Маңғыстау мұнайының бастау-бұлағы «Өзенмұнай» өндіру басқармасының құрылғанына 54 жыл толғалы отыр. Осы өндіріс орнының аяққа тұрып, нығайып кетуіне уақытында сүбелі үлес қосқан адамдардың мезгіл өткен сайын арасы сиреп барады. Ағын уақыт, жылжыған жылдар мұнай өндірісінің алғашқы куәгерлері біздер барда олардың ісі, өнегесі, ел игілігі жолындағы ерен еңбегі ұмытылмақ емес. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында да тәлім-тәрбие бастауы өткеннен түйер өнеге, тарихи сабақтастықта екендігі көрініс тапқан.

Өзен кенорны 1958–1961 жылдары аралығында Өзен геология барлау экспедициясының барлау-бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. Өндіріс саласына қажетті маман қызметкерлерді, өнім беретін ұңғыларды игеруші, сынақ жүргізетін операторларды жұмысқа шақырып, оларды мамандығы, біліктілігі, разряды бойынша орналастыру еңбекақы бөлімінің қызметкерлеріне жүктелді. Біздер бұл міндетті үлкен ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен атқардық та. Еңбек өнімділігін арттыру нәтижесінде жұмыстың  тиімділігіне қол жеткізілді. Қысқа мерзімде ашылған кенорындар игеріліп, өнім өндіруге даяр болды. 1965 жылы, бір жылдың ішінде Өзен мұнайы құйылған эшалон мұнай айыру зауытына жөнелтілді. Осы қыруар жұмыстар вахталық ауысыммен ұйымдастырылды. Жазда аңызақ жел, қыста үскірік аяз бетті қарыған далада қиындыққа мойымай тер төккен мұнайшылардың еңбегі еш кеткен жоқ. Бұл ортақ табысқа Ақтауда орналасқан «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігі аппаратындағы инженер-техникалық қызметкерлер де өзіндік үлесін қосты.

1968 жылы Өзенге «Жаңаөзен» қаласы мәртебесі беріліп, қалалық партия комитеті, атқару комитеті құрылды. Аты әлемге танылған «Жаңаөзеннің» 50 жылдық мерейтойы қарсаңында тыңнан түрен тартқан ардагерлердің ерлікке пара-пар еңбегі, кейінгі ұрпаққа өнеге болар ерен істері жайында көбірек айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл ретте, өңірде болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды халыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарына жүктелер міндет зор. Тарихқа айналған өткенге көз салсақ, 1964 жылдың басында Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында қалалық құрылым сайланса да, газет шығару қолға алынбаған-ды. Араға жылдар салып, 1967 жылы «Огни Мангышлака» деген орыс тіліндегі газет жарық көрді. Ол кезде Ақтауда қазақша басылым болған жоқ. Тек 1973 жылы Маңғыстау өз алдына облыс болып құрылғанда «Коммунистік жол» газеті (кейін «Маңғыстау» аталды) оқырмандарымен қауышты. Биыл сәуірде шыға бастағанына 45 жыл толатын газеттің сарғайған беттерін парақтасақ, Маңғыстау облысының, соның ішінде Жаңаөзен мұнайшыларының алған белестері, толағай табыстары, еңбек майталмандарының атқарған ұлан-ғайыр істері, мұнай өндірісімен бірге қаланың қарыштап даму кезеңдері, киелі өлкенің өткені мен бүгінін байланыстырар жарқын сәттер жайлы баян етер, сыр шертер жазбалар уақыт кеңестігімен үйлесімді бояуымен, табиғи, шынайы болмысымен қызықтыра түседі. Көзіміз көре қалған, қажыр-қайратын, жастық жігерін аймақтың өркендеуіне арнаған ағаларымыз бен апаларымыздың жарқын бейнесі көз алдымызға келіп, қайталанбас әсерге бөлейді. Олардың азаматтық тұлғасын, ерен істерін шежіре беттеріне қаттаған газет ұжымы 45 жылдық торқалы тойын лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Жаңалық жаршысы, ақпарат айнасы, өңір тарихында өзіндік орны бар «Маңғыстау» газеті – өткеніміздің шежіресі, келешегіміздің бағыт-бағдары да. Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Жақсы шығармаларыңызбен қуанта беріңіздер, журналистер қауымы!

Баймұрат ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,
Маңғыстау облысының құрметті азаматы, ардагер мұнайшы

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда «Жасырын қызмет алушы» іс-шарасы өтуде

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз