Бүгін «Хан Шахар» салтанат сарайында «Қазақ əліпбиін латын əріптерімен таңбалаудағы ерекшеліктер» тақырыбымен республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бас қосуда өңіріміздің және еліміздің әр түкпірінен келген ғалымдар жаңа әліпбиге көшу турасындағы ойларымен бөлісті.

Жиынға өңірге белгілі тұлғалар, ғалымдар мен депутаттар, басқарма басшылары, тіл жанашырлары, ардагер ұстаздар және Маңғыстау облысы әкімі мен оның орынбасарлары қатысты.

Конференцияның арнайы қонақтары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, ұлттық комиссия төрағасы Ерден Қажыбек, С. Демирел атындағы университеті, ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Дайындық» факультетінің деканы, доцент, Рhd доктор Ахмет Гүнгор, Баку мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Фируза Агаева, ІТ сарапшы Ерлан Оспан, Ш. Есенов атындағы КМТиУ ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент Гүлбаршын Адамбаева латын əліпбиіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Бүгіндер еліміздің әр өңірінде латын әліпбиіне ауысуға қатысты жан-жақты талқылау жүріп жатыр. Дегенмен әрқашан келелі, игілікті істердің басы-қасында жүретін Маңғыстау республикалық деңгейдегі конференцияны ең алғаш болып өткізіп отыр.

— Елдің ұсынстарымен санаса отырып, әліпбиге әжептәуір жеңілдіктер енгізілді. Біз мұны қазір талқылаймыз, ертең бекітеміз деп ойламаңыздар. Бұл – жаңа бір бағыт, жаңа тәсіл. А.Байтұрсынов өз кезінде аманаттап, дәлелдеп берген дәйекшені пайдалану мәселесі. Тілімізге келе ме, келіспейтін тұстары бар ма, соның бәрін мамандар ой-талқыға салып, зерделейді.  Біз енді аса көпке созбай, қысқа мерзімде бір пайымға келуіміз керек. Мен Маңғыстау облысының жұртшылығына өмірлік талқылауды бастап беріп отырғандары үшін алғыс білдіргім келеді. Елдің пікірі біз үшін маңызды. Әр ұсыныс міндетті түрде ескеріледі. Және ортақ бір ұтымды пайымға келетінімізге кәміл сенімдіміз, — деді  А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, ұлттық комиссия төрағасы Ерден Қажыбек.

Әлемде кирилл қарпін қолданатын 12 мемлекет бар. Ал біздің латын қарпіне көшуіміз – еліміздің болашағын айқындайтын нақты қадам болмақ дегенді алға тартты жиын қатысушылары.

-Жаңа әліпбиге көшуді халқымыздың болашағын айқындап беретін үлкен жоба ретінде қарастырғанымыз жөн. Елбасымыз өткенде ғана осы мәселеге қатысты жиын өткізді. Президент әкімшілігіне 300-ден астам ұсыныстар түсті. Халық арасында, өңірлерде одан бөлек мыңдаған ұсыныс талқыланып жатыр. Сондықтан Елбасы жыл соңына дейін бір шешімге келіп, үлкен сұрақтың ортақ тетігін табу туралы ойды ортаға салды. Оған біздің облысымыз да тікелей ат салысады деген ойдамыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген, бұл мәселені жан-жақты қарастырып, қатесіз шешімге келуіміз қажет, — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жиында әліпби нұсқалары ұсынылып, тілдік, дыбыстық заңдылықтары, графикасы жан-жақты түсіндірілді. «Өрлеу» республикалық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының Маңғыстау филиалының ғылыми қызметкері, қазақ әліпбиін латын әріптерімен таңбалау нұсқасын әзірлеуші Қуантқан Ванов та өз нұсқасын көпшілік назарына ұсынды.

— Тәуелсіздік алғаннан бері 2006 жылы ең алғаш Қазақстан Халқы Ассамблеясы қабырғасында бұл мәселе көтерілген болатын. Одан кейін 2012 жылы «Қазақстан-2050» стратегиясында тағы да егжей-тегжейлі сөз етілді. Ал биыл Елбасы мұны өзінің бағдарламалық мақаласында тағы да ерекше атап өтті. Сол күннен бері бұл мәселе әр өңірде талқыланып, графикасы жасалды. Елдің ықыласы, пікірі тыңдалып жатыр. Әлі де жетілдіруді қажет ететін дүниелер бар екені айтылып жатыр. Әлемнің 80 пайызы латын графикасын қолданады. Тіл саласында графика деген оңай дүние емес. Бұл да соңғы нұсқа емес. Бұл – әзірге жоба. Оны енді ғалымдарымыз, осы саладағы азаматтарымыз елге ыңғайлы, қолайлы қылып, тігісін жатқызып жасайды деген үміттеміз, — деді  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов.

Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Дайындық» факультетінің деканы, доцент, Рhd доктор Ахмет Гүнгор Түрік елінің латынға көшу кезеңіне көз жүгіртіп, біздегі жағдаймен салыстыра зерделеп берді. Ал Баку мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор Фируза Агаева ұсынылған әліпбидегі олқылықтарға тоқталып, Әзірбайжан әліпбиіне ұқсастырып жасау идеясын ортаға салды. Жалпы талқылауды қорыта келе облыс басшысы Ералы Тоғжанов ұсыныстардың барлығы Президент әкімшілігіне жеткізілетінін айтты.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз