Бұл туралы бүгін Есенов Университеті басшыларының БАҚ өкілдерімен кездесуінде оқу орнының ректоры Берік Бақытжанұлы мәлімдеді.

Кездесуде оқу ордасының стратегиялық жұмыс жоспары таныстырылып, өзара ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Университет өкілдері оқу орнының ашықтық, ықыластық, креативтік саясатын БАҚ өкілдерімен талқылап, жұмыс процесін облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде насихаттау шараларын ортаға салды.

— Сәуір айының ортасына қарай үлкен шара өткізбекпіз. «Aktau Open Fest» атты жақсы бір фестиваль бар еді ғой. Соған ұқсас «Yessenov Fest» деген қалалық іс-шара ұйымдастырмақпыз. Ақылдасып, жобасын белгіледік. Енді әрі қарай дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Ақтауда жастарға арналған іс-шаралар қатарын көбейту мақсатында университет қабырғасында дебат клубтары, жайдарман ойындары, ғылыми жобалар жиі өткізуді көздеп отырмыз, — дегенді айтты Берік Ахметов.

Мұндай ауқымды шараны өткізудегі мақсат та ауқымды екенін аңғардық. Жастардың өлкеге деген, аймақтың тыныс-тіршілігіне деген қызығушылығын арттыру осындай игі шаралар арқылы іске аспақ.

— Біз анализ жасап қарағанда, жыл сайын облыста 5 мың түлек мектеп, 5 мың түлек колледж тәмамдайды екен. Ал оның ішінде біздің университетке түсетіндері шамамен 800-дей. «Сонда қалған 9200-і қайда кетеді?» деген сұрақтың да жауабын іздеп көрдік. Көпшілігі Орал, Алматы, Астана қалаларына барады екен. Есеновте не болып жатқанынан бейхабар, қызық емес деп ойлайды. Алматы, Астана қалаларында әртүрлі қызықты іс-шаралар өте жиі болады. Сондықтан біз осы бағытты ұстанып, өз өңірімізде де белсенді әлеуметтік өмір барын көрсетіп, қызықтыру жұмыстарын қолға алдық, — деді университет ректоры.

40 жылдық тарихы бар оқу орнын Маңғыстау өңірін ғана емес, Каспий аумағының барлығын қамтитындай дәрежеге көтеру жоспары айтылды. Осы мақсатта мұнда өңірдің, еліміздің түлектерін ғана емес, шетелдік студенттерді де тарту жолға қойылған.

-Бізде қазір 300-дей шетел студенті бар. Жоспар бойынша біздің университет ұлттық жобаға енді. Бізге теңізбен шектесіп жатқан Иран, Түркменстан, Ресей, Әзірбайжан елдері, басқа да мемлекеттер бар. Солар арқылы біздегі шетел білімгерлерінің санын үш жылдың ішінде 1200-ге жеткізуді жоспарлап қойдық. Қазір білім беру бағдарламасын жасақтауды, ағылшын тілі курстарын ашуды жолға қойып, жұмыстанып жатырмыз.

Дөңгелек үстелде 2019, 2021 жылдары әрқайсысы 500 орындық екі жатақхана салу жоспарланып, жобалары әзірленгені де айтылды. Қазір оқу орын студенттеріне жатақхана толық жеткілікті. Дегенмен жаңа нысандар алдағы уақытта шетелден келген білімгерлерді жатақханамен қамтуға негізделген.

Алдағы уақытта «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Университет базасына интелектуалды жүйе толықтай енгізілмек.

Бұған дейін университет ректоры сұхбатында келесі оқу жылынан бастап қосымша 20 мамандық ашылатынын айтқан болатын. Басқосуда бұл процестің қалай іске асып жатқанын да сұрадық.

— Бақылау комитеті құжаттарды қабылдайды, тексереді. Одан соң рецензия беру немесе бермеу туралы шешім шығарады. Біз сәуір айнынан бастап мамандықтарды жүйеге енгізе бастадық. Осы аптада «Мемлекеттік жергілікті басқару» және «Құқықтану» мамандықтары енді. Осылай апта сайын қосып отырамыз. Дәл қазір бір де бір мамандық алынған жоқ. Қыркүйекке дейін барлығын қосуға мүмкіндік аламыз деген үміттеміз. Университеттің әлеуеті оған толықтай жеткілікті, — екенін жеткізді басшы.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз