Қалпына келтіру пойызының басшысы Мұрастан Мизановты іздеп жұмыс орнына барғанбыз. «Зейнетке шықты, бүгін Құрметті демалысқа шығарып салу кеші» дегенді естіп, Құрметті теміржолшымен сұхбаттасып, теміржол шаруашылығына тағы да тереңдеу бойлауға алып-ұшып барған көңіл су сепкендей басылды.

Сыртқа шықсақ, «Іздегенге сұраған» дегендей, ағамыз сол жерден табыла кетті. «Зейнеттемін» деп үйде қол қусырып отырудан әріптестерін көріп, сүйікті жұмыс орнынан хабар алуды жөн санаған ол өзі бір кездері жетелей жүріп жұмыс үйреткен ізбасарларымен әңгі­мелесіп, жөн сілтеп тұрған бо­йы екен. Әріптестері де көрген­ деріне қуанышты…

Сол күні айтылғандай, бүкіл ғұмырын темір жолға арнаған теміржолшының еңбегін елеген Маңғыстау магистарьлдық желі бөлімшесі арнайы кеш ұйымдастырып, демалысқа зор қошеметпен шығарып салды. Бөлімше бастығы Мұхтар Бақтыгереев пен оның орынбасарлары, кәсіподақ комитетінің төрағасы Ерназар Ізтұрғанов бастаған НЖС-­ке қарасты басқа да мекемелердің басшылары, жас буын теміржолшылар, барлығы құттықтап келіп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Теміржол шаруашылығын дамытуға қосқан үлесіне ризашылықтарын айтып, естелік сый­ сыяпаттар табыстады. Бірге жұмыс жасап, көп жылдардан қатар келе жатқан теміржолшылар бұрынғы естеліктерден сыр шертіп, саланың бүгінгі жетістігі мен өздері көрген кешегі күндердегі қиындықтарды сөз етті. Мұрастан Мизанұлының өмір жолын өзгелерге үлгі қылып көрсетті.

М.Мизанов шойын жол шаруашылығына 1973 жылы келіпті. Сол кездердегі мектеп жағдайына, түбекке темір жол келуіне байланысты ата­аналары бірнеше жерде көшіп-қонып жүргендіктен орта мектепті төрт жерден оқып, бітіруге мәжбүр болады. Оншақты баланың ішінде өскен ол орта білімімен өзіне жақын разъезге жұмысқа тұрып, Бейнеу мен Маңғыстау станциялары арасындағы біраз бекетте кезекші болады. Ептілігінің арқасында мұны мекеме басшылығы 2 жылдан кейін Алматыға оқуға жібереді. Автоматика, телемеханика және байланыс мамандығын игеріп келген жас түлекті Сайөтес станциясына аға электромеханик етіп жібереді. Осылай темір жолда шыңдалу жылдары басталып, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанция­ сында, Маңғыстау станциясында бас инженер, 1996 жылдан биылға дейін қалпына келтіру пойызында басшы міндеттерін атқарады. Қалпына келтіру пойызын басқарған осы жылдар ішінде техниканың жағдайы жақсарып, мекеменің шарбағы жасыл желекке оранып, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау, басқа да жұмыстар жағынан жақсы нәтижелерге қол жеткізіледі. Біраз наградалардың иегері атанады. Өткен жылы темір жолдағы ең жоғары атақ – «Құрметті теміржолшы» белгісін алады. Осылайша, бақытын еңбектен тапқан жан отбасында аяулы әке, сүйікті жар болып, қазірде мейірбан ата. Құдай қосқан қосағы Қайша Шеркешбаевамен бірге темір жолға маңдай терлерін сарқа жүріп, 3 баланы жеткізеді. Бүгінде оншақты немере, жиендері бар. Балаларының бірі органда мемлекет мүддесі үшін қызмет етсе, екіншісі – жеке кәсіппен айналысып, шаруасын дөңгелеткен кәсіпкер. Қызы бір үйдің түтінін түтетіп, шаңырағын айрандай ұйытып отыр.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: XIII «Жұлдызай» балалар фестивалінің облыстық кезеңі өтті

– Шүкір, жағдайымыз жақсы. Қандай жетістікке жетсек, бәрі де оңайлықпен келмегенін мен де, жұбайым да жақсы білеміз. Ол станция кезекшісі, тауар кассирі болып, бірнеше жыл бұрын зейнеттік демалысқа шықты. Екеуміз де жұмыстан босамайтын, қиын­-қыстау күндер­ де кездестік. Бірақ мойымадық, алға ұмтыла бердік. Міне, енді соның зейнетін көретін шаққа жеттік, – дейді Мұрастан аға.

Шахида ЖҰМАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз