Бұл туралы Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ерұлан Мырзатаев Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасының таныстырылымында айтты.

2018 жылы қаңтарда Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау бойынша іс-шара бекітіліп, жұмысшы тобы құрылған. Қаланың бас салықшысы осы жұмысшы топтың екі айда атқарған жұмыстарына тоқталды.

Ақтау қаласында 1 450 кәсіпкерлік нысан есепте тұрса, жұмысшы тобы 2 156 кәсіпкерлік нысанды анықталған. Қазір 706 айырмашылық бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ кірістер басқармасы су, тоқ көзін тұтынушыларға талдау жүргізе келе, салық органдарына 58 320 салық төлеуші тіркелсе, шын мәнінде су, тоқ көздерін тұтынушылардың саны 62 768 екенін анықтаған.

«Қазір Осы 4 448 тұлғаның 2 600-ге жуығы салық органдарына тіркеуге тұрып, салықтарын төлеп жатыр», — деді Е. Мырзатаев.

Ақтауда салық органдарына тіркелмеген 324 жеке коттедж анықталды. Бюджетке қосымша 17 836 000 теңге салық есептеліп, қазір олардың 28-і 1089000 теңге төлеген.

«Қаңтар айында өткен жиында мемлекет алдында қарызы бар, бірақ төлемей жүргендерді БАҚ беттерінде жариялау туралы бастама көтеріліп, барлығы осы елдің азаматтары екені ескеріліп, өз еркімен төлеу жөнінде хат-хабарлама берілді. Бірақ кейбір азамат әлі салығын төлемей отыр», — дейді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы.

Бұдан соң Е. Мырзатаев салықты толық төлемей отырған кафелер мен мейрамханаларға да тоқталды. Күніге 350-ге жуық адам келіп кететін, кіру үшін алдын-ала екі күн бұрын жазылатын кафелердің жылына бар болғаны 294 мың теңге салық төлейтінін айтты.

Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов қаржылық бақылау басқармасымен бірігіп, мәселені анық-қанығына жетуге тапсырма берді.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз