Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Жиын күн тәртібінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік, жекешелендіруді жүргізу барысы және 2018 жылдың бірінші тоқсанында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін іске асыру, сондай-ақ білім беруді цифрландыру мәселелері қаралды.

Облыс басшысы Ералы Тоғжан өңірдің әл-ауқатын көтеріп, өндіріс көздерін көбейтудің жаңа шешімдерін шығарып, халықты жұмыспен қамту керектігін атап өтті. «Ең алдымен өңірде жаңа өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді жолға қоюымыз қажет. Былтыр ауыл шаруашылығына 460 миллион теңге көлемінде ақша аударылған, биыл 2 миллиард теңге жобасында. Маңғыстау облысында орта және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндіктер өте үлкен. Шағын несиеге 5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, 6 пайызбен берілмек. Бұл да аз қаржы, аз мүмкіндік емес. Бұл қаражаттардың қайтарымы, есебі бар. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңір дамуының көрсеткіштерін көтеруіміз керек», — деді облыс әкімі Е.Тоғжанов.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша Маңғыстау облысының өңірлік МЖӘ орталығы АҚ басқарма төрағасы Елдан Әлібеков баяндады. Оның айтуынша, қазіргі кезде Маңғыстау облысында экономиканың әртүрлі салаларында 239 млрд. теңге жалпы сомасына 37 МЖӘ жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде 8 608, оның ішінде құрылысын салу кезеңінде – 6 139, пайдалану кезеңінде – 2 469 қосымша жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

«Бұл жобаларды жүзеге асыру есебінен 1 587 жұмыс орындарын құру жоспарлануда. 8,3 млрд. теңге сомасына инвестициялар тартумен 11 жоба бойынша МЖӘ шарттары жасалынды, оның ішінде: Тұрғын үй құрылысы – 1 жоба (құны – 2 338 млн. теңге); Білім беру – 8 жоба (құны – 2 034 млн. теңге); Денсаулық сақтау — 1 жоба (құны – 51 млн. теңге); Дене шынықтыру және спорт — 1 жоба (құны – 3 861 млн. теңге). Жобаларды іске асыру есебінен 1 313 адам жұмыспен қамтылатын болады. Сондай-ақ, 110 млрд. теңге сомасындағы 10 жоба іске асыру сатысында тұр», — деді Маңғыстау облысының өңірлік МЖӘ орталығы АҚ басқарма төрағасы Елдан Әлібеков.

Сонымен қатар, жиында жекешелендіруді жүргізу барысы және 2018 жылдың бірінші тоқсанында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін іске асыру туралы Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Әлібекова мәлімдеді. Жекешелендірудің 2017-2018 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес облыс бойынша жекешелендіруге 20 нысан қарастырылған. 2017 жылы 15 нысанды жекешелендіру жоспарланды, оның ішінде 7 нысан жүзеге асырылды (25,9 млн.т. 2 объект сатылды, сенімгерлік басқаруға 2 объект берілді, тарату туралы шешім қабылдануына байланысты 3 объект сауда-саттықтан алынды). Қалған 8 нысан қатысушылардың болмауына байланысты өтпеді деп танылды. 2018 жылы жоғарыда көрсетілген 8 объектіні есепке алып, Кешенді жоспарды толық жүзеге асыру үшін, 13 нысан жекешелендірілуі тиіс.

«Жекешелендіру объектілерінің сату мерзімдерін қайта қарау бойынша Үкімет тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдігі сату кестесі мен жол картасын қайта бекітті, онда 5 объект кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беруге; 3 объект аукцион арқылы сатуға; 1 объект басымдықпен сатып алу құқығымен сатуға, 4 объект экономика орындылығы мақсатында таратуға жатады», — деді Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Әлібекова.

2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың жергілікті бюджетінің кірісі 36,2 млрд. теңгені немесе есепті кезеңнің жоспарына 117,9% құрады (жоспар 30,7 млрд. Теңге). Кіріс жоспары барлық аудандар мен қалаларда толығымен орындалды. Бөлімдер бойынша кірістердің өсуінің негізгі үлесі салық түсімдерімен есепке алынады, бұл жалпы табыстың 75,5% құрайды.

Сонымен қатар, аппараттық жиында Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова білім беруді цифрландыру туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда облыстағы оқу орындарында 6200 компьютер бар. Олардың 694-і ауыстыруды талап етеді. Көбі ескірген компьютерлер (1 компьютерге 13 оқушы). 2018 жылға арналған жергілікті бюджеттен бұл мәселені шешу үшін 300 млн. 1580 компьютер сатып алу қарастырылған. Барлық мемлекеттік мектеп интернет пайдалана алады. 124 мектеп (92,5%) кең жолақты интернетке қосылған. Қазіргі таңда мектептерді 100% кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары 2018 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. 134 (100%) мектеп «Bilim Media Group» компаниясының цифрлық білім беру ресурстарына қосылған. Мұғалімдер мен ата-аналар үшін «Дерек» — азаматтардың өтініштері электрондық жүйелердің мобильді қосымшалары енгізілді. Мектептердегі Wi-Fi қолжетімділігі — 75%.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы білім саласындағы мәселелерді, атап айтқанда құжат алмасу ісін толықтай электронды үлгіге көшіру, ауыл-аймақтарға кең жолақты интернет желілерін жеткізу, мектептерді компьютерлік құрал-жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етуді жауапты мекеме басшыларына жүктеді.

Сонымен қатар, өңір басшысы қаланың орталық аудандарында халық жиі жүретін орындарды жақсарту, көріктендіру, гүлдермен абаттандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздік жағдайларын қатаң бақылауға алуды жүктеді. Үлкен жолдар бойына веложол жүргізіп, қала тұрғындарының серуендеп, тынығатын орындарын кеңейту керектігі баса айтылды.

Жайық НАҒЫМАШ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз