Өткен сенбі күні Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен жоспарлы сенбілік өтті. Оған Ақтау қаласының №23 мектебінің оқушылары мен ұстаздары, корей және қарақалпақ этномәдени бірлестіктерінің жастары, «Бала арманы» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.

Бұл жолы сенбілік жұмыстары Ақшұқыр ауылындағы «Қошқар Ата» кесенесі маңайында жүргізілді. Қорымға келген соң жиналғандар алдымен осы жерде мәңгі мекендеп жатқан жандардың рухына құран бағыштап, жұмысқа кірісті. Олар осындағы тал-теректердің түптерін қопсытып, құнарландырды, ағаштардың түптерін ағартып, айналадағы қоқыстарды жинап, арам шөптерді жұлды. Жұмыстарды бөлісіп, әркім өзіне жүктелген шаруаны тиянақтап орындады. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген, жұмысқа бір кісідей жұмыла кіріскен әр ұлттың өкілдері зираттардың айналасын бір адамдай тазартып тастады.

— Татулық пен достықтың нағыз көрінісі деп осыны айтуға болатын шығар, — деді «Қоғамдық келісім» КММ ақпараттық-ресурстық бөлімінің басшысы Луиза Молочаева. — 3 сағаттың ішінде сенбілікке қатысушылар біраз шаруаны тындырды. Адамдарды бірлікке шақыратын мұндай шаралардың әсіресе жастар үшін маңызы зор. Ұлт демей, ұлыс демей, дін демей барлығы бірге осы күні үлкен жұмыс атқарды. Үлкендер жағы жастарға нені қалай істеу керек екенін үйретті. Өйткені, қазіргі жастардың көбі мұндай шаруаны біле бермейтінін айтады аға буын. Соның ішінде, қала балаларының тіпті хабары жоқ екенін де айтты. Ал, сенбілік жастар үшін шағын мастер-класс сияқты болды. Олар ағаштарды күтіп-баптау мен түптерін қопсытуды үйренді. Сенбіліктерді жүргізудің де өзіндік тәрбиелік мәні бар. Жастар қоғамдық өмірге араласудың мағынасын түсінеді. Туған жерге деген ыстық сезімдерін оятады деп сенеді үлкендер жағы. Яғни, патриотизмді оятады. Әркім өзінің тұрып жатқан мекенін тазалықта ұстауға ат салысу дегеніміздің өзі сол патриоттық сезімнің жарқын көрінісі. Игі істің артығы жоқ. Сондықтан «Қоғамдық келісім», Достық үйінің қызметкерлері қашанда жақсы істердің жаршысы болуға тырысады.

Сенбілік соңында осы жердің шырақшысы еңбек мерекесіне қатысушыларға алғысын айтып, қыз-келіншектерге орамал тақты.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз