Аракс кемесіндегі мұнай қалдықтарын тазарту жұмыстары басталды. Бұған дейін танкердегі ауаны тексеру барысында ондағы метан көлемінің 51,4%-ға жоғары екені белгілі болғанын жазған болатынбыз.

Еске сала кетейік, Аракс кемесі өткен жылы қараша айында Қарақия ауданының құмды мүйісіндегі қайраңға келіп тоқтаған болатын. Көрсетілген мәліметтер бойынша, кеменің үстіңгі палубасында басқа кемелерден қабылданған мазутпен ластанған сұйық құйылған 15 бөшке, оның ішінде 10 екі жүз литрлік және жартылай кесілген 5 екі жүз литрлік бөшке бар. Кемедегі құрамында мұнай бар заттармен ластанған қалдықтар көлемі – 930 тонна.

-Облыс əкімінің тапсырмасы бойынша Аракс кемесін мұнай қалдықтарынан тазалау жəне зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу басталды. 2017 жылы 10 тамызда төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жəне қоршаған ортаны ластамау мақсатында кезектен тыс отырыс өткен болатын. Отырыс барысында  осы кемені тазалау жұмыстары талқыланды. Нəтижесінде жергілікті резервтік бюджеттен қаржы бөлініп, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар жəне табиғатты реттеу басқармасымен конкурс жарияланды. Конкурста «БатысМұнай Транс» мекемесі өтінім білдіріп, сол мекемемен келісімшарт жасастық. Мекеме өзінің іс-шаралар жоспарын əзірледі. Сол бойынша 14 жарым күнде тазарту жұмыстарын аяқтайтындарын жеткізді. Мұнай төгілген жағдайда теңіздің ластамануының алдын алу үшін кеменің айналасы қоршалды, — дейді  МО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев.

Кемені тазалау жұмыстарына 39 миллион 200 мың теңге қарастырылған. Тапсырыс беруші – Маңғыстау облысының әкімдігі.

Алып кемені қалдықтан тазартуға үш кеме жұмылдырылыпты. Ал толықтай тазартылған соң Аракстың қайда апарылатыны әзірге белгісіз дейді жауапты мамандар.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда латын әліпбиіне қатысты республикалық конференция өтті

-Аракс кемесіне қатысты бір жыл көлемінде келісімшарт жұмыстары жасалып, тазарту шараларына енді кірісіп жатырмыз. Ауа райы жақсы болса, екі аптада бітіреміз деп отырмыз. Жанында үш кемеміз тұр. Зиянды қалдықтар теңізге түспейді, оның алдын алдық. Күніне 100-150 тонна қалдық шығарылатын болады. Олар теңіз порты арқылы «Эко – су тазарту» мекемесіне жеткізіледі. Ең ұзақ дегенде қарашаға дейін аяқтаймыз, — деді «БатысМұнай Транс» мекемесінің қаржы директоры Айболат Асанғалиев.

Мекеме жұмысқа кіріспес бұрын сол маңды жан-жақты экологиялық тексеруден өткізген. 9 қазанда басталған зарарсыздандыру шараларын 23 қазан күні бітіруді жоспарлап отырғандарын айтты.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген автор

 

1 ПІІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз