекеттер үшін есірткі айналымының мол пайдасы да бар екендігі жасырын емес.

Бүкіл әлем нашақорлары жыл сайын 3 мың 700 тонна есірткі тұтынады десек, бұдан түсетін жылдық кіріс 600 миллиард АҚШ долларындай болатын көрінеді. Бұл есірткі айналымына таяудағы екі-үш ғасырда тосқауыл қойылуы мүмкін еместігін аңғартса керек. Ал қатарын күннен күнге арттырып жатқан есірткіқұмарлардың басым көпшілігі 18-40 жас арасындағы тепсе, темір үзер шақтағы азаматтар. Тіпті, мектеп қабырғасында ойнақтап жүрген балалар мен болашақ аналар да аз емес. Олардың бірі есірткіні мөлшерден артық пайдаланудан қайтыс болып жаста, өзгелері ортақ бір ине пайдалану салдарынан АИТВ/ЖИТС, енді бірі «С» геппатиті, туберкулез секілді қауіпті аурулардан көз жұмуда. Олардың жұбайлары мен ет жақындарына ауру жұқтырып, жұқпалы ауру таратып жүргендері қаншама. Нашақорларды емдеумен айналысатын мекемелерден құлан-таза айығып шығып жатқандары некен-саяқ екендігі де құпия емес.

Жақында Ақтау қаласында өткен «Қазақстан Республикасында АИТВ жұпасының алдын алу үшін опиоидтық ауыстырмалы терапияны (ОАТ) енгізу» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен және ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Республикалық орталықпен серіктесіп, «Орталық Азияның Еуразия қоры» ҚҚ мен Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) «Тиімді басқаруды қолдау бастамасы» бағдарламасының қолдауымен «Қазақстан Республикасында опиоидтық алмастыра емдеуді дамыту келешектері» жобасының аясында «Амансаулық» қоғамдық қоры ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда нашақорларды метадонмен емдеу мәселесі көтерілді.

Оны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев ашып, жүргізіп отырды. «Амансаулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова есірткі тұтынушыларға есірткі орнына метадон дәрісін беріп, емдеу әдісі туралы әңгімеледі. Бұл әдіс еліміздің 7 аймағында, 10 қаласында қолданылып жүргенін айтты.

Астана қаласындағы «Республикалық психатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы» мекемесі филиалының директоры Әлия Нұрғазина тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстау өңірі үшін ЖИТС-тің алдын алу шараларын күшейтудің маңызы зор екендігін, ол үшін ауру жұқтыру қаупі жоқ метадон дәрісін пайдаланудың артықшылығы туралы баяндады.

Жаһандық қордың туберкулез, безгек және ЖИТС-пен күрес жобасын Қазақстандағы жүзеге асыру тобының АИТВ компоненті бойынша ұлттық үйлестірушісі Татьяна Давлетгалиева метадонның тиімді жақтары, оны пайдаланған науқастардың жағымды көрсеткіштері жайында хабардар етті.

Маңғыстау облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатова АИТВ жұқпасы және Маңғыстау облысының эпидемиологиялық ахуалын баяндаса, облыстық наркологиялық диспансер дәрігері Инесса Ганюшкина диспансерде емделген науқастар туралы ақпарат берді.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан түрлі салалар мамандары, қарапайым азаматтар мен нашақорлар ұсынылған жаңа әдістің жағымды-жағымсыз жақтары туралы сауалдарын қойып, соған байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Еліміздің әр азаматының тағдырына, ұлт болашағына және күллі адамзат келешегіне барып тірелетін бұл ауқымды мәселе төңірегінде қызу пікірталас болды.

Нашақорлар арасында АИТВ/ЖИТСтің және инъекция арқылы жұғатын басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу үшін пайдаланылатын метадон дәрісі туралы мақала  алда жарияланады.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз