Ақтау қаласында 12-14 сәуір күндері Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын танытуға арналған «Әбіш оқулары» I республикалық байқауы өтіп, шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 16 команда қатысты.

Байқау ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының, Маңғыстау облысының білім басқармасы және «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының қолдауымен өтті. Байқауға қатысқан 16 команда 4 бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, «Иллюстрациялық суреттер» бағытында – Ә.Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер  салу, «Мәнерлеп оқу» бағытында – Ә.Кекілбаевтың шығармаларын (прозасы, поэзиясы)  мәнерлеп үзінді оқу, «Шығармашылық жұмыс» бағытында – жазушының  шығармалары бойынша зерделеу жобасын қорғау, «Сахналық қойылым» бағытында – Ә.Кекілбаевтың шығармаларынан  сахналық қойылым көрсету.

I республикалық «Әбіш оқулары» байқауы аясында озат ойлы оқушылар Әбіш әлемін жақынырақ ұғына түсу үшін жазушының туған жері – Оңды ауылына саяхат жасап, С.Қоңдыбай атындағы мемориалдық музейін аралады, сондай-ақ, «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенімен танысты.

Байқау күндері командалар Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр тартқан оқиғаларды сахналап, әртүрлі қойылымдар жасады. Жазушының прозалық, поэзиялық туындыларын нақышына келтіріп оқып, шығармашылығына да тереңдей еніп, зерттеу жұмыстарын ұсынды. Байқау қорытындысында қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Қазылардың ортақ шешімімен Иллюстрациялық сурет салу  бағыты бойынша І орынды Батыс Қазақстан облысы, ІІ орынды Алматы және Астана қаласы, ІІІ орынды Ақтау қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі, Оңтүстік Қазақстан облысы және Жамбыл облысы оқушылары алды. Сондай-ақ, «Тәуелсіз қазылар көзімен» номинациясымен Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №16 орта мектебі, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Қызылорда облысы Шиелі ауданы №49 мектебі оқушылары марапатталды.

«Зерделеу жоба» бағыты бойынша І орынды Жамбыл облысы, ІІ орынды  Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы, ІІІ орынды Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы мектептерінің оқушыларына, сондай-ақ, «Жас әдебиеттанушы» номинациясы Атырау облысы Исатай ауданы, «Жас дарын» номинациясы Алматы қаласына берілді.

Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын мәнерлеп оқу бағыты бойынша І орын Қызылорда облысы, ІІ орын Маңғыстау облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Астана қаласы оқушыларына лайық деп танылды. «Ырғақты дауыс мәнері» номинациясы Батыс Қазақстан облысына, «Көрермен көзайымы» номинациясы Алматы қаласына бұйырды.

Жазушы шығармаларынан сахналық қойылым бағыты бойынша І орын Назарбаев  Зияткерлік мектебі (Атырау қаласы), ІІ орын – Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, ІІІ орын – Павлодар қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақтау қаласы мектебінің оқушыларына берілді. Бұдан бөлек, «Үздік сценарий» номинациясымен Атырау қалалық лицейі, «Үздік сахналық костюм» номинациясымен Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы  №3 Явленка орта мектебі,  «Көрермен көзайымы» номинациясымен Алматы қаласы № 148 орта мектебі марапатталды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Үй не жабайы жануар тістеген жағдайда не істеу керек?

Байқауға қатысып, үздік шыққан жеңімпаздардардың барлығына ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының сертификаттары, арнайы номинация иегерлеріне және жеңімпаз оқушыларға  І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар және планшет, ұялы телефон, портативті зарядтау құрылғысы сынды бағалы сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, Әбіш Кекілбаевтың ұрпақтары байқауда ерекше көзге түскен жастарға арнайы ақшалай сыйлықтар табыстады.

Жайық НАҒЫМАШ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз