Маңғыстаулық вагон қараушылар тағы бір апатты жағдайдың алдын алды. Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон қараушы Берік Дүйсенбаевтың өз жұмысына беріктігінің арқасында Ақтау портына бағыт алған вагонның бүйірлік рамасынан ірі көлемді жарық анықталды.

Ақау 28 қыркүйек күні Маңғыстау станциясына аялдаған «АКА TRANS SERVICE» ЖШС-не тиесілі №51454155 бос битум вагонынан табылды. Вагон 2015 жылы 21 қыркүйекте «Ақжайық» ЖШС-де күрделі жөндеуден өткен, яғни кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған. Бүйірлік рамасы №67608-14/2002 жылы шыққан.

— Жарықтың күрделі жөндеуде байқалған- байқалмағаны, ол кезде болған-болмағаны да бізге белгісіз. Оған біз ештеңе айта алмаймыз. Бірақ бұл өте қауіпті ақау екені белгілі. Ішкі жағы жарылып, сыртына да өтіп кеткен. Раманы тек 200 миллиметрдей жері ұстап тұр. Біздің жігіттер көрмегенде Ақтау портына дейін жетер-жетпесі неғайбыл еді. Жолда не боларын кім білген?.. Сондықтан Берік Дүйсенбаевтың өз ісіне жауаптылығы мен қырағылығын жоғары бағалаймыз және 14 жылдық еңбек тәжірибесінде бұрын да қолжетімсіз жерлердегі ақаулықтарды тауып, көпке үлгі болып келе жатқан жігіттің бүгінгі жеңісіне дән ризашылығымызды білдіреміз.  Кейбіреулер бүйірлік рамасындағы жарық тек қыста пайда болады дейді. Олай емес екеніне жақында Жамбыл облысындағы жағдай мысал. Сол хабар жеткелі жұмысшыларға ерекше ескертіп, түсінік жүргізген едік. Мына жаңалықты да Тассай, Болашақ, Жаңаөзен, барлық бөліністерге хабарлап, таныстырудамыз,-дейді Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пункті басшысы Жұмабек Якупбаев.

Тағы оқыңыздар: Министр Бозымбаев сөгіс алып, ал вице-министр қызметінен босатылады

Мекеме басшылығы орын алған ақаулыққа байланысты енді вагон қожайындары мен бұрынғы жөндеуден өткен орынға жолданған хаттың жауабын күтуде.

Шахида ЖҰМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз