Маңғыстаулық ақын, журналист Бірғали Байекеев есімі өлкеде аға буыннан бастап жастарға да таныс. Ғибрат сөз тізбелеуші Бірғали Байекеев шығармашылығымен танысып, ақын өлеңдерінен патриоттық рух алу мақсатында  «Заңғар асу» қоғамдық қоры мен Шетпе гимназиясының «Бірғалитанушы» жастарын ақынның шығармашылығы мен туындыларын жинақтап, журналистің өмір жолы жөнінде тың деректерін оқушылармен бірге зерттеуші Гимназия мұғалімінің ұйымдастыруымен аудандық С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайда кездесу өткізілді. Ақынмен кездесуге Шетпе гимназиясының оқушылары асқан дайындықпен келген екен. Ақын ағаның өмір жолы мен өлеңдерін жатқа айтып, ағаның өзін таң қалдырды.

«Ақынын ұлықтаған ел бақытты» демекші журналист, суретші, ақын, сазгер «Қазақстанның Құрметті Журналисі», «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің  Мәдениет майталманы» атағының иегері, ҚСРО, Қазақстан Журналистер және Суретшілер Одағының мүшесі, ҚазҰУ-нің журналистика факультетін, Бүкілодақтық өнер университетінің қондырғылы кескіндеме және графика бөлімін үздік бітірген. Б.Байекеев журналистік қызметі мен шығармашылықтағы үздік шеберлігі үшін республикалық және бұрынғы Одақтық бірнеше басылымның, Қазақстан ЛҚЖО орталық комитетінің, Қазақстан ЛҚЖО Маңғыстау облыстық және аудандық комитетінің, Маңғыстау облысы әкімінің, «Лениншіл жас» (Жас Алаш), «Қазақстан пионері (Ұлан) газетінің Құрмет Грамоталарымен және Журналистер Одағының дипломымен марапатталған.  Жастар осындай атақ-даңққа мастанбай, аудан көлемінде қарапайым ғана қызмет атқарған журналистік қызметі жөнінде, республика көлемінде таратылатын газет-журналдардың беттерінде басылған суреттері жайында сұрақ қойып, көптеген кітаптардың авторы Б.Байекеевтің ғибрат сөздерінен нәр алды. Ақын аталары өнерге, суретке деген құштарлығын білгісі келген жастарға:

— Маған сурет салуды үйреткен даланың құмы, суы, желі. Мен жастық шағымда қой бағып, ата анама қолғабыс етіп жүріп, даланың жәндіктерімен тілдесіп, соларға қарап, сурет салып, аспандағы жұлдызды бағдарлай ән шығарып, ыңылдай өлең жазған жанмын. Бірақ менің танымалмын, ақынмын, суретшімін деген ой санама келген емес. Қазіргі жастар бақытты. Немен айналысамын десе де бәрі табылады. Тек уақыт пен ынта керек. Бірақ қазіргі қоғамда жастар арасында белең алып бара жатқан темекі мен ойынқұмарлықпен, нашақорлықпен айналысқанынан қағаз бетін шимайлап сурет салып, өлең жазған бір ғанибет. Қазіргі жастар қолдарында телефон, айналасындағы адамдар мен қоғамдағы болып жатқан әсерлі дүниелерді көре алмайды, бәрін керек болса ғаламтордан тауып аламын деген санасыз ойдың жетегінде. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда қызғаныш пен аяқтан шалу басым. Ру руға бөлініп, ағайын туысты жағалаушылық көп. Әр адам өзіне сене білу керек, өзінің қадіріне жете білуі керек. Сонда ғана бойыңдағы өзгелерден артықшылық байқалады. Мен суретші емеспін, бірақ қағаз бетіне шимайлаған дүниелерімді жастарға көрсетуге алып келдім деп, қолына ұстаған папкасынан суреттеріне шығара бастады. Бояуы қанық, айтайын деген ойы, көрсетейін деген бейнесі айқын суретшінің көркем дүниесіне жастар таңдай қағысты. Осындай талант, осындай дарын менде болса ғой деген қызығушылықпен қатар сүйіспеншілік жастарға дем берді.

Қасиетті кең түбектің өнер иесінің оңашада салған туындылары мен туған ойлары кішіге ақыл, үлкенге пайым берсе, өскелең ұрпаққа тәлім тәрбие берер тағылымы мол шара өтті дер едік. Шара соңында жастар ақын ағамыздың иығына шапан жауып, батасын алды.

Д. НҰРЖАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз