Өткен ғасырдың елу төртінші жаңа жылында Ұштаған ауылдық кеңесінің хатшысы Жиенқұлдың тұңғышы ұл бала өмірге келіп, қуанышқа бөлеп жатты.

Ауылдың адамдары сә­биге Есболай деп атын қойған. Жиенқұлдың анасы­ның атына құтты болсын айта отырып, Жиенқұлға: «Жалғыз жігіт едің, өзіңе лайықты, есті азамат бол­сын!» десті. Жаратқан бала Есболайға әке қамқорлы­ғын көруді ұзаққа бермепті, қатерлі ісік ауруына шал­дыққан Жиенқұл отыз жеті жасында 1964 жылы өмір­ден өтеді. Екі анасының қамқорлығымен Жиенқұл­дан қалған төрт бала өседі. Мектепке алты жасынан барған баланың үлкені Есболай 1970 жылы Ұштаған аулындағы орта мектепті жақсы біті­ріп, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факульте­тіне оқуға түседі. Қызығы мен қуанышы көп студенттік өмір болашақ тіс дәрігері боламын деп оқып жатқан Қыстаубай, Қуан сияқты ауылдас жігіттермен өтіп жатады. Қайда да ілгеріден ойлайтын Қыстаубай Жен­ПИ жаққа алаңдаулы. Сөйтсе автобуста Атыраудың бір қызымен таны­сыпты. Қыстекең таңертеңнен бастап Есболайға «ЖенПИ де өтетін студенттердің кешіне барайық», — ­деп қолқа салады. Сол уақыттағы сту­денттік өмірдің сәні жатақханада сенбіде өтетін студенттердің би кеші еді. «Мені көр» ­- дегендей болашақ ұстаз қыздар жатақхананың залын толтырып тұр. Сол күнгі кеште Есболай өзінің болашақ жары, бүгінгі балаларының анасы Күләнмен танысады.

Үйленген екі жас маман 1977 жылы ауылға оралады. Есболайды аудандық орталық аурухананың басшылығы сенім артып, аудандық партия комитетінің келісімімен Ұштағандағы ауылдық ауруханасына бас дәрігер етіп тағайындайды, Күлән орта мектепте химия мен биологиядан сабақ береді.

Екі жыл ауылдық ауруханада бас дәрігер қызметін атқарған Есболайды аудан­ның бас дәрігері 1979 жылы ауданның бас бала дәрігері қызметіне та­ғайындайды. Оқу бітіріп келген баласын күткендей екі анасы да пәни өмірден бақиға өтеді. Күлән Есболайдың артынан ерген екі қарындасы мен інісіне ана орнына ана, жеңге орнына жеңге болады.

Шетпеге кел­ген Есболайдың қызмет жүйесінде сол уақыттағы талапқа сай барлық елді мекендерде сүт кухняларын ұйымдастыру, аудандағы балаларға медициналық қызмет жүйесін жақсарту, нәресте өлімін азайту, бала­лар бөлімшесінде интенсивті терапия көмегін ұйымдастыру сияқты ауқымды жұмыстар тұрды. Аудандағы барлық елді мекендердегі емдеу орындарын ай сайын аралап, профилактикалық егу жұмыстарын жолға қоюдан басқа, ауруханадағы бала дәрігерлері А.Сейітмағанбетов пен А.Көркембаевалармен бірге тұрақты ургенттік кезекшілік қызметі тағы бар. Ауданның бас дәрігері Барахат Абаев ағасымен бірге аудандық пар­тия комитетінің бюросы мен облыстық денсаулық сақтау бөлімінің алқа жиындарында балаларға медициналық көмекті жақсарту ісіне белсене ат салысты. Балалар арасындағы 3­4 жылда көтеріліп тұратын сары аурудың уақытында қосымша эпидстационар ашу, уақытылы көмек ұйымдастыру ісі тағы бар. «Балапанды күзде санайды» дегендей, жыл сайын тоғыз айдың қорытындысымен қызметке баға беру үшін, Алма­тыдан Педиатрия институты мен Денсаулық сақтау министрлігінен ар­найы комиссия келеді, кемшілік бетке басылып, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің алқа мәжілісінде жауап беріледі. Бір ерекшілігі сол, Маңғыстау ауданында қатаң жағдайдағы нәресте мен балаларға интен­сивті көмек көрсету ісі, әсіресе көктамырға катетер қою (подключичная катетеризация) арқылы ем жүргізу ісі облыстағы емдеу орындарымен қатар жүзеге асты. Тәжірибелі дәрігер, әріптес аға, бөлім меңгерушісі Амангелді Сейітмағанбетовпен бірге жүздеген ата­-ананың алғысын алды. Жаңадан келген жас педиатр мамандарға тәлімгер болды, біл­генін үйретті. Аудандық атқару комитетінің мәжілістерінде тыңдалатын денсаулық сақтау орындарының қызметі, балабақшалардың жайы туралы мәселелерде комиссия құрамында болып, тиісті шешімдерді дайындауға қатысты.

Ол уақытта орындалмайтын шешім көп болмай­тын, орындалысына қатты бақылау болатын. 1990 жылдың күзінде екі жыл бұрын жабылып қалған Маңғышлақ облысы қайтадан ашылған уақытта Есболай Қарақия ауданының Жетібай аудандық ауруханасына бас дәрігерлік қызметке тағайындалды. Ауруха­нада кадр жеткіліксіз, басшылары жиі ауысқан, жұмыс жүйесі әлсіреген аурухана үшін қиын уақыт болатын. Жетібайда аудан халқының 65 пайызы тұратын, төрт жолдың торабы, жүздеген жұмысшысы бар үлкен мұнай өндірістік кәсіпорны орналасқан елді мекен болатын. Бірінші кезекте жедел жәрдем жұмысын тұрып қалған автокөліктерін өндірістік кәсіпорынның басшыларының көмегімен жүргізіп, білікті орта мамандармен толықтырып, жолға қоюдан бастайды. Екінші кезекте хи­рургия саласын көтеру үшін Шетпеден білікті хирург А. Дүйсембаевты қызметке шақырып, үй алып беріп бөлімнің толыққанды жұмыс жасауы­на қол жеткізді. Өзі бас дәрігер болса да, білікті мамандар жетіспегесін, бұрынғыша ауруханада ургент педиатр­ дәрігер болып, сол қызметтен кеткенше 26 жыл бойы атқарды.

Ескі Жетібайда орналасқан аурухана үйі ешбір талапқа сай келмейтін. Әрине жыл сайын қолдан келгенше жамап­-жасқаудан басқаға мүмкіндік болған жоқ. Еліміздің экономикасы қиын жылдарда азаматтық беделін пайдаланып, жергілікті басқару орындарына тиісті мәселелер қойып, аурухананың қалыпты жұмыс жасауына қол жеткізді. Елдегі жағдай түзелгеннен бастап облыстық басқарманың басшылығының алдына Жетібайда жаңа аурухана салу қажет екендігін дәлелдеп, мәселе қойды. Ақырында проект жасау қажет деген шешімге қол жеткізді. Бас дәрігердің тиянақты талабының қорытындысында Жетібайда үш қатарлы типтік жобадағы аурухана ел игілігіне берілді. Аурухананың емхана бөлімі өз баспанасы болмағасын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында бір кездері жүйке ауруларына арнап салынған ескі ғимаратқа орналасқан болатын. Мұнайшы, Жетібай стансасындағы халықтың емханалық көмек алуының проблемасы жеткілікті болатын. Тиісті орындарға мәселені бір­неше рет қойғаннан соң 2007, 2015 жылдары Мұнайшыда халық санына сай екі типтік жобадағы емхана, 2009 жылы Жетібайдың орталығынан екі қатарлы типтік жобадағы аудандық емхананың құрылысы басталып, ел игілігіне берілді. Жаңа автокөліктер алынып, Мұнайшыда жедел жәрдем стансасының филиалдары ұйымдастырылды. Халыққа уақытылы же­дел көмек көрсету жолға қойылды. Жаңадан ашылған емдеу орында­рына алынған рентген, УЗИ, стоматологиялық қондырғы мен басқа да медициналық аппараттарға мамандарды даярлықтан өткізіп, жұмыс жа­сауына мүмкіндік тудырды. Жыл сайын еліміздің медициналық университеттерінен жас мамандарды қызметке шақырып, ауданның әкімі арқылы баспана мәселесін шешіп, халыққа медициналық көмектің қол жетімді болуын қамтамасыз етті.

Қызметті ұйымдастыра жүріп, еліміздің білім жетілдіру орталықтарында, шетелде де болып өзінің дәрігерлік білімін тұрақты көтеріп отырды. Алматы, Ақтөбе қаласындағы медициналық университеттердің базасында клиникалық тәжірибеден өтсе, Лондон мен Москва қалаларында денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру бойын­ша арнайы курста оқыды. Ол жоғары категориялы денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы. Ұзақ жылғы денсаулық сақтау саласындағы еңбегі ескерусіз де қалған жоқ, 2003 жылы Есболайға «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді. Жетібай ауылының халқы 2004 жылдан бері Есболайға сенім білдіріп, Қарақия аудандық мәслихатының депутаты етіп төрт шақырылымында сай­лады. Ел сенімін ақтаудағы еңбегі бағаланып, Есболай Есенқосовқа облыста санаулы адамдардың бірінің қатарында «Қазақстан Респуб­ликасы мәслихаттарының Құрметті депутаты» атағы берілді. Қарақия ауданына сіңірген еңбегі үшін «Қарақия ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бұл күндері жұбайы Күләнмен бес бала тәрбиелеп, ұл қыздарынан немере қуанышын көріп отыр. Өзінің екі қарындасы мен інісін де Күлән екеуі аяқтандырып, ата-­ана борышын атқарды. Қазір ол тумаластары да ұрпақ жайып, облыс көлемінде өмір сүруде. Ұзақ уақыт басшы дәрігерлік қызметін абыройлы атқарып, 2017 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің медициналық қызмет саласында мамандығына сай қызмет атқарады. Бұл мақаланы жазудағы мақсатым ­ өзіммен бірге Маңғыстау, Қарақия аудандарында қызметтес болған әріптесім туралы бір үзік ой толғау еді.

Б.БАЙНАЗАРОВ
ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Хан кегі» — халық көңілінен шыққан қойылым

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз