Есірткіге тәуелді кісіге кім оң көзбен қарайды? Таң атқаннан күн батқанға дейін қара басын ғана күйттеп, есін алған есірткінің бір күндік мөлшерінен басқаны ойламайтын жан кімге керек? Жанын ләззатқа бөлейтін есірткіні сатып алатын ақша табу үшін ештеңден, тіпті, ауыр қылмыстан да тайынбайтындарды жақсы көрмейтінімізді жасыра алмаймыз. «Бұл нашақор ғой», деп, қолды бір сілтеп жүре береді көпшілік. Олардың да емделіп, қатарға қосылуынан үміт үзгендіктен. Біз де есірткі тұтынып жүргендердің келешегіне сеніңкіремейтіндерден едік. Халықаралық ЖИТС-пен күрес күніне арналған «Денсаулыққа құқық» ұранымен ұйымдастырылған бүкіләлемдік науқан аясында Өскемен қаласында «Бұқаралық ақпарат құралдарында АИТВ, алмастырушы демеуші терапиясы мәселелерін жариялау» тақырыбында журналистер үшін өткізілген екі күндік тренингтен кейін есірткіге тәуелділік дертімен ауыратындарға деген көзқарасымыз өзгергендей болды. Екі күнге созылған бұл тренингті ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталық Жаһандық қордан ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес үшін бөлінген грант шараларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырды. АИТВ, туберкулез тақырыбында тренинг ұйымдастырудан мол тәжірибесі бар танымал журналист Марина Максимова журналистерге тақырыпты жазу мәселесін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Тренингтің бірінші күні Шығыс Қазақстан облысының ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Наталья Селезнева «АИТВ мен ЖИТС-тың медициналық аспектілері» тақырыбында дәріс оқып, АИТВ-ның жұғу жолдары, оған қарсы күрес шаралары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ ол біздің еліміз Орталық Азия елдері арасында адам бойындағы вирустың белсенділігін тежейтін бағасы өте қымбат тұратын АРВ дәрісін АИТВмен тіркелгендерге тегін беретін бірден бір мемлекет екенін атап айтты. Осы дәрі-дәрмектердің себебімен бүгінде АИТВмен тіркелу көрсеткіштері тұрақталып келеді.

Шығыс Қазақстан облыстық наркологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Юрий Бауэр «Алмастырушы демеуші терапиясының медициналық аспектілері. Аңыз бен ақиқат» тақырыбын тарқатты. Героин тым қымбат болғандықтан оған үнемі қол жеткізе беру мүмкін бола бермейді. Бүгінде наша іздегендер кәдімгі азық-түлік дүкендерінде сатылатын тағамдық көкнәрді қайнатып, дәріханалардағы көзге тамызатын дәрілерді пайдалануға көшкен. Ал өз өмірін мол ақша жұмсай отырып, өз қолымен құртып жүргендердің басым бөлігі — 15-49 жастағы жасөспірімдер мен тепсе, темір үзетін жігіттер, дүниеге сәби әкелер шақтағы келіншектер. Юрий Владимирович бұл азаматтардың бірқатары героинді алмастырып, жанына демеу болатын метадон дәрісін ішіп, қалыпты өмірге оралып жатқанын жеткізді. Біздің елімізде 2000-2002 жылдары осы алмастырушы демеуші терапия қанат қақты жоба ретінде енгізілгенімен, кейбір топтардың қолдамауынан әрі қарай іске аспай қалған көрінеді.

— Биылғы 17-қарашаға дейінгі көрсеткіш бойынша Қазақстанда 359 науқас метадон ішіп келеді, — деді Ю.Бауэр. — Жаһандық қордың қаржысына метадонмен емдеу әдісі 2008 жылы АИТВ ең көп тараған Теміртау, Павлодар қалаларында басталды. Өскеменде емнің бұл түрі 2010 жылдан бері қолданылады. Осы уақыт ішінде 103 адам өз еркімен емді тоқтатты. Олардың көпшілігі ремиссияда, яғни, метадон да ішпейді, есірткі де тұтынбайды. Бір-екеуі ғана белгілі себептермен метадоннан бас тартқан. Ол әркімнің өз еркі, күшпен емдей алмаймыз. Алмастырушы демеуші терапияны кәмелетке толған, есірткіні кемінде 5 жылдан бері тұтынатын және 2-3 мәрте наркологиялық диспансерде емделіп, ем қонбағандарға ғана ұсына аламыз. Бұл бағдарлама бойынша емделушілер күнде таңертең наркодиспансерге келіп, әрқайсысы өзіне мөлшерленген сиропты медицина қызметкерінің қолынан ішеді де, жөніне кетеді. Кәдімгі дәрі-дәрмектер сияқты, метадонның да жағымсыз әсері болғандықтан дәрігер әр науқасқа метадонның арнайы мөлшерін белгілейді. Метадонмен емделген және ем қабылдап жүргендердің арасында 44 адам жұмысқа орналасты, екі әйел дені сау бала туды. Сәбилердің жағдайы жақсы, біреуі 5 жасқа толды, ал екінші келіншектің баласы тәй-тәй басып, талпынып жүр.

Юрий Бауэр алмастырушы демеуші терапияның әлемде 1960 жылдардың ортасынан бері қолданылып келе жатқанын атап өтті. Оның көптеген елдерде қолданылуы пациенттерге тыйым салынған героиннен бас тартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Героин немесе басқа есірткі түрлеріне қарағанда, метадонның әсері ұзағырақ болғандықтан оны тәулігіне бір рет ішудің өзі есірткіге қажеттілікті қанағаттандырады екен. Бүгінде бұл терапия АҚШ, Канада, Австралия, Қытай, Үндістан, Иран және тағы басқа елдерде қолданылады.

Тренингтің екінші күні журналистер облыстық наркологиялық диспансердің алмастырушы демеуші терапия пунктінде болды. Мұнда бағдарламаға қатысушылардың кезекпен метадон сиропын түтікше арқылы ішкенін көрдік. Мөлшерлі дәріні ішіп болған соң олар журналистердің өтініші бойынша залға жиналып, өздерінің хикаяларын жайып салды. Біріне бірі сөз бермей, «мен айтайын, мен айтайын» деп, суырылып, көздері оттай жанған жандар көкірегін кернеген қуаныштары мен өкінішті өткенін жеткізуге асық.

Жасы елуді еңсерген Олег есірткіні 22 жасынан бері тұтынып келгенін айтты:

— Мінеки, екі жарым жыл болды бағдарламаға қатысып, метадон ішіп келе жатқаныма,-деді ол. — Мендей маман тапшы болғандықтан бұрыннан жұмыс істеп келе жатырмын. Табысым жаман болмады. Бірақ, тапқаныма героин алатындықтан береке жоқ еді. Бұған дейін де бірнеше рет емделдім, есірткіден құтылғым келді, бірақ емделем деген әрекеттерімнен түк шықпады. Осы есірткінің елтуімен қылмысқа барып, түрмеде де отырдым.  Енді мүлдем басқа адаммын. 10 келідей салмақ қосыппын. Бәрінен бұрын сексендегі анамның қуанышын айтсаңшы. «Отыз жылға жуық уақыт бойы құр сүлдер едім, аяққа мінген өлік едім. Енді өмірге жаңа келгендеймін. Менің жарқын ғұмырым енді басталды», дейді ғой анашым. Жанымда жан жарым, балаларым, анам бар. Үлкен ұлым менің жолымды қумай, спортпен шұғылданады, балаларды спортқа баулитын бапкер. Метадонды уақытында ішем де, жұмысыма қарай тартам. Есірткі тілеп тұрғаным жоқ. Айналама адам көзімен қарайтын болдым. Баяғы күндерім есіме түссе, денем түршігеді. Сол жылдары менің отбасым қандай қиын жағдайда болғанын елестеткім де келмейді. Қазір волонтерлықпен айналысып, есірткі тұтынатындармен насихат жұмыстарын жүргіземін. Менің тілегім — метадонмен емдеу бағдарламасы тоқтап қалмаса екен. Алда-жалда, бұл шара орта жолда қалып қойса, менің де, мына отырған басқа азаматтардың да жағдайы не боларын білмеймін. Баяғы нашақор күйге түсуден қорқамын.

  47 жастағы Виталий Петров:

— Мен есірткіні 1991 жылдан бері тұтынып келемін. Ол кезде мен 26 жаста едім. Бір ғана мөлшерді сатып алуға 4-5 мың теңге табу үшін ұрлыққа бардым. Үйден не тапсам, бәрін сыртқа тасыдым сол үшін. Алты рет сотталдым. Бағдарламаға алғашқылардың бірі болып 2010 жылы келіп едім. Қазір жұмыс істеймін, ішімдік те ішпеймін. Жанымда сүйікті әйелім бар, балалы болуды армандап жүрміз. Енді осы бағдарлама баянды болса, болғаны,-деді.

Людмила Егоровна деген әйелдің сөздері де жарқын шықты:

— Ұлымның жасы қырық екіде, — деді ана. — Менің көрген күнімді өзге аналардың маңдайына жазбасын. Есірткінің кесірінен баламды жоғалтып ала жаздадым. Оны емдеп алмақ болып, бармаған жерім жоқ десем де болады. Басқа балаларым тәртіпті, жақсы. Ал осы балам 1990 жылдан бері есірткі тұтынып келді. Осы жылдар ішінде ішкенім — ірің, жегенім — желім болды. Түн баласы көз ілмей шығатынмын. Түрмеде жатып, туберкулез ауруына шалдықты. Үйде қолға ілінер нәрсенің бәрін, ақшамызды да осы баладан жасырып, тыққыштап жүретінбіз. Қанша балаң болса да, әрқайсысының орыны бар емес пе, қандай ана өз баласын далаға тастай салады? Ақыры, тілегім қабыл болып, метадон бағдарламасы ашылғанын естіп, осында алып келдім. Екі жылдан бері сироп ішіп жүр. Шүкір, бұрынғыдай емес, жағдайымыз өзгерді. Өзімнің жеке кәсібіме баулып, жұмыс үйретіп жүрмін. Бұл бағдарлама үзіліп қалмаса, әлі талай бала қатарға қосылып, мен құсаған талай ана баласымен қайта қауышып, бақытқа кенелер еді.

Қырықтың қырқасына жаңа шыққан жігіт өзін Сергей деп таныстырды. Оның айтуынша, өзімен бірге есірткі тұтынғандардың барлығы, жасы да, жасамысы да түгел қайтыс болған.

— Маған жасөспірім шағымда туған жездем үйретті героин қолдануды, — деді ол. — Бір рет татып көрген соң одан ешкім құтыла алмайды екен. Түрмеге бір емес, бірнеше рет түстім. Ауыр қылмыстар жасадым. Бір доза героин үшін, 4-5 мың теңге үшін жазықсыз кісілерді өлтірдім. Соның қылмыс екенін, дұрыс еместігін біле тұра істедім. Ішім өкініштен өртеніп барады. Менің бойымда нашақорға тән аурулардың барлығы бар. Жас өмірімнің босқа өткенін метадон іше бастағалы түсіндім. 2011 жылы бағдарламаға кіріп, көзім ашылды. Бір ғажабы — мұны ішкен соң героинға еш зауқың соқпайды екен, ешқандай кайф та сезбейсің кәдімгі дені сау адам сияқтысың. Өмір сүрудің рахат екенін сезіндім. Әзірше жұмысқа жарамай, мүгедектігімді ресімдеп жатырмын. Алда армандарым көп. Қазір есірткі тұтынып жүргендердің арасында метадонмен емделгісі келетіндер аз емес. Бірақ олардың бірқатары бағдарламаның тоқтап қалмайтынына көздері жеткен соң ғана ем бастағысы келеді. Мен де осы бағдарламаны өмір бойы жалғаса беруін қалаймын. Сіздер балаларыңыз бен жақын адамдарыңызды есірткі тұтынудан сақтандырыңыздар дегім келеді. Есірткіні бір-екі татып көрем деу — бекер. Дұрысы — оған мүлдем жоламау.

Есімдерін атамаған жас жұбайлар да өз қуаныштарын жеткізді. Жап-жас жігіт келіншегімен бірге есірткі тұтынып кеткен соң олардың баласын ата-анасы алып кеткен екен.

«Бір апта ғана болды метадон іше бастағанымызға. Енді біздің түзелгенімізді көрген соң ата-аналарымыз баламызды өзімізге береді деп үміттенеміз»,-деді олар.

Бағдарламаға қатысып жүргендердің барлығы қалыпты өмірге оралғандары үшін метадонмен емдеуді енгізгендерге дән риза. Алайда, барлығының бойында метадонмен емдеу ұзаққа бармай ма, деген қауіп бар. Әзір мұны мемлекет шындап қолға ала қоймағандықтан болар.

Бұл аймақта «Ансвер» деген үкіметтік емес ұйым бар екен есірткі тұтынатындардың, АИТВмен өмір сүретіндер мен сотталып келген адамдардың әлеуметтік жағдайына көмек көрсететін. Оның кеңесшісі Сергей Щетников те өзінің бұрын есірткі тұтынғанын жасырмады. Қазір ол тағдыр талайына тап болғандарды оңалту шараларын ұйымдастырып, осы жолда белсенділік көрсетіп жүр.

Диспансерде емдеуші дәрігерлермен де жүздесіп, көп жағдайға қанықтық. Өшкені жанып, өлгені тірілгендей болып отырған жандардың соңғы үміті метадонда екені және осы бағдарламаның жабылып қалмауын тілеген жанайқайы белгілі болды. Созылмалы ауруға ұшыраған олардың баяғы күйлеріне қайтқысы жоқ.

Тренинг барысында сарапшылар метадон да емдеу тәсілінің бірі болғандықтан бағдарламаның жалғасу мүмкіндігін айтты. Себебі есірткіге тәуелділер азайса, АИТВмен тіркелетіндер қатарының азаюынан үміт бар. Дегенмен осынау өзекті мәселе қазір қызу талқыға түсіп тұр.

Есірткіге тәуелділіктен емдеудің бұл әдісі Ақтауда енгізілмеген екен. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Күләш Қаражановамен хабарласқанымызда, жаңа бағдарлама өңірімізде қолданыла қоймағанымен, мекеменің метадонмен емдеуге дайын отырғанын білдік.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз