Астана қаласының Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театры Маңғыстауға гастрольдік сапармен келді. Ұжым 16-21 сәуір күндері өз қойылымдарын өңір көрермендеріне ұсынады. Бүгін алғашқы қойылымын М.Әуезовтің «Қараш-қараш» оқиғасынан бастамақ. Осыған орай театр басшысы Айболат Жанғалиұлымен өнер сапары жайлы аз-кем әңгімелескен едік.

— Айболат мырза, Маңғыстауға қош келдіңіздер. Біздің өлкеге қандай қойылымдар әкелдіңіздер? Маңғыстауға бұрын қоймаған қандай туындыларыңыз бар?

— Рақмет. Биыл Астана қаласының 20 жылдығы. Сол мерейтой аясында қарт Каспийдің жағасына, киелі Маңғыстау өлкесіне осындай сапар ұйымдастырып отырмыз. Өз репертуарымыздағы қомақты дүниелерімізді алып келдік. Барлығы да бұрын мұнда көрсетілмеген тың қойылымдар. Соның бірі – бүгін өтетін «Қараш-қараш» оқиғасы. Ертең Шәмші ағамыздың өміріне арналған «Шәмші» элегиясын қоямыз. Одан кейін халық әртісі Талғат Теменовтің режиссерлігімен сахналанған Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасы. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова ойнайтын «Зере» спектаклі, «Тіл табысқандар» комедиясы көпшілік назарына ұсынылады. Бүлдіршіндерге арналған «Бразилия байлығы» ертегісі бар. Былтыр Жезқазғандағы фестивальде жүлде алған «Күн сәулесі түспеген» қойылымымен аяқтаймыз.

— Театр ұжымы Ақтауға жиі келіп тұра ма?

— Бұған дейін гастрольдік сапар ретінде келмеген. Бірақ Ақтауда өткен Әбіш аға атындағы, Орталық Азия мемлекеттері театрларының фестиваліне келдік. Ал арнайы гастрольдік сапарымыз алғаш рет.

— Театрдың барлық құрамы келді ме?

— 98 пайызы осында жүрміз. Белгілі актерлер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Оның ішінде, Нұркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Сырым Қашқабаев, аға буындардан Болат Ыбыраев, Кеңес Нұрланов ағаларымыз, Гүлжан Әспетова, Бақыт Исабекова апаларымыз келді. Сондай-ақ театрдың жас буын өкілдері де қамтылды.

Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрдың директоры — Айболат Сексенбаев

— Маңғыстау театры биыл 15 жылдығын атап өтеді. Жалпы біздің театрға, ондағы қойылымдарға пікіріңіз қандай?

— Өзіндік бағыт-бағдары бар, беталысы тың театр дер едім. Өңірлер арасында қатты құрметтейтін шаңырақтардың бірі. Оның үстіне Қаллеки театрымен арада үлкен шығармашылық байланыс орнаған. Осының алдында біздің көркемдік жетекшіміз Талғат Теменов «Аққудың көз жасы» спектаклін қойған еді. Қазір ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың режиссері Нұрлан Жұманиязов ағамыз «Мұқағали және Фариза» қойылымына әзірлікті бастап кетті. Бұйырса, мамыр айының 2 жұлдызына премьера жоспарланып отыр. Біз де Гүлсина Мерғалиеваны шақырып, Астана қаласында «Сара» спектаклін сахналағанбыз. Мінеки, екі өнер ұжымы тонның ішкі бауындай бір-бірімен араласып кеткен. Біз үшін бұл театрдың орны ерекше.

— Н.Жантөрин театрының қай қойылымдарын, қай актерларды ерекше атап өтер едіңіз?

— Барлық актер ерекше. Медғат деген бауырымыз фильмдерде де бой көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Театр сыншылары тарапынан оң бағаға ие болып жүрген Айбек Иманқұлов бар. Шынын айтсам, біз бір-бірімізге бөле-жара емес, құрметпен қараймыз. Фестивальге барарда Ақтаудың театры келе жатыр десе, өзгелер сескеніп қалатындай айбынды театрлардың бірі ретінде бағалаймын.

— Қ.Қуанышбаев театрына ойыссақ. Қандай жаңа қойылымдарыңыз жарық көрді? Репертуарларыңызда қанша спектакль бар?

— Театрымыздың жоспары бойынша 5 спектакль жылына көрерменге ұсынамыз. Кеше ғана осы сәуір айында Талғат Теменовтің режиссерлігімен Шекспирдің «Отеллосын» ұсындық. Өте жоғары деңгейде өтті. Мәдениет министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, қала әкімдігі қатысып, олардың да, көрерменнің де тарапынан оң бағаға ие болды. Отеллоны Қуандық Қыстықбаев сомдады. Яго рөлін – Нұркен Өтеуілов және жас актрисамыз Ақмарал Танабаева Дездимоны ойнады. Бұйырса Астананың 20 жылдығына орай өңірлерге сапарымыз басталады. Келесі айдан бастап Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік өңірлер, барлығына баруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ әр аймаққа байланысты арнайы қойылымдарымыз да бар. Мәселен, Семейге барсақ, «Абай» мен «Зерені» қалай алып бармаймыз? Шымкентке «Шәмшіні» қалай қоймаймыз? Сол сияқты әр тұлғаны өңірлерімен қауыштыратын боламыз.

— Ал біздің өңірге «Маңғыстауға барғанда қоямыз» дейтін спектакльдеріңіз бар ма?

— Болашақта Әбіш ағаның шығармасынан бір қойылым дайындасақ деп жоспарлап отырмыз. Жаңаша бағытта жұмыс істейтін режиссерлермен де бірлесу ойластырылды.

— Әбіш ағаның қандай шығармасын таңдадыңыздар?

— Қазір көңілімізге ұнап отырғаны – «Кароль Лирі». Әбіш Кекілбаевтің аудармасындағы тілі өте бай шығармалардың бірі. Сахна өнеріндегі актерлардың тіл мәдениетін, тіл тазалығын ұштастыруға мол септігін тигізеді. Оның үстіне Шекспирдің туындысы драматургияға толып тұрған дүние. Сондықтан да осы шығарманы алмақпыз. Былтыр Әбіш ағаның фестиваліне келгенде театр әкімшілігімен осы жөнінде сөйлескенбіз. Фестиваль екі жыл сайын өтеді екен, бұйырса келесі жылғысында осы шығарманы көрерменге ұсынбақпыз.

— Әңгімеңізге рақмет, аға. Сапарларыңыз сәтті өтсін!

Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз