Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында эхинококкоз ауруының 30 жағдайы тіркелді, 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіші – 4,46. 2016 жылмен салыстырғанда ауру деңгейі 1,8 есеге өсіп отыр. Бұл жайында Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен жиында айтылды.

— 14 жасқа дейінгі балалар арасында эхинококкоз ауруының 7 жағдайы тіркеліп, барлық ауру жағдайының – 23,3%-ын құрап отыр. Эхинококкоз (жылауық құрт кеселі) адам мен мал ағзаларына (бауыр, өкпе, жүрек, ми және т.б.) құрт ұрықтарының түсуінен пайда болатын дерт. Ол көбінесе аңдар мен ауыл шаруашылығы малдарынан және ит, мысықтардан жұғады. Көзге әрең көрінетін жылауық құртының ұзындығы 2 мм-ден 1 см-ге дейін болады. Олар иттің, қасқырдың, түлкінің аш ішегінде өсіп өнеді де, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды және қоршаған ортада ұзақ уақыт өсу қабілетін жоғалтпай сақтайды. Бұл құрттар адам ағзасына аң терілерін пайдаланғанда, ит пен мысықты ұстағанда қолға жабысады да қолды жумай тамақ ішкенде, бұлақтар мен өзен суларын қайнатпай ішкенде адам ағзасына түседі. Сонымен қатар, ауру жұқтырған жануарлар болған бақшалардан жуылмаған жидектер мен көкөністерді пайдалану кезінде де жұқтыруы мүмкін, — дейді Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова.

Эхинококкоз ауруының алғашқы белгілеріне әлсіздік және тез шаршағыштық, жұмыс қабілетінің төмендеуі, бас ауруы, теріде қызыл дақ түрінде ұсақ бөртпелердің пайда болуы, дене қызуының көтерілуі жатады. Мамандардың айтуынша, эхинококкоз ауруынан науқастар ота жасау арқылы ғана айыға алады.

— Облыста аталмыш аурудың алдын алу үшін бүгін арнайы жиын өткізіп отырмыз. Жалпы эхинококкоз ауруының алдын алу үшін ет комбинаттарында, базарларда, мал сою пункттерінде ет және ет өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптау жүргізіліп тұрады. Малшаруашылығы шаруашылықтарының суағарларына, сарқынды суына және топыраққа, сондай-ақ олардың шөгінділеріне жоғары тиімді овицидтік препараттармен дезинвазия жүргізіліп тұруы керек. Эхинококкоздың алдын алу бірінші кезекте қанғабас, иесіз иттермен күрес жүргізу және міндетті түрде жылына 4 рет күзет, қызметтік, жеке ауладағы иттерге дегельминтизация (құрттарға қарсы дәрілеу) жүргізе отырып, паспорттау қажет. Білікті мамандармен жиын өткізу арқылы эхинококкоз және альвеококкоздың профилактикасы мәселелері бойынша халық арасында сауаттандыру жұмысын жандандыруымыз керек, — дейді Гүлшат Шорбасова.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз