Ақтауда үй, жер, көлік алып, 1 жылға жетпей сатып жіберетін азаматтар салығын төлеуі тиіс. Бұл туралы қала әкімі Ғалымжан Ниязов бүгін халыққа есеп беру кезінде айтты.

 — 2012-2017 жылдар ішінде қала бойынша пәтер, жер немесе көлік сатып алып, бір жыл ішінде қайта сататын 800-ден аса азамат 10 пайыздық мөлшердегі салықты үкіметке төлемеген. Бұл дегеніңіз, қала бюджетіне 760 миллион теңге көлемінде салық түспей отыр деген сөз. Біз оларға ескерту беріп отырмыз, — дейді Ғалымжан Ниязов.

Бұдан бөлек, Ғалымжан Мұқырұлы қала бойынша 5400 азамат жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтады.

— 56 күн ішінде жұмыс комиссиясы 935 адамның  қолма-қол ақша алып, жұмыс істеп жүргендігін анықтап отыр, яғни олар — жұмысшы ретінде тіркелмей, зейнетақы қоры мен кіріс салығы аударылмай жұмыс істеп жатқан азаматтар. Бұл қаламызға инвестиция түсуіне кедергі болып отыр. Біз қалалық кірістер департаментімен бірігіп бұл олқылықтардың орнын толтырамыз, — деді Ғалымжан Мұқырұлы.

Қала әкімінің айтуынша, жұмыссыз деп тіркелген 5400 тұрғынның көпшілігі Жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындарынан бас тартады екен.

Айгүл ДӘДЕН
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз