Алпысыншы жылдардың басындағы маңғыстаулық мектеп түлектерінің көбінің арманы – геолог болу еді. Себебі ол жылдар Маңғыстау тыңының – мұнай теңізінің тұнығы жаңа ғана ашылып, жастардың көкірегіне асқақ арманның жарық нұры құйылған таңғажайып мезгіл болатын. Талапкер жастардың алдында жаңа алаңдарды ашу міндеті тұрды. Тіпті қыздардың өзі техникалық оқу орындарына бара бастады. Кейін бір топ геолог қыздардың қатары өсіп жетілді. Оның ішінде Қамқаш Ыбыраева, Света Наушабаева т.б. бар. Ал жігіттердің көбі инженер-геолог, геолог-барлаушы мамандықтарын иеленіп, туған жердің байлығын игеруге білек сыбана кірісті. Олардың атын атап шығар болсақ, Жарылқасын Дәуітов, Халила Махамбетов, Әділ Нұрманов, Сайлау Жылқайдаров, Тұрсынғали Көшенов, Әнес Бүркітбаев, Аманжан Өтесінов, Қолғанат Құлсариев т.б. бастаған ұзын шұбақ тізім пайда болар еді.
Атақты, көпке белгілі кенорындарын ашқан санаулы геологтардан бөлек, күнделікті жоспарлы жұмысын атқарып, өндіріске бүкіл өмірін арнаған қарапайым еңбек торыларының мұнай теңізін игерудегі еңбегін ұмытуға болмайды. Тұрар Абылұлы осындай қарапайымдардың бірі еді…
Тұрар Боранбаев 1938 жылы 25 желтоқсанда Маңғыстау түбегінің оңтүстігіндегі Жаңаша деген жерде туған. Әкесі Абыл Қанатбайұлы аңшылықты кәсіп еткен жергілікті жарлы-жақыбайдың бірі. Анасы Жаңыл Сатыбалдықызы соғыстан соң, жесірлік тауқыметін тарта жүріп, Жылой жеріндегі мұнай кәсіпшіліктерінде қара жұмыс істеген қарапайым қазақ әйелі.
Мұнайлы, Төңірекшың кәсіпшіліктерінде мұнай-барлаушылар арасында өскен Тұрар жасынан геолог болуды армандайды. Арманға жетудің жолы жақсы оқу екенін түсінген бозбала сабаққа барын салып, мектепті өте жақсыға бітіреді. Бірақ қолдың қысқалығынан бірден оқуға аттанып кете алмай, ауылда, разведкіде көмекші бұрғышы болып жұмыс істейді.
Еңбек жолын 1958 жылы Қызан алаңынан бастаған Тұрар Абылұлы қатарлас достары Алпан Ысықбаев, Қайып Азанбаев, Нұрлыхан Бекбосынов, Бөкенбай Қожықов, Көшербай Әлібаевтармен бірге терең бұрғылауда көмекші бұрғышы болып бастады.
Сөйтіп жүргенде әскерге шақыру қағазын алып, Балтық теңізі жағалауындағы Калининград қаласында 3 жыл азаматтық борышын өтейді. Жас болса кетіп барады, армандаған геолог мамандығын алудың сәті түсер емес. Туған жерден алыста жүріп, асыл арманға қол жеткізу туралы ойдан арылмайды. Ауылға барса, сол баяғы жетер-жетпес тірлік. Жалғыз анасы қасынан шығармаудың жолын қарастырып, аяғын матап, тезірек үйлендіріп, үйлі-баранды қылудың қамын жасар. Онысын анасы әр хатында сездіріп те қойып жүр. Сонда геолог болмақ қайда? Қашпаған сиырдың уызы секілденіп, таңдайына татымаған күйде қала бергені ме? Осы ой оның түн ұйқысын төрт бөліп, ақыры бір тосын шешім түюге мәжбүрлеген. Ол – әскерден ауылға соқпастан Алматыға тарту. Арманға жеткізетін жолдың басы – Алматыда жатыр.
Қасындағы жолдастарымен бірге әскерден соң бірден Алатау бауырына, Алматыға тартты. В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына құжаттарын тапсырып, сынақтардан сүрінбей өткен Тұрекең ауылға төрт жылдан соң, бірінші курсты тәмамдап бір-ақ оралған.
Анасының қуанышында шек болмады. Жаңғыз баласы әрі әскерін ойнап, әрі оқуына түсіп, оның да бір жылын бітіріп біротала студент болып келді. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген осы емес пе? Баласының жолына байлап отырған қойын сойып, ауылды тегіс шақырды. Сол күні қолы ашық, ақ пейілді анасының көңілі судай тасып, қуаныштан өкшесі жерге тимей жүрді. Көңілін мазалаған жалғыз сұрақ – оқу қашан бітеді? Бақандай төрт жыл бар. Қап, ұзақтау екен. Бойжетіп отырған көршінің қызы – баласына лайық бала еді. Құдай бұйыртса, арманы соның қолынан шай ішу.
«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген емес пе, анасы баласының үй болуын ойлайды, баласы алыстағы оқуын ойлайды. Ойлап-ойлап жалғыз ұлдың шешесі Жаңыл талапты жастың алдын кескісі келмеді. «Түскен екен оқысын іністөтін. Болғысы келген екен болсын гелок. Екінің бірінің қолы жетіп жатқан оқу емес көрінеді. Уақыт деген не, тәйірі, ағын судай өтер де шығар». Сонымен Тұрекең Алматыға аттанып кетті.
Бала тек оқуды ойлап жүрген жоқ екен, алматылық бір аруды еншілеп, екінші курстың ортасында үйленіп те алды. Үшінші курсында ұлды болды, не керек, ауылға үйлі-баранды болып оралды.
1968 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, гелог-барлаушы мамандығын иеленген Тұрар Абылұлы жаңадан құралып жатқан өндірісті жер Өзенге келеді. Ол кездерде Өзен-«Газгородок» азық-түлік дүкені, мектебі, балабақшасы, НПУ конторы т.б. орындары бар кішкентай ғана елді мекен болатын.
Мұнай өндірісі жаңа ғана қанат жая бастаған. Өндіріс басшысы бүгінде барша қазаққа белгілі мұнай ардагері, жазушы, ақын марқұм Рахмет Өтесінов. 1,2,3 — РИТС-тер бар. Енді КРС — скважиналарды күрделі жөндеу мекемесін құру жоспарланып отырған.
Өндіріс басшысы Рахмет Өтесінов «Жас келсе – іске!» дегендей, пысық, жас маманды жаңадан жасақталғалы тұрған мекемеге орынбасар етіп жіберді. Жас маман жаңадан құрылып жатқан мекеменің бар жабдығын даярлап, анда-мында шауып жүріп, бастығы В.Тимохинмен бірге аяғынан тік тұрғызды.
Тұрекең Өзеннен табан аудармастан 45 жылдай өзі құрған мекемеде геолог, шебер болып жұмыс істеп, іс-тәжірибесін Виктор Анатольевич Чекашов, Халық Ақшабаев, Владимир Яковлевич Мирошников, Марат Садықов, Сұлтанғали Айдарбаев секілді ізін басып келе жатқан көптеген жастарға үйретіп, зейнет демалысына шықты.
Оның жұмыстан қол бостағы бір аңсары ауған қызығы – аңшылық еді. Ата кәсібіне дүниеден өткенше адалдық танытты. Маңғыстаудың оң тұстық пұшпағында ол баспаған тау-тас жоқ шығар. Ағайынды мергендер атанған Абыл мен Теңелдің өнерін көре қалған Тұрекең де маңайға белгілі аңшы еді. Бұл қасиет оның балаларына да жұғысты болды.
Балалары мен немерелерінің қызығын көріп, жар-қосағы Зәуре Мәзімбайқызының алдында, өз үйі өлең төсегі — Өзенінде 75 жасында, ауырмай-сырқамай кенеттен дүние салды. Тұрекең аз ғана пәни жалғанда арманына жеткен бір жан еді. Оның балалары да, немерелері де мұнайшылар. Үлкен ұлы Көбен – «Шегендеу» басқармасында жұмысшы, Ерланы – «Жөндеуде» шебер, Нұрланы – механик. Немересі Ержан – көлік жөндеуші шебер.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз