Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Ғ.Ниязов Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасының таныстырылымында айтты.

Мәселен, 14 және 28 шағынаудандағы құрылыстар 2008 жылдан бері, 28 шағынаудандағы құрылыс 2009 жылдан бері, 9 шағынаудандағы құрылыс 2010 жылдан бері тоқтап тұр. Ал 15 шағынауданда 2012 және 2015 жылы тоқтап қалған екі құрылыс бар.

Сондай-ақ қала әкімі Ғалымжан Ниязов республикалық бюджет пен құрылыс компаниясы қаражатымен салынып бастаған 19 шағынаудандағы 65 пәтерлі 4 жалдамалы тұрғын үйге тоқталды. Бұл үйлердің құрылысы «Ақтау қалалық құрылыс бөлімі» ММ мен «Батыс Энерго Ұлттық компаниясы» ЖШС арасындағы 2009 жылғы келісімшарт негізінде жүргізілген. Мердігер жалпы аумағы 15 450,6 шаршы метр №14, 14/1, 14/2, 14/3 үйлерді тапсыруға міндеттенген. Оның 11 697 ш.м. — тапсырыс берушіге, 3753,6 ш.м. — мердігерге тиесілі болыпты. Алайда екі үйдің құрылысы бітпей, 2016 жылы қала әкімдігі мердігерді сотқа беріп, мердігердің қарсы арызымен құрылыс мерзімі 2017 жылға ұзартылады. Бірақ белгіленген мерзімде тағы аяқталмай, 2018 жылғы 23 ақпандағы сот шешімімен Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің талапарызы қанағаттандырылады.

«Ақтау қалалық құрылыс бөлімі үйлердің құрылысын толықтай аяқтау үшін шығын сметасын жасақтауда. №14 және 14/3 екі үйдің құрылысы аяқталған соң пәтерлер қала әкімдігінде тұрғын үй кезегіндегі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріледі», — деді Ғалымжан Мұқырұлы.

Қала басшысы нысаналы мақсаты бойынша игерілмеген жерлерді қайтару жөнінде де баяндады.

2016 жылы Ақтауда 35 жер пайдаланушыға ескерту беріліп, көлемі 6,7 га 7 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал былтыр 163,6 га алып жатқан 103 жер учаскесінің иелеріне ескерту жасалған.

«Қазір 10 жер учаскесі бойынша сот болып жатыр, 7 учаскеге иесіз мүлік тіркеу жұмыстары жалғасуда. Ал 2018 жылы аумағы 11 га болатын 2 жер учаскесінің иелеріне ескерту берілді», — деп атап өтті қала әкімі Ғ.Ниязов.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН,
Слайдтарды Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз