Түпқараған аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Ерекен Қорабаевтың шығармашылығына арналған «Алмас кездік қап түбінде жатпады» атты кездесу кеші өтті. Кездесуге кітапхана ұжымы жоғары деңгейде дайындалған. Кіре беріс жерге оқырмандарға арналған көрме бұрышы жасақталып, оқушылар Ерекен Қорабаевтың шығармашылығымен толық танысуға мүмкіндік алды. Балалар әдебиетіне қарымды әрі өндіріп жазып жүрген жазушының тұрақты оқырмандары болды.

Шараны бастамас бұрын кітапхана директоры Таңатарова Алтын Жұмабайқызы қонақтарға қош келдіңіздер дей отыра, қалың оқырманға Е. Қорабаев шығармашылығын таныстырып өтті.

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі – жазушы, сатирик, сазгер Ерекен Қорабаев – қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиеті мен сатира жанрына айтарлықтай үлес қосып жүрген қаламгер. Ерекен Қорабаев 1956 жылы 16-шы тамызда Маңғыстау өңірінің Ащымұрын деген балықшылар ауылында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы Шайыр ауылында өтіп, сол ауылдан орта мектепті бітіреді. Білімі – техникалық орта, Астрахань қаласындағы байланыс техникумын бітірген. Ұзақ жылдар бойы радио және телевизия хабарларын тарату орталығында инженерлік қызметте жасаған, еңбек жолын «Қазақтелерадио» мекемесінен бастап, кейіннен облыстық телеарнада қызмет еткен. Негізгі мамандығы – инженер. 2000 жылдардан, яғни 40 жасынан бастап әдеби салаға, шығармашылыққа бетбұрыс жасайды. Облыстық газеттерде тілші болды және өзінің жеке шығармашылығы мен тәуелсіз журналистік салада қызметтер атқарады. Қазір Ақтау қаласында тұрады. Ерекен Қорабаев – Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Ағамыздың шығармаларынан, әсіресе, өзі туып-өскен Шайырының шаңы мен бұлағының, тау-тасы мен құрағының, саф тап-таза ауасы мен сол ауадай таза, аңқылдақ адамдарының бейнесін көргендей боламыз.

Сонымен қатар кездесуге өлкеміздің тумасы, күйші, домбырашылар ансамблінің жетекшісі, аккомпониятор, бірнеше кітаптың авторы Қарғабаев Рафэль Сиғалиұлы да қонақ ретінде шақырылып, қалам тербеген тарих пен шежіреге тұнған шығармаларының дайындалу сәттері жайлы оқырмандарына баяндап берді.

Ерекең Қорабаев ағамыздың ең басты қасиеті – бала психологиясын жетік білгендігінде және білгенін жетелі ойымен, жебедей тілімен жеткізе алатындығында. Балаларға арнап шығарма жазу кез келген жазушының пешенесіне жазылмайтын нәрсе. Алайда балалар жазушысын Құдайдың өзі таңдайды. Ол соған бейімделіп туады. «Қара күшік» кітабындағы қай тақырыпты алсақ та, балалық психология, бала тілі, баланың ойы-қимылы қазақы салт-дәстүр үрдісімен біте қайнасып, өзара үйлесім тауып кірігіп жатады. Осы «Қара күшік» әңгімесінен 5-сынып оқушысы Аманқос Ақниет өз ойын айтып, ондағы кейіпкерлерді өз сыныбынан, мектептегі қатарластарынан көріп жүргенін айтып, ағасының әңімелерін сүйіп оқитындығын жеткізді.

Түсіне білгенге таным-түсінігіңді талқан қылып, төңкеріп жіберердей ащы мысқыл мен астарлы иронияға, өткір сарказмға толы, қысқа да нұсқа, небір әзіл-әжуа, жатыпатар бірқақпайларды ертеден кешке дейін айтудан жалықпайтын Ерекеңнің алғашқы кітабының өзі-ақ сөздің қадірін білетін азаматтарымыз айтып жүретіндей асыл қазынаға айналды. Әзіл айта білу де, әзілді әділ айта білу де қалжыңдай білу де адамға берілген үлкен қасиет. Осы жағынан алғанда Ерекен аға ауылдың айтқыштарын жаза отырып, өз ойындағы өнерін де халқымызға паш етті. Ағаның жинаған әзілдерінен оқушылар Орынбек Төлеген, Өсербай Асылбек үзінді айтып, кеш қонақтарын күлкіге қарық қалды.

Ерекең ағамыздың тағы бір қыры – сазгерлік. Кітаптарымен қатар оның әндері де жазылып жатыр. Ағамыздың «Қаратау», «Қарақия ойпаты» деген әндерімен қатар 15-ке жуық әні бар. Ерекен Қорабаевтың әндері, әңгімелері «Есі бар тентек», «Несібе», «Пифагор шалдың аманаты», «Құрдастарға», «Бозашының төрінен бір ән салдым», «Шайырымды сағындым», «Бесшоқы бес биігі Маңғыстаудың», «Даланың желі», «Қарақия өңірі» т.б. әндері, әңгімелері жарық көрген. Патриоттық тақырыптағы шығармаларын эстрада жұлдыздарының орындауында естіп жүрміз.

Кеш көркі қыза түскен шақта, Ерекең ағаларына оқырмандар тарапынан сұрақтар қойылып, ағамыз оқушыларға шынайы әрі әңгімесін әзілмен астарлап жауап беріп отырды. Сонымен қатар Ерекең ағамызға арналған кітап көрмесін кітапханашы Дощаева Бақтыгүл апай таныстырып берді.

«Ынта болса ойыңа алған мақсатыңды орындауға жүз түрлі жол бар, ынта болмаса, мақсаттан бас тарту үшін жүз түрлі сылтау табылады» деген бір ғұламаның сөзі бар екен. Ерекең ағаның өз сөзімен айтқандай: «Адамның қанша өмір сүрсе де, бітірмейтін шаруасы көп. Менің енді бітіргенім – әдебиетте. Әдебиетке адамның қашан келгені де, қай уақытта кеткенінде емес, адамның не жазғанында, адамның не қалдырғанында. Өмір бойы кітап жазып, кітабы оқылмайтын адамдар бар. Ал мен аз ғана өмірімде аздап қазақтың ән өнеріне, қазақтың балалар әдебиетіне әсіресе, сатира жанрына өзімнің үлесім азды-көпті бар деп есептеймін», — деген екен.

Кітап шығаруды кеш қолға алған ағамыз, өткен жылдарының есесін толтыруға асыққандай соңғы кезде өндірте жазып, өнікті еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда ағамыздың қоржынында әлі екі-күш кітаптың дайын материалы кезекті шығуын күтіп жатырғанына кәміл сенеміз. Осындай ағамыздың шығармашылығы арқылы өмірдің қиын да қызық асуларына толық көз жеткізуге болады. Ағамыздың шығармашылығы өз бояуын жоғалтпайтын, шындықты ту ететін, тек биік шыңдарды бағындыратын туындылар екендігі қақ.

Жадыра ЖОЛДАСОВА

Сурет сайттың өз архивінен

Тағы оқыңыздар: Ойыншықтың көптігі баланың миына зиян болып шықты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз