Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазіргі қоғамдағы ушығып тұрған жер мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Ақын ойын әлеуметтік желідегі парақшасында ортаға салған.

«Белгілі бір ақиқат: қазақ Тәуелсіз ел болғалы билік пен xалық деп екіге бөліп, екеуін бір-біріне жау көрсету сияқты арандатушылық әрекеттер еш толастаған емес. Анығында билік — xалықтың қызметшісі, ал биліктің қайнар көзі – xалық! Елбасы да, депутаттар да, министрлер де, әкім-қаралар да, бәрі-бәрі xалықтың ішінен шығады. Аспаннан салбырап түспейді, өз арамыздан. Халықтың ішінде неше түрлі адамдар бар – арызқой, бәлеқор, жалқау, ұры, қызғаншақ, сараң, ұрысқақ т.б. Сол үшін xалықты жек көрмейміз. Себебі, ішінде ақпейіл, адал, еңбекқор, шыншыл, шыдамды, кемеңгер, аңғал, ақжүрек, жақсылары әлдеқайда көп», — деп жазды ақын.
Ақын түрлі адамдардың барын айта келе сол үшін биліктегі атқамінерлерді жек көруге болмайтынын атап өтті.
«Сол сияқты билікке жеткенде өзгеріп, жемқор, сатқын, қатігез, тәкаппар болып кететіндер бар. Сол үшін бүкіл биліктегі атқамінерлерді жек көруге болмайды, себебі олардың ішінде де ұйқы көрмей, ел деп еңбек етіп, бала-шағасын көрмей, тыным таппай, жар құлағы жастыққа тимей, малын, күшін, ақылын, жанын салып еңбек етіп жүргендер бар. Ақ пен қара, жақсы мен жаман, адал мен адал арпалысқан, аласапыран аралас дүние ғой. Біз үшін ең қымбат байлығымыз – тыныштығымыз, бірлік-берекеміз. Елбасымыздың ерен еңбегін жоққа шығару – әділетсіздік болмақ. Шекараны бекітіп, даудың бәрін шешкен, мөр басып бекіткен ерлігіне көз жұму – қиянат. Жердің сатылмауына мүдделі бір адам болса, ол – Елбасымыз», — дейді ақын.
Айтыскер ақын, сонымен қатар «басшыға разы болмау – тағдырға разы болмау» екенін де ескертті.
«Басшыға бағыну – Алланың әмірі. Оған қарсы шығу былай тұрсын, сыртынан ғайбаттаудың өзі – ауыр күнә. Басшыға разы болмау – тағдырға разы болмау. Біздің міндетіміз: Ия, Алла, патшамызға күш-қуат, xидаят, адал уәзірлер бер, әрқашан қазағымызға, мемлекетімізге пайдалы шешім шығаруын нәсіп ет, xалқымызды ойы пасықтың ойраны, көзі қысықтың қырғыны, дұшпанның зұлымдығынан сақта деп дұға жасау», — деген ақын сөзінің соңын өлеңмен жеткізді:

Патшаға зіркілдесе баласы жас,
Ол елдің әдебі пәс, санасы лас.
Бәрібір өзі құрған мемлекетке,
Ешкімнің елбасыдай жаны ашымас.

Nur.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз