Өткен сенбіде  Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Caspian Start-Up 2018» стартаптар байқауының іріктеу кезеңі өтті. Байқаудың екінші кезеңіне 140-тан аса жоба келіп түскен, деп хабарлайды НЗМ баспасөз қызметі.

Тұңғыш  стартаптар байқауын Назарбаев Зияткерлік мектебі мен МО білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Байқаудың басты мақсаты – жаңа жобаларды таныстыру алаңын құру, инновациялық бірлестіктің әлеуетін көрсетіп, оны қолдау.

— Жарысқа қатысуда белсенділік танытып, бизнес бастауды ойлайтын оқушылар мен студенттердің көп екендігіне қуаныштымыз. Осындай кәсіпкерлікке бейімі бар жастарды қолдап, оларға кәсіпкерлер мен сарапшылар көмегімен бағыт-бағдар көрсетіп, жобасы бизнес бастауға тиімді болып жатса, кәсіпкерлермен тілдесуге жағдай жасауды жоспарлап отырмыз, — дейді Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ермек Пайзов.

Айта кетейік, сайыс  үш кезеңнен тұрады. Жобаға қатысушы ең алдымен бастағысы келетін бизнес туралы екі минуттық видео түсіруі тиіс. Содан соң жобаның маңыздылығы, сұранысы, тиімділігі туралы презентация дайындап, caspianstartup.kz сайтына  7-сәуірге дейін тіркелді. Ал 14 сәуір күні байқаудың қазылар алқасы Назарбаев Зияткелік мектебіне келген жобалардың ішінен ең үздік 20 жобаны таңдап, ақтық кезеңге жолдады.

Сонымен, іріктеуден өткен 20 жоба мен жоба тақырыптары төмендегі тізімде:

  1. Аманғали Қуаныш Қайыржанұлы — Zhureq: система поиска потенциальных доноров крови
  2. Айдарбекова Динара Рахатқызы — Ешкі  щаруашылығы
  3. Акуал Диана — Дети как источник энергии
  4. Ақуал Дана Қанатқызы — Второй сафари- Дубай в мангистауском Туйесу
  5. Аманкосова Назерке Абайқызы — Eco – home and green technology of Aktau
  6. Байеділова Ырысты, Байеділов Баймұрат — Қоғамдық био-әжетхана
  7. Бегайдар Ләтифа Көнебайқызы — Тұрмыстық қағаз қалдықтарын қайта өңдеу
  8. Дүйсенбек Абылайхан – Балбөбек
  9. Жубаева Азиза Мирасовна — «Такси-няня»
  10. Жаспенова Мариям — Строительство дорог из водопоглащающего бетона
  11. Лауахаев Нұр Сұлтанұлы, Салиев Бекзат Төребекұлы, Аягузов Ғалымжан Құралұлы — Жаңғырған ойындар — асықтар әлемі
  12. Мұханалиев Нұрғазы Нұржанұлы, Қараноғаев Әлібек Дидарұлы — Ұнтақталған қымыз, шұбат және оның өнімдері
  13. Өтелбек Райм — Инновационная рассада
  14. Далбаев Данияр Адильбекович — Независимое отопление
  15. Сақы Ернар Нұрланұлы-«Қызылтөбе ат спорт кешені»
  16. Тангбаева Лиза Тазабайкызы. Мудиева Сафият Кенжетайкызы — Ақылды және дербес мал шаруашылығы
  17. Тілес Ертай — Маңғыстау аймағында адыраспан өсімдігінен алынатын өнімдерді өңдеу
  18. Тулешов Бектайыр (Атырау, НЗМ) — Синтетикалық тамақ
  19. Тұрғанбаев Атабек — GeoAlan.kz
  20. Джансатов Арман Сакенович – AntiDrow
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қоқыс өңдеу – «Жасыл экономикаға» қадам

Қызықты жоба иесінің бірі — Айдарбекова Динара, ол ешкі сүті тез бұзылып кететіндіктен, ешкі сүтінен ұнтақ сүт (порошок)  жасап шығаруды ұсынады.  Аманғали Қуаныш  қан беруші донорларды бір арнаға тоғыстыратын сайт (жүйе) жасауды алға қойған. Бұл жүйе арқылы донор болуға ниетті адамдардың қан тобы, кез келген қан тобына қажеттіліктер мен тапсырыстарды біліп отыруға болады. Ақуал Дана есімді жоба қатысушысы Маңғыстаудағы  Түйесу жерін Дубай сияқты туризмдік аймаққа айналдыруды көздейді, яғни Дана түйе малын сол жерге әкеліп, туризмдік нысан, этномекен жасауды ұсынады.

Аталған 20 жоба авторы 21 сәуірде бизнес-жобаларын кәсіпкерлер мен қазылар алқасының алдында қорғайды. Байқаудың жеңімпазына жобасын бастау үшін 300 мың теңге беріледі. Ал, ІІ орынға — 250 мың, ІІІ орынға  200 мың теңге қарастырылған.

Стартап жобалар байқауының бас демеушісі «Forte bank» АҚ Маңғыстау облысындағы филиалы мен «MKS Logistics» ЖШС. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облыстық филиалы, «Mediana» ІТ-компаниясы, «Жас Отан» жастар партиясы, «Mangystau» телеарнасы және «Inaktau.kz» қалалық ақпараттық порталы – байқау серіктестері.

Айгүл ДӘДЕН
Суреттер НЗМ баспасөз қызметінен алынды

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз