Биыл Маңғыстау өнер колледжінде жыр-терме мамандығына кемінде 10 грант бөлу жоспарлаyуда. Қазақтың өнерлі ортасында Маңғыстаудың жыр мектебі қашан да ерек тұратыны белгілі. Олай болса, өлкеміздің жастары үшін бұл үлкен мүмкіндік болып отыр.

Жыр-терме мамандығы неге жабылған?

Сөзімізді әріден бастасақ… Маңғыстау өнер колледжінде жыр-терме класы былтыр ғана ашылыпты. 19 жыл бұрын жыр-терме мамандығы өнер ордасында жабылып қалған. Дәл осыған байланысты 1997 жылы «Маңғыстау» газетінде Әбу Мұрат Базарханұлының «Ақтаудағы облыстық өнер колледжіндегі «ЖЫР-ТЕРМЕ» класы жабылу қаупінде» деген жанайқайы жарық көреді.

Мұнда Маңғыстаудың жыр мектебін әлемге танытқан Амандық Көмекұлын жыр-терме курсын үйретіп отырған жерінен жұмыстан шығаруды ойлап жүргенін айтады. Басты сылтау – «Амандық жыршы инженер-гидротехник мамандығын бітірген, кәсіби музыкант маман емес».

Мақалада: «Ал биыл өнер колледжінің «Жыр-терме» бөліміне талапкер оқушылар қабылданбауын кімнен көреміз? Орыс тілінің өлмейтіні сияқты фортепиано, скрипка тәрізді кең өрістеген жанысірі өнер түрлері де өлмейді. Ал, керісінше, осыған дейін де танымы тар шеңберлі, өрісі мен өресі өспеген, бер жағын айтсақ, ең азы басқа облыстар мен Астана жұрты әлі білмейтін, олардың құлағына әлі жетпеген Маңғыстаудың мың құбылған маржан сазы, соның ішінде жыр-терме інжулері «таз кепеш» киген күйі босағадан сығалап, елеусіз-ескерусіз әлде де қала беретін тұрі бар«, — делінеді («Маңғыстау» газеті, 1997-16 қазан, 3 бет).

Бұл кезеңнен бері көп дүние өзгерді. Өлкеміздің жыр мектебі тұтас Қазақстанға жайылып, Абыл, Нұрым, Қашаған мен Сүгірді өзге өлке өрендері де жатқа айтатындай деңгейге жетті. Олай дейтініміз, жалғыз өнер ордасы қажет етпеген әйгілі жыршы Амандық ағамызды Астананың оқу ордасы «Маңғыстау жыр мектебі» класын басқаруға шақырып, қазір сонда отыр. 20-ға жуық жылда  жыр-терме айтып, қасиетті өлкемізден шыққан талантты, ерек дауысты жыршыларымыз аз болған жоқ. Бір ғана мысал, «Мен қазақпын» мега-жобасының жеңімпазы маңғыстаулық Оспан Құлсымақтың бүгінде жеңісі бар да, кәсіби дипломы жоқ.

 Жыр-терме сыныбы қайта жанданбақ

Қош, сонымен, ауыл ақсақалдарының аманатын арқалаған азаматтар Сабыр Адай, Светқали Нұржан бастаған ақындарымыз бен қазаққа жаны ашитын бір топ азаматтар бірігіп үлкен бастама көтерді. «Маңғыстау жыр-термесін бүкіл қазақ халқы ұйып тыңдап, ұлттық бренд ретінде бағалап жүрген кезде, өңірімізде осы жырды кәсіби түрде үйрететін бірде-бір оқу орны болмауы – азаматтығымызға сын» деді олар. Осы ниеттің арқасында былтыр Маңғыстау өнер колледжінде жыр-терме сыныбы «Домбырамен ән салу» бөлімінде қайта жанданып, 3 оқушы грантқа қабылданды.

— Өңіріміздің әр ауданында жыр-термеге үйрететін үйірмелер бар. Одан қалса, балалар ата-әжесінен, өздігінен жыр-терме жаттап, үйреніп жатады. Абыл, Нұрым, Қашаған өмір сүрген қасиетті өлкеде жыршы-термеші боламын деген ынталы, талантты жастар көп болуы заңды ғой. Жылдан-жылға ниет білдірушілердің саны артып келеді. 2017 жылы оқу басталмас бұрын, 19 оқушыға емтихан өткізіп, 3 баланы жыр-термеге қабылдап алдық. Балалардың бәрі де талантты еді, әттең грант саны шектеулі болды, — деп қынжылады «Домбырамен ән салу» бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Ерімбетова.

— Маңғыстау өнер колледжі — толықтай мемлекеттік оқу орны. Өнер сатылмайды, сол себепті өнер саласындағы колледжде ақылы топтар жоқ. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 70 грант бөлінеді. Біз өнердің әр түрлі саласына гранттар санын үлестіреміз. Жыл сайын жыр-терме класына түсетін балалардың саны аз болып келеді. Жалпы жыр деген мамандық жоқ. Дәстүрлі әнші деген маман иесі бар, егер студент жыр айтамын деп жатса, ары қарай жыр-термені өздігінен дамытып жатады. Себебі Жаңбырша Айтберген деген ұстазымыз Маңғыстау жырларының саздарын, мақамдарын нотаға түсіріп, кітап қылып шығарды. Кітап болып шыққан дүние ешуақытта да жоғалмайды. Маңғыстауда 30-дан аса мақам бар екен. Ақылбек Өтешов, Сержан Шәкірат ағаларымыздың орындауындағы көптеген жырлар нотамен хатталып, жүйелеп шығарылды. Маңғыстау жырларының болашағы зор. Келесі жылы жыр мамандығына грант бөлініп жатса, өте жақсы болар еді, — Маңғыстау өнер колледжінің домбыра-прима мамандығы бойынша ұстазы, ардагер, профессор Аманбек Сүндетов.

Ал биыл көптен күткен қуанышты жаңалықты Өнер колледжінің директоры мен облыстық білім басқармасы жеткізді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Нұрлыбек Көбейсінұлының айтуынша, биыл жыр-терме мамандығына бөлінетін грант 3 есе ұлғаймақ. 

— Қазіргі таңда Маңғыстау өнер колледжінде 5 мамандық бойынша 170 студент білім алуда. Оның ішінде, дәстүрлі жыр мамандығынан білім алып жатқандар да бар. Биыл 2018-2019 оқу жылында жыр-терме мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырысты 3 есеге ұлғайтуды көздедік. Сонымен дәстүрлі жыр мамандығына 10 грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл мамандыққа өңірімізде сұраныс бар. Мемлекеттік тапсырысты мәдениет саласы, сондай-ақ еңбек нарығына қатысты үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың сұраныстарымен қалыптастырып отырамыз, — дейді Нұрлыбек Көбейсінұлы.

Дегенмен Нұрлыбек Көбейсінұлының айтуынша, ресми жауап осы жылдың мамыр айында шығады. «Жыр-термеге грант бөлу жайлы Білім министрлігіне ұсыныс береміз, соған байланысты құжаттар дайындап жатырмыз. «Рухани жаңғыру» аясында бұл ұсынысымыз оң шешімін табады деген үміт бар. Ал мамырда қай мамандыққа қанша грант бөлінгендігі жөнінде ресми ақпарат жарияланады», — дейді ол.

Өнер колледжінде проблема аз емес

Ақтаудың 5 шағынауданында орналасқан кішкене ғана ғимаратқа бас сұқтық. Тәуелсіздік алған жылдарда балабақша деп салынған көп ғимарат оқу ордасына айналып кеткені белгілі. Сонымен өнер колледжіне жыр-терме дауын арқалап барған журналистерге басқа да мәселелердің шеті көрінгендей болды. Өнер колледжі ұжымы жаңа ғимарат алуды 24 жылдан бері күтіп келе жатқанын айтады.

— Біздегі ең басты проблема – арнайы ғимарат жоқ. Өзіңіз көріп отырғандай, бұрынғы балабақша ғимаратында отырмыз. Ендігі жылы қалалық әкімдік жер береміз деп жатыр, әзірге күтеміз. Егер осындай мүмкіндік жасалса, Өнер колледжі мамандықты көбейтіп, классты кеңейтер еді. Білім басқармасы биыл жыр-терме бойынша 10 грант бөлуді уәде етті. Мұны тек қуана қолдаймыз, — дейді Өнер колледжі директоры Жайнаш Манова.

— Жыр-термешілерді оқытуға ғимараттың тарлығы үлкен кедергі келтіріп отыр. Мамандықты оқытайын десең кабинет жетпей жатады. Бір кафедрадағы 4 мұғалім бір кабинетте кезекпен-кезек бала оқытады. Біздің колледжде студенттер таңнан кешке дейін жүреді. Өзге оқу орындары сияқты емес, күні бойы оқиды. Кейде балалар кабинет жетпегендіктен дәлізде тұрып дайындалып жатады, бұл бізге сабақ өткізуге кедергі, — дейді Ақмарал Ерімбетова.

Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Көбейсінұлының айтуынша, биыл қалалық әкімдіктен жер телімі бөлінсе, жобалық жасақтауды бекітуге, ғимарат салуға кем дегенде 2 жыл уақыт кетеді екен.

Ақтаудағы өнер мектептері қосылуы мүмкін

Тағы бір мәселенің шеті шықты. Облыста музыкалық 2 мектеп, атап айтқанда Абыл Тарақұлы атындағы өнер мектебі мен Балалар музыка мектебі қосылғалы жатыр екен дегенді естіген колледж басшылары болашақ студенттеріне алаңдаулы. «Бізге Ақтаудағы  2 өнер мектебін бітірген балалар келеді және олардың өнерде негізгі кәсіби білімі бар. Керісінше, жаңа шағынаудандардың ашылуына байланысты балалар үшін тағы бір өнер мектебін салып берудің орнына, жылдар бойы үлкен жеңіске жетіп келген 2 мектепті біріктіру ақылға сыймайды» дейді олар.

Ал Нұрлыбек Көбейсінұлы оны былай түсіндіреді:

— Әлі түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Қазір көп мекемелерді жекешелендіру мәселесі жүріп жатыр. Үкімет бағдарламасына сәйкес, бір-бірін қайталайтын ұйымдарды қосу жөнінде қаулы бар. Бұл өнер мектебінің біреуінің ғимаратын тартып алады деген сөз емес. Екі мектепті біріктіру арқылы бір басшылық, бір бухгалтерия мен кадр бөлімі қалады, ал мектептер бұрынғыша сол контингентпен жұмысын атқара береді, яғни үйірмелер сол күйінше қалады, ешқандай қысқарту болмайды.

Түйін

— Бұған дейін жыл сайын жыр класына түсемін деп барған жастар амалсыз күйге немесе примаға түсіп кетеді. 1997 жылдан бастап 2016 жылға дейін Өнер колледжінде жыр-терме класы болған жоқ. Біз қаншама жыр-терме байқауы мен кештерін ұйымдастырып келеміз, халықтың жыр өнеріне деген қызығушылығы жоғары. Жастардың талабы таудай биік. Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысы Зейнеп Тастемірованың қолдауымен биыл 10 грант бөлінбекші екен. Бұл — барлық маңғыстаулықтардың жеңісі. Биыл кемінде жыр-термеге 100 бала тапсырады деп ойлаймын, — дейді «Сөз бен саз» бағдарламасының авторы Бердіхан Әлмен.

Айта кетейік, Маңғыстау өнер колледжіне түсу үшін құжаттар маусымның 21-інен бастап бір ай бойы қабылданады, ал емтихандар шілденің 21-інен кейін тапсырылады. Жыршы-термеші боламын деген жастар, биыл қапы қалмаңыздар!

Араға ұзақ жыл салып «ЖЫР-ТЕРМЕ» дәуірі қайта өрлейтініне сенгіміз келеді…

Айгүл ДӘДЕН  

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз