Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қарақия ауданындағы жұмыс сапарында тұрғындармен кездесіп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Қыдырберді Бековке төмендегідей тапсырмалар берді.

«Бірінші, халық санының өсу қарқынын ескере отырып, облыс мектептерінде үш ауысымды оқытуды болдырмау мақсатында біз жүйелі түрде жұмыстарды жүргізіп келеміз. Оның ішінде біреуі Құрық ауылы, Аппақ елді-мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы өткен жылдың соңында аяқталды. Аудан әкіміне аталмыш мектепті осы жылдың I тоқсанында іске қосуды, сонымен қатар Жетібай ауылынан 900 орындық мектеп құрылысын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттарын ағымдағы жылдың 1 тоқсанының соңына дейін жасақтауды тапсырамын.

Екінші, облысымызда ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселелері де кезең-кезеңімен шешілуде. Ауданда сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 66,7%. Халық санының және инженерлік, әлеуметтік нысандардың артуынан суды тұтыну көлемі жыл сайын өсуде. Сондықтан аудан әкімдігіне елді мекендерді сумен қамту нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларын уақытылы жасақтауды тапсырамын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет деп айтқан болатын.

Қарақия ауданы бойынша бұл бағытта – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде Құрық ауылы теңіз жағалауынан тәулігіне 50 мың текше метрге дейін су тұщытатын зауыт құрылысын салуды жоспарлап отырмыз. Жобаның арқасында 450 жаңа жұмыс орындары пайда болады және аудандағы ауыз су мен техникалық су мәселесі толық шешімін табатын болады. Жоба құны – 50,0 млрд. теңге.

Облыс әкімнің бірінші орынбасары С. Аманғалиевке, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.

Сонымен қатар, Жетібай ауылындағы ауыз су құбыры тартылмаған шағын аудандарға су құбырын жүргізу мәселесі еді. Республикалық бюджеттің нақтылауына 730 млн. теңге ұсынылып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бастапқы 200 млн. теңге қаражат бөлінетін болды.

Аудан әкіміне құрылыс жұмыстарын уақытында сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырамын.

Үшінші, көп жылдан бері Құрық ауылының тұрғындары айтып келе жатқан мәселесі өз шешімін тапты. Бұл, Құрық ауылынан тәулігіне 1200 м3 кәріз суларын тазарту ғимараты (КОС) құрылысының жобасы. Жоба құны – 704,0 млн. теңге. Жобаны іске асыру жоспарланды. Құрылыс аяқталысымен барлық үйлер орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болады.

Менің бірінші орынбасарым С. Аманғалиевке, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына аудан әкімдігімен бірлесіп, осы жобаның толықтай конкурстық рәсімін уақытында өткізуді тапсырамын.

Төртінші, Қарақия ауданында ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамып келе жатыр. Сондықтан осы жылы көрсеткіштерді одан әрі жақсарту қажет. Ол үшін кәсіпкерлердің әлеуетін толықтай пайдаланып, жаңа жобаларды қолдау мүмкіндігін іске асыру басты міндеттердің бірі. Құрық ауылынан су тұщыту зауыт құрылысының салынуы ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына серпін береді. Сол себепті, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында біз өңірлік «Нұр капитал» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлігін іске асыруға ауданнан қазірдің өзінде 64 жуық кәсіпкер ниет білдіріп отыр. Сұралып отырған несие көлемі 324 млн. теңге. Сәйкесінше кәсіпкерлер тарапынан 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Осыған орай, аудан әкіміне облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы және «Даму» қорымен бірлесіп аталған жобаларды қолдау мақсатында тиісті шараларды қабылдап, жоспарланған нәтижеге жетуді тапсырамын.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкігндіктері» атты соңғы жолдауынан шығатын барлық міндеттер аудан әкімінің назарынан тыс қалмау қажет. Экономиканың барлық саласын цифровизациялау бойынша жұмыстарды жандандырып, өңірлік цифровизация офисімен бірлесіп, нақты жобаларды қолға алу қажет. Сенек, Құланды, Болашақ, Аққұдық ауылдарымен, Ералы станциясында орналасқан мектептерді кең жолақты жылдам интернетпен қамтамасыз ету өте маңызды.

Аудан әкіміне «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарында электронды құжат айналымын (электронды күнделік, электронды журнал, әр тұрғынның денсаулық паспорты) 100% енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бесінші, 2017 жылы Құрық паромдық кешенінің екінші кезеңінде автомобиль паромы іске қосылған болатын. Осыған орай ағымдағы жылы Құрық ауылынан Құрық паромдық кешеніне дейін 24 км асфальт жол пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде паромдық жүк тасымалдау қуатын 2 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2017 жылы Ақтау-Жетібай-Шетпе автомобиль жолы пайдалануға берілді. Енді осы жылы Жетібай-Жаңаөзен автокөлік жолын реконструкция жасап жаңадан салу жоспарлануда.

Сондай-ақ Құрық-Жетібай, Жаңаөзеннен бастап Түркменстан мемлекетінің шекарасына дейінгі жолдыңда құрылысын бастағалы отырмыз. Ата жолыныңда 51 км асфальт жолының құрылысы басталғанын өздеріңіз жақсы білесіз. 2018 жылы автокөлік жолдарының құрылысының барлығы Қарақия ауданының аумағында жүзеге асырылатын болады.

Сондықтан аудан әкімдігіне осы мүмкіндікті пайдаланып орта және шағын бизнесті дамыту бағытында аталған жолдар бойына сервистік қызмет көрсету жобаларын жүзеге асыру қажет».

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз