Тілсіз жаудың бірі — өрт. Аяқ асты тап болатын осынау ауыр апаттың алдын алу мүмкін бола бермейтіні де белгілі. Соның кесірінен қаншама қайғылы жағдайлар болып жатқанынан жұртшылық хабардар.

Жақында Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде адам көп жиылатын нысанда өрт қауіпсіздігі деңгейін анықтап, кешен қызметкерлерінің төтенше жағдайға дайын болуы үшін оқу-жаттығу өтті. Өрт қауіпсіздігіне байланысты тактикалық оқу-жаттығуды кешен басшылығы Ақтау қалалық әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Бұл арнайы шара Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары бөлімінің басшысы қызметін атқарушы Хаям Әмірбековтың бақылауында болды.

Сол күні өрт сөндіру қызметі бөліміне күндізгі сағат 11.00-де түскен қоңырау бойынша Абай мәдени-демалыс кешеніне 11 өрт сөндіру көлігімен 60 өрт сөндіруші, катастрофа медицинасы орталығының бірнеше қызметкері келді. Өрттің шыққан жері — 1-қабаттағы үлкен көрермен залы. Тілсіз жау пайда болған кезде кешенде 150 тәрбиеленуші мен 50 қызметкер болған. Шұғыл шара барысында санаулы уақыт ішінде олардың барлығы қауіпсіз аймаққа шығарылды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Халық мұңын күй қылған

Абай мәдени-демалыс кешенінде жүргізілген оқу-жаттығу нәтижесінде көпшілік жиналатын орынның өрт қауіпсіздігіне дайындығы анықталып, кейбір қажеттіліктер ескерілді. Жетіспейтін заттардың барлығы алдағы жоспарға енгізілді.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз