Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының туған өлкесі Маңғыстау өңірі білімнің биік шыңына ұмтылған еліміздің дарынды ұландарын қарсы алды. Кеше «Хан Шахар» салтанат сарайында «Әбіш оқулары» I республикалық байқауының салтанатты ашылу шарасы өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған бай­қауға республикамыздың барлық өңірлерінен келген 16 команда құрамында 160 оқушы бақ сынайды. Әр облыстың 8­11 сынып оқушыларынан құ­ралған, Алматы мен Астана қалаларының, республикалық мектептер мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің командалары 4 бағыт бойынша ой жарыстырып, білім сайыстырады. Онда оқушылар «Иллюс­трациялық суреттер» бағыты бойынша Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстра­циялық суреттер салу, Ә.Кекілбаев про­засы мен поэзиясынан «Мәнерлеп оқу», «Шығармашылық жұмыс» бағытында жазу­шының шығармалары бойынша зерделеу жобасын қорғау, сондай-­ақ Әбіш шығар­маларынан сахналық қойылым көрсетулері керек.

Ұрпақ үшін үлгі­-өнегеcі мол кешке жазушының өмірлік жары Клара Жұ­мабайқызы арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов Әбіш Кекіл­баев әлемі туралы тереңінен ой қозғап, көпшілікті тебірентіп тастады.

«Армысыздар ардақты қонақтар, қадір­лі Клара апа, құрметті Әбіш оқуларына қатысушы жастар. Қасиетті Маңғыстау жеріне қош келдіңіздер! Республикада бо­лып жатқан бұл бастамалардың барлығы – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» идеясы аясында іске асырылып отырған игілікті шаралар. «Әбіш оқулары» байқауына Маң­ғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өзінің ыстық ықыласы мен кең пейілін біл­дірді. I республикалық «Әбіш оқулары» байқауы алғаш рет өткізіліп отыр. Бүкіл республикамыздан топты жарған небір дүлділдер, жақсы мен жайсаңдар бүгін қасиетті Маңғыстау елінде бас қосты. «Ат шаппайды, бап шабады, бап  шаппайды, бақ шабады» дейді дана халқымыз. Бар­лықтарыңызға Алла бақ берсін, бүгінгі «Әбіш оқулары» байқауында тек биіктен көрінулеріңізге тілектеспіз. Шопан атаға барғанда мешіттің ішкі қабырғасында кіш­кене ғана арабша жазылған сөздер бар. Оның мағынасы: «жазу – мәңгілік, өмір – жалған» дейді. Мынау жалған өмірде қаламды серік еткен адам мәңгілік, ғасырдан ғасырға, ұр­пақтан ұрпаққа жетеді. Біздің Әбіш аға­мыздың еңбегі, қолтаңбалары да ғасырдан ғасырға жалғасады. Оның жарқын дәлелі – бүгінгі сіздердің бас қосып жатқандарыңыз.

«Маңғыстауда Онды дейтін ауыл бар,
Ол ауылда қайсар мінез қауым бар.
Маңғыстауда бір ғасырды күттірмей,
Жыл айналып туылады дарындар».

Бұл Маңғыстау мекенінде жыл сайын да­рындар дүниеге келетіні шындық. Себебі ке­шегі біздің Бекет атамыз, қарадан хан шыққан Тобанияз, бүгінгі Әбіш ағаларымыз, барлы­ғы осы қасиетті топырақтан туды. Сіздер­дің барлықтарыңыз Әбіш әлеміне ендіңіз­ дер. Ол кісінің шығармаларын, повестерін, романдарын, аудармаларын оқыдыңыздар. Сол туындыларға қанып, бүгін байқауға келіп отырсыздар. Бірақ қарапайым өмірдегі Әбішті білесіздер ме?» – деп Мақсат Нұрлы­бекұлы байқауға қатысушы жастарға ой тастап, Әбіш Кекілбаевтың өмірдегі бол­мыс­-бітімін баяндап берді.

«Иә, ол кісі қандай азамат болды, қандай жар, қандай бала, қандай әке болды? Ең бірінші дүние – осы жағында. Қазақта «Аза­мат болар жігіттің ат төбеліндей белгісі бо­лады» деген жақсы сөз бар. Әбіш ағамыздың ат төбеліндей белгісі кім еді? Өз дәуірінде ақсақалдар ат төбеліндей белгісі бардың үш белгісіне қараған. Оның жан бесігі қандай? Тал бесігі қандай? Жер бесігі қандай? Әбіш ағамыздың жер бесігі қасиетті Маңғыстау­дың жері еді. Бұл Маңғыстауда біздің Пір Бекет, 362 әулие, Тобанияз хан, кешегі Әбіш ағамыздың жетінші атасы – елге, халыққа қамқорлығымен аты шыққан Қожаназар  еді. Міне, Әбіш ағамыз осындай жер бесік­тен шықты. Ол кісінің жан бесігі кім? Әбіш ағамыздың жан бесігі– асыланамыз Айсәуле. Асыл ананың құрсағында жатып осы халық­тың жақсылығымен сусындады. Ал оның тал бесігін кім тербетті? Маңғыстаудан шыққан жеті қайғы, бес жүйрік, кіл жақсы мен жайсаңдардың, дуалы ауыз ақындар мен билердің сөзімен тәрбиеленді. Сондықтан, міне, осындай үлкен үш бесіктен нәр алған Әбіш ағамыздың Әбіш болмауға хақысы жоқ еді, ағайын. Сіздер еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігіне «бұл қандай ел» деп келдіңіздер. Ендеше,

Алты алашта түгел білген атын жұрт,
Жат түгілі қаймығатын жақын жұрт.
Батыс жақта Маңғыстаудай бір ел бар,
Баққандары байлық емес, батырлық,– дегендей, сіздер батыр елге, ақын елге, дара, жарқын елге келдіңіздер. Ұлы тұлғалардың барлығы тек шығармаларымен ерекшелен­ бейді. Ең әуелгісі – үй-­ішінің бақыты. Өз әулетінде бақытта адам – өмірде де бақытты. Кешегі Мәшһүр Жүсіпке келген Абай хәкім: «Құдай қайда? Тозақ пен жұмақ қайда?» деп сұрайды. «Абайдың Құдайы қайда екенін білмеймін. Менің Құдайым – жүрегімде. Ал тозақ пен жұмақ әркімнің отының ба­сында. Әйелің ақылды болса – жұмағың, ақымақ болса – тозағың» деп жауап берген екен. Ал біздің Әбіш ағамыздың жұбайы – жұмағы еді. Ол кісі отбасында бақытты бол­ды. Үйінде бақытты адам ғана елді, әлемді тәрбиелей алады. Оның жүрегінен әлем таң қалатын шығарма шығады. Клара апамыз – асыл жар болды, осы кісінің аузынан ағамыз туралы ғибратты әңгімелер естідік.  Кла­ра апамыз – тектілігімен, жүректе тұнған имани байлығымен баршамызға үлгі. Алла апамыздың өмір­-жасын ұзақ қылсын.

Құрметті қонақтар, қадірлі жастар. Әбіш оқулары тек қана оқумен шектелмейді. Әбіш ағамыздың әр кейіпкерінде қазақтың мінезі бар. Біздерді жақсы аға, жақсы іні болуға, елдің қамын ойлайтын жақсы аза­мат болуға тәрбиелейді. Әбіш Кекілбаевтың әр шығармасы біздерді жаманшылықтан сақтайды. «Рухани жаңғыру» аясында туған елдің тау тұлғасы Әбіш әлеміне еніңіздер, ой түйіңіздер. Әбіш ағамызға деген сағыныш арамызды жалғап тұрсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деп Мақсат Сқақов жүрекжарды тілек-­ниетін жеткізді.

Жазушы мұраларын тереңірек танытуға арналған игілікті шарада Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабайқызы бұл байқаудың маңыздылығын атап өтіп, жазушымен бірге кешкен өнегелі өмірінен естеліктер айтты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда тоқыма зауыты салынады

Бүгінгі Әбіш аталарыңның ал­ғашқы республикалық бай­қауына келіп, өнерлеріңізді ортаға салғалы отырғандарыңызға қуаныш­тымын. Талаптарың оң болсын! Әбішпен 15 жасымнан бері ғұмырымды өткізіп кел­дім. Әбіш мектепке бармай, жата-­жастанып кітап оқитын. Бала болып ойын қумапты. Маңғыстаудың тау­-тасын, ой­қырын түгел білетін. Оны өзінің шығармаларында да жазып кетті. Мектеп кезінде ауылдағы мә­селелерді тиек етіп, сын мақалалар жазды. Ұшқырлығын байқаған үлкендер мәжіліс-­жиындардан қалдырмайтын. Ке­зінде «Лениншіл жас» деген газетке шық­қан мақалаларына қарап бала Әбішті көп кісі үлкен адам деп ойлады. Міне, жаста­йынан ойы озық болған Әбіш аталарың қаламды өміріне серік етіп, үлкен­-үлкен шығармаларын қалдырып кетті. Әбіш есімі еліне ғана емес, әлемге де танылды. Орыс, неміс, түрік, венгр, қытай, ағылшын, басқа да шет тілдерге кітаптары аударылды. Әбіштің атын өшірмей, асқақтатып жүрген баршаңызға алғысымды айтамын. Кітап оқу – қашанда маңызды дүние. Қай сала­ны таңдап, қандай мамандықты меңгерем десеңіздер де кітапсыз, білімсіз жол жоқ. Жастардың болашағы жарқын болсын. Көп рахмет!» – деді Клара апа.

Қайсар рухты ақын Сабыр Адай Әбіш мұралары жайында «Біздің міндетіміз – ен­дігі қалған жерде Әбіштің мұрасын ақыл­ мен саралап, арымызбен аялап оны ұрпақ­тан­ұрпаққа жалғастыру. Әбіш әлемінің шырағын тарих, өркениет өзі жағатын бо­лады. Біз соған үлес қосып қалуымыз керек. Енді Әбіш әлемін зерттеу мен зерделеу бас­талады. Әбіштану ғылымы қалыптасады. Әбіштанушылар шығады» деп шын бағасын берген де болатын. Астана қаласынан кел­ген ҚР Білім және ғылым министрлігі «Да­рын» республикалық ғылыми­-практикалық орталығының өкілі Зәуре Аманова байқауға қатысушы командаларды айтулы күнмен құттықтай келе, білімпаз жастарды жазушы шығармаларын жан­-жақты зерделеп, таныта түсуге шақырды.

Құрметті қонақтар, қадірлі ұс­таздар, оқушылар. Сіздерді ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Дарын» орталығының атынан алғаш рет қолға алынған Әбіш оқуларының ашылуымен құттықтаймын. Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевты білмейтін қазақ кемде­-кем шығар. Әбіш атамыз – сан қырлы дарын иесі. Ол – XX ғасырдағы қазақ қауымының, күллі түркі әлемінің заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сияқты алдыңғы толқын мұрагерлері­нің бірі. Сіздер бақытты ұрпақсыздар.  Әбіш атамыздың туған жеріне келіп, тұлға мұраларымен тереңірек танысуға мүмкіндік алдыңыздар. Әбіш оқулары байқауы биыл бірінші рет өтіп отырса, алдағы уақытта бұл шараны халықаралық деңгейге жеткізуіміз керек. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін»,– деді Зәуре Малғаждарқызы.

Қазақтың біртуар ақыны, Халықаралық Физули сыйлығының лауреаты Тұманбай Молдағалиев Әбіш Кекілбаевтың шығар­ машылық қасиеті жайында былай деп қалам тербеген екен. «Жазушының тілін­де де, ділінде де мін жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезімтал, бәйгенің алдынан ғана келетін тұлпарларға ұқсатам мен Әбішті. Ал аспанға қарасам оның жұлдызын оңай тани­мын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шо­лохов, сол Айтматов, сол Нұрпейісов жұл­дыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгі жанатын жұлдыз», – дейді ақын.

Әбіш есімін туған елінен асқақтатқан шарада белгілі сазгер Есенбай Құли қа­ламгердің сөзіне жазылған «Дәуренім ме­нің» әнін шырқап, жиылған қауымға әсерлі сезім сыйлады. Өлкемізге танымал аға­йынды Асқар және Асанәлі Көшеровтер Ғ.Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан» әнін айтса, «Шабыт» күйшілер триосы күй­лер композициясын орындап, көпшіліктің көңілін шалқытты. Маңғыстау өңіріне алғаш рет гастрольдік сапармен келген эстрада әншісі Мәдина Сәдуақасова шараның ашы­луына шашу шашып, әсем әнімен тербетті.

I республикалық «Әбіш оқулары» байқауы аясында дарынды балаларды Әбіш әлемі­ мен жақынырақ таныстыру үшін жазушы­ның туған жері – Онды ауылына саяхат, С.Қондыбай атындағы мемориалдық му­зейін аралау, «Отпан тау» тарихи­-мәдени кешеніне саяхаттар ұйымдастырылады.

Жайық НАҒЫМАШ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз