Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзенде қаласында болып, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының жаңа ғимаратының ресми ашылу салтанатына қатысты.

Облыс басшысы жаңа өндірістік базаның ашылуы ел ырысын еселеп, республика қазынасын толтыруға үлес қосып отырған мұнайлы мекен Жаңаөзеннің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында жасалған игі іс екенін айта келе, мұнайшылардың қиын еңбегін жеңілдетіп, экономикалық дамуға үлес қосар мекеме атансын деген тілегін білдірді.

— «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы бүгінде қаланың әлеуметтік экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отырған мекеме. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың күні кешегі жариялаған Жолдауында негізгі он басымдықтың алғашқысы өндірістік саланы жаңғырту бағытында болды. Бұл жолдау қазақ еліне соның ішінде өндіріс саласы мамандарының тиянақты, нақты қызмет етуіне көрсетілген жоспар деуге болады. Аталған база Өзен мұнайы өндірісінің артуына соңғы технология жетістігімен, жаңа екпінмен, жаңа леппен қызмет етеді деп сенемін», — деді Ералы Ұлықпанұлы құттықтау сөзінде.

Нысанның лентасын «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Бекзат Абайылданов пен ардагер мұнайшы Болатбай Қарамұрзаев салтанатты түрде қиды.

Айта кетейік, мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникацияларды жөндеу басқармасының жаңа өндірістік базасы бүгінде жұмысын бастап кеткен. 1960-70 жылдары салынған цех ғимараттары ескіргендіктен 2013 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ тарапынан жаңа өндірістік база салу туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінде 5 цех мен 2 учаскені құрамына біріктірген мекемеде 327 қызметкер еңбек етеді.

Айжан НАСЫРОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз