Кеше Жаңаөзенде Маңғыстау об­лысы әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен жиналыс өтті. Оған облыстық мәслихат хатшысы С.Трұмов, қала әкімі Ә.Дауылбаев, облыс, қала бойынша сала маман­дары, қала тұрғындары қатысты. Жиналыс қазіргі таңдағы Жаңаөзен қаласы бойынша күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу жол­дары, биылғы жыл жоспарларын нақтылау, қаланың 50 жылдық мерекесін ұйымдастыру бағыттарында өрбіді.

Алдымен аймақ басшысы залға жиналған көпшілікпен амандасып, жаңа жылдың бас- талуымен бірге жаңа жоспарлар бойынша жұмыстар атқарылу қажеттілігін айтты.

Қала халқының өсімінің де жоғары екенін статистикалық мәліметтерден білетініміздей, жылда 4000-нан аса сәби өмірге келіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша Жаңаөзен қаласының халық саны 147500 адам боп отыр. Осының өзі-ақ қала көле- мінде атқарылар жұмыстың көп екендігін айғақтайды.

Жаңаөзен қаласы бойынша негізгі басымдықтағы мәселелер жөнінде ақпарат бер­ген қала әкімі Ә.Құлынтайұлы апатты және тозығы жеткен үйлер, жолаушы тасымалы, жұмыссыздықты жою, ауыз су мәселелері, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығын мереке­леу іс-шаралары туралы кең көлемде, нақты жоспарлар мен алынған шаралар, күтілетін нәтиже барысында ой қозғады.

Қазіргі таңда қала бойынша ең өзекті мәселелердің бірі — апатты және тозығы жеткен 1960-1970 жылдары салынған үйлер «Шаңырақ», «Шұғыла» және «Самал» шағынаудандарында орналасқан. Аталған үйлердің техникалық жағдайларының сын көтермейтіндігі себебінен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, олар бойынша нақты шаралар алу мақсатында арнайы жұмыстар басталып кетті.

Қазіргі таңда Жаңаөзен бойынша барлығы 262 көпқабатты тұрғын үй бар. Пәтерлердің жал­пы саны — 14500. Тұрғындар саны — 81 мың адам. Оның ішінде 2-уі апатты жағдайда, 59-ы тозығы жеткен үйлер. Қала әкімі апатты және тозығы жеткен үйлер мәселесін шешу үшін келесі 4 бағытты ұсынды, онда:

«Шаңырақ» шағынауданында орналасқан № 43 және № 59 үйлер 2016 жылы арнайы ак­кредиттелген мекеменің құрылыс-техникалық қорытындысы негізінде арнайы комиссияның шешімімен апатты деп танылуына байланысты, аталған үйлер тұрғындарына пәтерлер беріп, апатты үйлерді бұзу: апатты жағдайдағы №43 үй 32 пәтерде (123 адам), №59 үй 46 пәтерде (158 адам) тұрады. Сәйкесінше аталған үйлердің тұрғындарын пәтерлермен қамтамасыз ету шаралары 78 пәтерді қажет етеді. Өткен жылы бұл мақсатта 56 пәтер сатып алынды. Қазіргі таңда №59 үйдің тұрғындарына пәтерлердің кілттері табысталып, тиісті құжаттар рәсімделуде. Апат­ты жағдайдағы №43 үйдің тұрғындарын толықтай пәтермен қамтамасыз ету үшін қосымша 14 пәтер сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ қала әкімдігінде жұмысшы тобы құрылып, аталған үйлердің техникалық жағдайы қаралған. Нәтижесінде қала әкімдігінде 30 мекеменің басшылығымен жиналыс ұйымдастырылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған үйлердің конструкцияларын бекітіп (баспалдақтар және т.б.), қауіпті учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын аталған мекемелердің күшімен жүргізу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда үйлер бойын­ша бекіту жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар осы жылдың 1 тоқсанының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Келесі бағыт — қалада орналасқан көпқабатты тозығы жеткен тұрғын үйлерді «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында (бұрынғы «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы») күрделі жөндеуден өткізу. Бұл мақсатта бірінші кезекте осы бағдарлама шеңберінде үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындардың келісімін алу қажет. Осыған орай, жина­лыстар ұйымдастырып тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Соны­мен бірге тұрғындары көшірілгеннен кейін аталған үйлердің орнына инвесторларды тарту арқылы жаңа үйлер салу. Осылайша, қала әкімі көпқабатты тұрғын үйлерде апатты жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, тұрғын үйлерді жаңғырту бағытындағы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылатындығын жеткізді.

Қала бойынша көпшіліктің көкейінде жүрген жолаушы тасымалы мәселесінің де өзектілігі жоғары. Қазіргі таңда қала және оған қарасты Теңге, Қызылсай, Рахат ауылдары бойын­ша 10 маршруттық бағытта 3 жеке кәсіпкер жолаушы тасымалдау қызметін атқарып отыр. Бұл маршруттар бойынша автокөліктер санының жетіспеушілігі және автокөліктердің ескілігі салдары бар. Маршрут кестесі жиі бұзылып отыр.

Осы мәселе төңірегінде қала әкімі Ә. Дауылбаев:

— Қала бойынша жолаушы тасымалдау мәселесін шешудің жолдарын ұсынып отырмын. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында маршруттағы «Газель» автокөліктерін кезең-кезеңімен автобустарға ауыстыру, автокөлік санын көбейтіп, кестенің сақталуын қамтамасыз ету. Маршрут тарифы 40 теңгеден 60 теңгеге өсті. Маршрут иелерімен жиналыс өткізіліп, оларға жол ережерін және кестені сақтау, сонымен қатар маршруттағы «Газель» автокөліктерін кезең-кезеңімен автобустарға ауыстыру жөнінде мәселе қойылды, — деді.

Осы жерде облыс әкімі Ералы Ұлықпанұлы жолаушы тасымалдау қызметін жолға қою бағытында арнайы шақыртылған «Higer Quazar» ЖШС-нің бас директоры Жомарт Шаймерденовті көпшілікпен таныстырды. Жо­март Маратұлы Жаңаөзен қаласын электро­автобустармен қамтамасыз ету бағытында жоспарын айтты. Риза болған көпшілік ықыласы соғылған қолдан-ақ байқалды. Бұл — тұрғындарға сапалы және үздіксіз көлік тасы­малы қызметі көрсетілетін күн де жақын деген сөз.

Қала әкімінің тоқталған тағы бір мәселесі — жұмыссыздықты жою бағытындағы істер бол­ды.

Қазіргі таңда қала бойынша жұмыссыздық есебінде — 1088 адам тіркеуде тұр. Жұмыссыздық деңгейі — 1,6% (2016 жылы — 3,0%). Қала және оған іргелес ауылдарда тіркеуде жоқ жұмыссыз жүрген тұрғындардың, отбасы жағдайы төмен жанұялардың нақты санын анықтау мақсатында қала әкімдігінде жұмысшы тобы құрылып, үйлерді аралау жұмыстары басталып кеткендігін тілге тиек етті.

— Қалада жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында шаралар алынуда. Өңірлік «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлігін іске асыруға қазірдің өзінде 26 кәсіпкер ниет білдіріп отыр. Олармен қамтылатын несие көлемі 1 млрд. теңгенің үстінде. Аталған кәсіпкерлермен кемінде 500 жаңа жұмыс орны құрылатын бола­ды. Қаланың индустриялық аймағында 36 кәсіпкер өндіріс орындарын құруға ниет білдіруде. Олармен шамамен 250 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Индустриялық аймақты ішкі инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтауға осы жылға 54 млн. теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды осы жылдың 1-ші жарты жылдығында аяқтау жоспарланып отыр, — деді қала әкімі.

Сонымен бірге қаланы абаттандыру, көркейту, Жаңаөзен қаласының 50 жылдығын ұйымдастыру жұмыстары да сөз болды.

Мерейтойға байланысты жыл ішінде қала бойынша көптеген мәдени-көпшілік және спорттық шаралар өткізілетін бола­ды. Бұл бойынша тиісті іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілді. Аталған шаралар ая­сында Жаңаөзен қаласының энциклопедия­сы жасақталып, 50 жылдыққа байланысты 50 жаңа есім анықталып, тақталар орнатылатын болады. Қала өмірі жөнінде деректі фильм түсіру жоспарлануда. Бұл шараларды іске асыруға мемлекеттік инвестициямен қатар, жекеменшік инвестиция да кеңінен тартыла­тын болады. Соның ішінде, қаланың бұрынғы орталық алаңын абаттандыру жұмыстарын аяқтап, жеке кәсіпкерлердің күшімен фон­тан орнатылатын болады. Абаттандыру бағытында қала ішіне кіші архитектуралық формалар, билбордтар орнату, тротуарлар салу, автокөлік жолдарының екі жақ беткейін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

50 жылдық мерей тойға байланысты жыл аяғына дейін қала бойынша 50 нысан ашу көзделуде. Бұл шаралар мемлекеттік бюджет тарапынан салынатын әлеуметтік нысандар­мен қатар, көптеген шағын және орта бизнес нысандарында қамтымақ.

Жаз мезгілігіндегі аптап ыссыда тапшылық білдіретін ауыз су мәселесі де қозғаусыз қалмады.

Қалаға ауыз су «Казтрансойл» АҚ- ның Еділ су құбыры арқылы және Түйесу, Сауысқан жер асты суы кен орындарынан келеді. Соның ішінде тәулігіне «Казтран­сойл» АҚ-нан — 20 мың текше метр, Түйесу, Сауысқан кен орындарынан 7,5 мың тек­ше метр, барлығы 27,5 мың текше метр су беріліп келеді. Еділ суы қалалық су тазарту имаратында тазартылып отыр. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласында тәулігіне 30 мың тек­ше метр суды тазартатын жаңа су тазарту имаратының құрылысы жүргізілуде. Нысан құрылысы осы жылы аяқталатын болады.

Бұл жиында жазғы мезгілдерде «Казтран­сойл» АҚ-мен берілетін Еділ суының көлемін тәулігіне 5 текше метрге арттыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатырғандығынан да хабардар болдық.

— Қала бойынша бұдан да басқа шешілуін қажет ететін бірқатар мәселелер бар. Мысалы, «Бостандық» шағынауданы мен Рахат ауылына дренаждық жүйе салу, ауыл ішінің автокөлік жолдары мәселесі, елді мекендерге тротуарлар салу, коммуналдық мекемелердің қаржы-экономикалық жағдайы және т.б. Бұл мәселелерді күнделікті жоспарға сәйкес шешу бағытында жұмыстанатын боламыз, — деді сөзін аяқтаған қала әкімі Ә.Дауылбаев.

Мінберге көтерілген «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Б.Абайылданов та акционерлік қоғам, оған қарасты мекемелер қызметі, алдағы жоспарлар мен атқарған іс шаралары барысында шағын баяндама жа­сады. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл егін, ауылшаруашылығы бойынша берілетін субсидиялар мен жеңілдіктер туралы хабарлама жасады. Сұрақ қою кезеңінде қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Ж.Жәңгірұлы аймақ басшысынан балалар ауруханасының хирургия бөліміне аса қажетті құралдардың тізбесін айтып, аталған құрылғыларды алуға ықпал етуін сұрады.

Ауыл ақсақалдары атынан сөз алған ар­дагер ұстаз А.Жолаев, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі С.Өтеулі облыс әкіміне осындай келелі жиынды ұйымдастырып, нақты ұсыныс пен іс-шаралар жөнінде мағлұматтары үшін алғыс білдірді.

Гүлназ БӨЛЕКБАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз