Бұл туралы Ақтау қаласына жасаған сапарында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің Астрахан облысындағы уәкілі Ренат Қалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, өзара тиімді қарым-қатынас орнату және серіктестік байланысты нығайту мақсатында Астрахан кәсіпкерлері Қазақстанның аймақтарын аралауға арнайы шығыпты.

Ақтауға ат басын бұрған ресейлік кәсіпкерлер алғашқы кездесудің бірін «Маңғыстау индустриалдық палатасы» Заңды тұлғалар бірлестігінде өткізді. Уәкіл Ренат Қалиев атап өткендей, Қазақстан мен Ресей облыстары арасындағы достық, мәдени және іскерлік байланыс жылдан жылға артып келеді.

-Бір кездескеннен келісімге келу оңай емес. Бизнеске деген үлкен жауапкершілікпен жақындау керек, ол үшін уақыт қажет және аймақтарды тұрақты түрде аралау керек деп есептеймін. Алдағы уақытта Маңғыстау мен Астрахан арасында алтын көпір орнап, ынтымақтастық жаңа деңгейге шығады деп сенемін. Бірлескен кәсіпорындардың құрылуына өзіміздің тарапымыздан барынша жұмыстанамыз, соның бірі ретінде осы сапарымызды айтуға болады. Сондықтан да әр облыстың бизнес климаты мен потенциалдық мүмкіндіктерімен танысып жүрген жайымыз бар,-деді Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігінің Астрахан облысындағы уәкілі Ренат Қалиев.

Астрахан облысынан келген кәсіпкердің бірі «Термит» кәсіпорнының бас директоры Евгений Тюшев жетекшілік ететін мекеме кеме жөндеу, кеме жасау және коррозияға қарсы өңдеу жұмыстарымен айналысатыны жеткізді. Мекеменің алға қойған жоспарларымен бөлісіп, атқарған жұмыстарын айтып берді. Қазақстаннан түсіп жатқан тапсырыстар Астраханда орналасқан кеме жасау зауыттарында табыс көлемін арттырып отырғанына тоқталды.

-Біздің басты мақсатымыз-барынша тиімді әрі сапалы кеме құрылысы бойынша көрсетілетін жұмыстарды халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізу болып табылады. Қазақстандық флоттың дені біздің зауытта келіп, сапалы қызмет алып жүр. Маңғыстауға жасаған жұмыс сапарымызда Түпқараған ауданында болып, «Wagenborg» және «ҚазақТеңізКөлікФлоты» сияқты теңіз компанияларының басшыларымен кездесу өткіздік,-деді ол.

Айта кету керек, Ресейдің Астрахан өңірінде Қазақстан капиталының қатысуымен 43 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар көбіне көтерме сауда, көлік және байланыс, құрылыс, қайта өңдеу, балық шаруашылығы салаларын қамтыған. Астраханда өндірілетін тауарларда Қазақстанда сұранысқа ие: әсіресе құрылыс материалдары, азық-түлік пен басқа да шаруашылыққа қажетті өнімдер.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз