Ақтау қаласының тұрғыны, 34 жастағы жас ана Гүлмира Сүгіралиева үшемдерді өмірге әкелді. Перзенттеріне ата-анасы Нұрсулу, Күнсұлу және Айсұлу деп ат қойды.

-Қыздарымды 23 қыркүйек күні дүниеге әкелдім. Үш аптадай дәрігерлер қарап, қыздарым салмақ жинап, жағдайларымыз жақсарған соң бүгін үйімізге шығарып жатыр. Үлкен қызым 2 келі, екеуі 1, 900 және 1, 880 грамм болып туылды. Қазіргі таңда бізде бәрі жақсы. Осы орталықтың дәрігерлеріне, оның ішінде акушер-гинеколог Жапырақ ханымға, медбикелер Нағима мен Нұржауғанға алғыс айтамын. Әр шаңырақта сәбидің үні естілсін. Иманды, білімді ұрпағымыз көп болса екен деймін. Өзім егіздің сыңарымын. Және екі егіз інілерім бар,-деген Гүлмира Сүгіралиева отбасында бес жасар Ердәулет атты ұлы мен үш жасар Жанерке атты перзенті бар екенін айтты.

Тағы оқыңыздар: Қайраңға шөккен «Араксты» тазарту жұмыстары басталды

Облыстық перинатальдық орталығы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі Әлия Өтеуленованың айтуынша, үшемдер 33 апта толғанда кесір тілігі арқылы өмірге келген. Қазіргі таңда ананың да, балалардың да жағдайы жақсы. Жалпы жыл басынан бері Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығында 4 үшем дүние есігін ашқан.

-2016 жылы біздің орталықта 3 үшем өмірге келді. Міне, биыл 4-еуін үйлеріне шығарып отырмыз. Жақын күндері бесінші үшемге өмір сыйлаймыз,-дейді Әлия Өтеуленова.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз