Ақтауда өткен «Жас. Жалын. Жаңғыру» Каспий маңы елдерінің І халықаралық жастар форумына қазақтан шыққан вундеркинд Абзал Мырзаш пен оның әкесі Дәуренбек Мырзашұлы қатысқан болатын. Мектепті 12 жасында бітірген дарынды бала қазір еліміздің ең үздік университетінің бірінде оқып жатыр.  Біз есте сақтау қабілеті ерекше баланың өзі мен әкесінен сұхбат алған едік. Оқи отырыңыз.

 – Дәуренбек Мырзашұлы, Абзалдың ерекше қабілетін қашан байқадыңыз?

– Оның есте сақтау қабілетінің жоғары екенін екі жасында байқадым. Сол кезде ол автотұрақтағы көліктердің маркасын бір көрсеткеннен есте сақтап, бірнеше күннен кейін шатастырмай дəл айтқанына таңғалдым. Осыдан кейін əріптерді үйретуді ұйғардым. Екі жасында әріптердің бәрін білді. Содан соң əріптерді қосып оқуды және жазуды үйреттім. Үш жасында газет-журналдарды еркін оқи беретін болды. Сонымен қатар, алғашында 100-ге дейін санап үйренген бала менен әрі қарай қандай сан болады деп сұрады. Сосын триллионға дейін санауды үйреттім. 4 жасында көбейту кестесін жаттап, екі-үш таңбалы сандарды ойша көбейтіп, бөле беретін. Оның білімге деген құштарлығын көріп, көбірек үйретуге тырыстым. Бес жасқа толған кезде балам «Жер сілкінісі қалай пайда болады? Күн мен жердің арасы қанша шақырым?» деген күрделі сұрақтарды қоя бастады. Сосын мен саған дұрыс түсініктеме бере алмаспын деп, өзіңді қызықтыратын нəрселерді өзің тауып оқы деп арнайы əдебиеттерді алып бердім.

– Ал мектепке неше жасында бердіңіз?

– Мектепке бес жасқа толған соң бердік. 1, 2, 3 сыныптарда алғырлығымен, зеректігімен көзге түсті. 4 сыныптың сабағы басталардан бұрын алдағы жылдың кітабын таратты. Абзал сол оқулықтарды қызыға оқып, бүкіл бағдарламаны екі аптада оқып бітірді. Ол 4 сыныпта оқудың қызық еместігін айтқан соң, мектепке өтініш жасап, 5-ші сыныпқа көшірдік. Абзал 5-ші сыныптың бағдарламасын да жаңа жылға дейін оқып тастады. Бірақ мектеп директоры бір жылда бір-ақ секіруге болатынын айтты. Содан ол 5-ші сыныпта отырып 6-шы сыныптың оқу бағдарламасын игерді де, күзде барлық пəннен емтиханды беске тапсырып, 7-ші сыныпқа көшті. Осылайша, 6-шы, 8-ші, 10-шы сыныптарды аттап оқып, 12 жасында мектеп бітірді.

– Абзалдың ерекше зеректігі сіздерге әсер етті ме?

– Әрине, Абзалдың білімге құштарлығы біздің өмір сүру қарқынымызды екі есеге тездетті. Ереже бойынша, жылына бір-ақ секіртетін болғандықтан оны оқу жылының келесі жартысында бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, таеквандо жəне суға жүзу сияқты спорттық секцияларға қатыстыратынмын.

– Аға, Абзалдан басқа неше балаңыз бар?

– Үш баламыз бар: Абзал, одан кейін Сұлтан және Іңкәр.

– Сіздің басқа балаларыңызда мұндай қабілет бар ма?

– Басқа балаларым да мектепке бес жасынан барған. Олар да үздік оқиды. Әр түрлі республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері. Бірақ олардан Абзал сияқты алдын ала оқып тастап, келесі сыныпқа көшемін деген талпыныс көрмедім.

– Баласының бойынан осындай ерекше қабілет байқаған ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Баланың бойынан ерекше қабілетті байқаған жағдайда, оған барлық жағдайды жасап, баланың бетінен қақпау керек. Қолдау көрсету керек. Дер кезінде дұрыс бағыт-бағдар беру керек.Абзал мен әкесі

– Әңгімеңізге рахмет! Енді Абзалға көшсек. Абзал, 12 жасыңызда мектепті тәмамдап, университетке түсу қиын болмады ма? Бір жылда екі сыныптың бағдарламасын оқу күрделі емес пе?

– Жоқ, оқубарысында ешбір қиындық туған жоқ. Мұның бəрі оқуға қызығушылықтың арқасында болды. Тек сыныптан сыныпқа аттаған сайын жасы өзімнен үлкен балаларға үйрене алмай жүретінмін.

– Абзал, 12 жаста мектеп бітіру үшін бастысы не керек?

– Мұның бəрі ғылымға деген қызығушылықтан пайда болды. Қазіргі білім саласының мəселесі – балалар пəндерді не үшін оқу керектігін түсінбейтіндігінде. Оқушылар мектеп пәндері өмірде қажеті болмайды деп ойлайды. Меніңше, олар өздері қызығушылық танытуы керек немесе мұғалім мен ата-ана қызықтыруы тиіс.

– Әкеңіз ағылшын тілін жетік меңгергеніңізді айтты. Қазір ҚБТУ-да оқисыз. Мамандығыңыз өзіңізге ұнай ма, әлде ата-ананың ықпалы болды ма?

– Ақпараттық технологияға қызығушылық бірден пайда болған жоқ. Басында əкем сияқты кардиохирург болсам деп ойлағам. Бірақ əкем бізге еліктеп дәрігер болам десең қателесесің, өзіңе ұнайтын мамандықты таңда деді. Мектепте математика, физика пəндері қатты ұнайтын. Математика, физика, химия, биология, информатика сияқты жалпы сегіз пəннен олимпиадаға қатысып, республикалық, халықаралық олимпиадалардан жүлдегер болдым. Ал, 9-шы сыныпта ақпараттық технология мамандығы ұнай бастады.  Техникалық ғылымдарға қызыққаннан КБТУ-ға түстім. Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Бір ай ғана өтті ғой, еш қиындық жоқ десем де болады. Дəрістің бəрі ағылшын тілінде өтеді.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда нанотехнология қандай деңгейде?

– Нанотехнология тек Қазақстанда ғана емес, дүниежүзінде де дамымаған десе болады. Оның ашылмаған, зерттелмеген сыры көп. Мен сырларын ашуға талпынып жүрмін.

– Болашаққа жоспарыңыз қандай?

– Университетті бітірген соң АҚШ-тағы МІТ (Массачусетс технология институты) магистратурасы мен докторантурасына түскім келеді. Сосын елге келіп, бүкіл адамзатқа пайдасы тиетін дүниежүзілік жаңалық ашып, нанотехнология саласында өзгеріс жасағым келеді.

– Арманыңыз орындалсын!

Сұхбаттасқан Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз