Қазақтың тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың қамшының сабындай қысқа да жарқын ғұмырын баяндайтын «Әміре» фильмі «Жалын» кинотеатрында қайта көрсетілімге шықты. Ә.Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильм көрерменге ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап жол тартқан болатын.

— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламалық мақаласы аясында түсірілген «Әміре» фильмі қазақтың асылын танытып, өсіп келе жатқан жас өрендердің Еуропада бірінші болып қазақ әнін әуелеткен әнші жайында білуіне үлкен мүмкіндік туғызды. Сол себепті де, кинотуындыны қайта үлкен экранға шығаруды жөн көрдік. Бұл ойымыздың жүзеге асуына жеке кәсіпкер «Жалын» кинотеатрының иесі қолдау танытты. Билет құнынын 4 есе арзандатып, қазақ үшін аса маңызды тұлға жайындағы фильмді тұрғындардың көруіне жағдай жасады. Бүгінгі көрсетілімде фильмді қала әкімі мен ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, білім саласының қызметкерлері тамашалауда, — дейді Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева.

«Әміре» фильмі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлестікте түсірілген. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында, соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілген. Фильм 1925 жылы Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes аясындағы дүниежүзілік музыка конкурсына аттанған, КСРО делегациясы қатарындағы өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденіп, күміс медаль таққан, Еуропа жұршылығына алғаш болып қазақтың дәстүрлі ән орындау өнерін және ұлттық аспап домбыраны паш еткен Әміре Қашаубаевтың өмірін баяндайды. Туындыда әншінің репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Рамазан — рухани жаңғыру айы

«Әміре» фильмінің қоюшы-режиссері америкалық Джеф Веспа, операторы Максим Осадчий, сценарист Бенжамин А. ван дер Вин. Басты рөлдерде отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) пен Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай). Сонымен қатар, фильмде британдық актер Бен Алдридж және танымал австралиялық актриса Эбби Корниш, т.б. актерлер қатысқан.

Жазира АҚБЕРГЕНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз