Өңірімізде АИТВ-мен өмір сүретіндер қатары ай сайын арта түсуде. Алайда, облыста вируспен тіркелгендердің барлығы бірдей маңғыстаулықтар емес. Басым көпшілігі—осында нәпақа іздеп келген жұмысшылар мен босану үшін әдейі келетін жүкті әйелдер. Олай болса, шетел азаматтарының облысымыздың АИТВ жөніндегі көрсеткішін ұлғайтпауы үшін қолданылатын қандай шаралар бар? ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында Халықаралық ЖИТС-пен күрес күніне арналған «Денсаулыққа құқық» ұранымен өтіп жатқан бүкіләлемдік науқан аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында, негізінен осы мәселе қозғалды.

«Еңбекші мигранттар арасында АИТВ инфекциясының алдын алу» тақырыбындағы дөңгелек үстелді орталық директорының міндетін атқарушы Алмабек Бисен ашып жүргізіп отырды.

— Облыста еңбекші мигранттар арасында АИТВ тіркелуі жөніндегі көрсеткіш биыл өткен жылғымен салыстырғанда 3 еседен астам болып отыр, — деді Алмабек Қонарбайұлы.-Облыстық көші-қон полициясынан алған мәліметтерге сүйенсек, бірінші жарты жылда Маңғыстауға 26 мыңнан астам еңбекші мигрант келген. Алайда, солардың небәрі 6-7 пайызы ғана АИТВ-дан тексеруден өткен екен. Заң бойынша шет елдерден келетін еңбекші мигранттар АИТВ жоқтығы жөніндегі анықтаманы өздерімен бірге ала келуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы негізінде де АИТВ жөніндегі анықтамалығы жоқ еңбекші мигранттар шекарадан бері өткізілмеуі керек. Бірақ бұл талап орындалып жатқан жоқ.

 Басқосуда орталықтың эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Жамила Махамбетқалиева «Маңғыстау облысындағы шетел азаматтары арасында АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы және проблемалық мәселелер, оларды шешу жолдары» туралы баяндады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 20-қарашасына 36 АИТВ инфекциясы тіркелген,-деді ол.-Облыс бойынша 100 мың тұрғынға (шетелдік азаматтарды шегергенде), 3,8 көрсеткіші болып, ҚР азаматтары арасында АИТВмен сырқаттану көрсеткіші бір деңгейде. 1994 жылдан бері 262 АИТВ жұқтырғандар анықталды. Бұлардың 3-і 14 жасқа толмаған балалар. Осы уақытқа дейін АИТВ анықталғандардың 72-сі шет елдер азаматтары, 189-ы қазақстандық және біреуінің азаматтығы жоқ. Жыл басынан 20-қарашаға дейін шетелдердің 12 азаматы АИТВмен тіркелді. Өткен жылғы осы кезеңде 3 шетелдік тіркелген болса, биыл бұл жағдай 9 адамға артық болып отыр. Тіркелгендердің тоғызы Өзбекстан Республикасының, екеуі Ресей Федерациясының және біреуі Қырғызстан азаматтары. Алты айда өңірімізге тұрақты мекендеуге 1221 және жұмыс істеуге 26141 азамат алыс және жақын шетелдерден келген болса,  олардан 3335-і ғана АИТВ-дан тексеруден өткен. Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 3-мамырдағы бұйрығына сәйкес бұл азаматтарыдң барлығы АИТВ-дан тексеруден өтуге міндетті. «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңы бойынша мұндай азаматтарға Қазақстан Республикасына кіруге тиым салынады.

Орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатова Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай «Денсаулыққа құқық» ұранымен өтіп жатқан науқан аясындағы алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.

— Жыл сайын 1-желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні ретінде саналып, осы күн ясында айлық ұйымдастырылады, — деді Ақнұр Ханайқызы. — Акцияның басты мақсаты — тұрғындар, әсіресе, жастар арасында АИТВ инфекциясының қауіптілігін ескерту, адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру. 16-қазаннан 1-желтоқсанға едйін Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінде «Н=Н» ақпараттық науқан жүріп жатыр. Мұның мағынасы АРВ терапиясын қабылдап жүрген адамдардың өзгелерге АИТВ жұқтырмайтынын білдіру дегенді білдіреді. АИТВ-дан толық емделу мүмкін болмағанымен, АИТВ дәрі-дәрмектері арқылы вирустың адам ағзасында таралуын тежеп, адамның ұзақ та бақытты өмір сүруін қамтамасыз етуге болады. Бүгінде АИТВмен өмір сүретін ересектердің 54% және балалардың 43% өмір бойғы антиретровирусты терапия (АРТ) қабылдап жүр. 2016 жылы жаһандық масштабта 19,5 миллион адам АРТ қабылдаған.

Тағы оқыңыздар: Зейнетақы жинағын неге мерзімінен ерте алуға болмайды

Маңғыстау облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Асылбек Оразғалиев өздеріне берілген бұйрық бойынша еңбекші мигранттар міндетті түрде кез-келген емханадан медициналық комиссиядан өтіп, денсаулығы туралы 086 формалы анықтама және наркологиялық диспансер мен ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында тексерілгендігі жөнінде анықтама әкелуі тиіс екендігін қаперге берді. Сондай-ақ ол мигранттарды АИТВ немесе басқа аурулары жөніндегі анықтамасының бар-жоғына байланысты шекарадан өткізу мәселесіне шекара қызметі жауапты екендігін айтты. Ішкі істер басқармасы бастығының МПС орынбасары Аманилла Абдуатов та осы орайда түсінік берді.

Басқосуда облыстық наркология диспансерінің бас дәрігері Күләш Қаражанова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Қуат Титанов және басқа емдеу мекемелерінің өкілдері көтерілген мәселе бойынша өз жұмыстарында кездесіп жатқан қиындықтар жайында әңгімелеп, ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үст ел басында ортақ проблема аясында бас қосқан мамандар шет елдерден келетін еңбекші мигранттар арасында АИТВ анықталған жағдайда вирустың тұрғындар арасында жайылмауының алдын алу мақсатында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығына барынша көмектесу және шетелдіктер АИТВ-дан тексеруден бас тартқан жағдайда оларды ел аумағынан шығаруда көші-қон полициясының белсенділік ықпал етуі туралы шешім қабылдады.

    Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

АлдыңғыЖыр байқауы — «Жүйрігің едім өнерлі!..»
КелесіАқтаудың жолдары нашар ауа райына дайын ба?
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз