Бұл туралы Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ерұлан Мырзатаев Ақтау қаласын жаңғырту тұжырымдамасының таныстырылымында айтты.

Ақтау қалалық кірістер басқармасы қала әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік бюджеттен қаржы алып отырған мекемелерге талдау жүргізіпті. Е.Мырзатаевтың айтуынша, Ақтау қаласындағы 58 асханадан жергілік бюджетке бар-жоғы 87 078 мың теңге түскен. Мүлік салығына 10 527 мың теңге, жер салығына 2 687 мың теңге, көлік салығына 372 мың теңге аударылған. Ішінде екі асхана алып отырса да бірде-бір жұмысшыны көрсетпеген немесе 34 асханаға ортақ 11 ғана жұмысшыны көрсеткен асханалар бар.

Мұндай жағдай жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын балабақшаларда да бар. Айталық, Ақтау қаласындағы 37 балабақшаның 32-сі ғана 2017 жылы жергілікті бюджетке 57 366 мың теңге салық, 603 мың теңге мүлік салығын, 57 мың теңге жер салығын төлесе, қалған 5-уінен салық түсімдері түспеген.

«Бұл бес балабақша жер салығын, мүлік салығын төлемесе, яғни жері не мүлігі болмаса – олар қайда орналасқан? Кейбір балабақша бір ғана жұмысшыны көрсеткен. Сонда балаларды кім тәрбиелеп жатыр? Шынында, бұл балабақшалар әрбір бала үшін жергілікті бюджеттен кемінде 17 мың теңгеден ақша алып отыр», — дейді ол.

Ерұлан Мырзатаев тұрғын үй салумен айналысатын 33 құрылыс компаниясының былтыр 28-інен ғана салық (199 667 мың теңге) түскенін айтты.

«18 компания мүлдем жер салығын төлемеген. Егер мүлігі, жері болмаса, үйді қайда салып жатыр? Мәселен, 11 мекеме мүлдем жұмысшы көрсетпеген. Сонда үйлерді кім салып жатыр?» — деп сауал тастады Е.Мырзатаев.

Облыстық және қалалық кірістер органы бірлесе құрған жұмысшы топ Ақтаудағы құрылыстарды аралап, компаниялардың жұмысшы санын кем көрсеткенін анықтаған. Яғни, бұл жұмысшылардың зейнетақы қорына не әлеуметтік сақтандыру қорына бірде-бір теңге аударылып жатқан жоқ деген сөз.

Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов бұл тек салық басқармасының ғана емес, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының да міндетіне кіретінін атап өтті.

«Бюджетке салықтың түспегені бір бөлек, бұл адамдарға тиесілі төлемдердің аударылмауы – екіші мәселе», — деді облыс әкімі.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Слайдтарды Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз