Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасованың айтуынша, жыл басынан бері аймақта жіті респираторлық вирусты жұқпалары және тұмау ауруларынан 723 адам (100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіші – 107,46) тіркелген. Бұл өткен эпидемиологиялық маусыммен (761 ауру, көрсеткіші – 114,55) салыстырғанда 6,2 %-ға төмен.

– Өңірде 1 қазаннан бастап ЖРВЖ және тұмаудың эпидемиологиялық маусымы басталды. Осы аралықта облыс көлемінде тұмау жағдайы тіркелген жоқ. Тіркелген тұмау жағдайлары Маңғыстау облыстық «Ұлттық сараптау орталығының» вирусология зерханасында полимеразды тізбек әдісімен (ПТР) анықталады. Жалпы тұмау жөнінде түсінік беріп кететін болсам, бұл ауа-тамшылы жолмен берілетін жедел жұқпалы дерт. Балалар және жүкті әйелдер үшін тұмау өте қауіпті. Әрбір күз және қыс айларында әдеттегідей тұмаудың жұқпалы дерті бой көтереді. Профилактиканың ең тиімді әдісі індет басталмастан бұрын тұмауға қарсы егу жұмыстарын жүргізу. Биылғы жылы қыркүйек айында тұмау ауруына қарсы вакцинаға  жергілікті бюджеттен – 30 млн. 502 мың 850 теңге қаражат бөлініп, 35 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатылып алынды. «Гриппол плюс» вакцинасын өндіруші – Ресей мемлекеті. Биыл егілуге тиісті контингентіміз – 45 899. Сондықтан да біз демеушілер көмегімен де егуді жүргізбекшіміз. Айта кету керек биыл тұрғындардың белсенділігі жоғары. Тұмауға қарсы егу жұмыстарының басталғанын естігін тұрғындар жұмыс телефонымызға күнде хабарласып, вацинаны қалай, қайдан алуға болады деп сұрап жатыр, – дейді Гүлшат Шорбасова.

Аймақта бүгінгі күні тұмауға қарсы егумен барлығы 13 103 адам қамтылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 12 374 адам, демеушілік көмекпен 724 адам, ақылы түрде  5 адам егілген. Егілгендер арасында жүкті әйелдер саны – 995, медицина қызметкерлері – 2320, 14 жасқа дейінгі балалар – 4551, жабық мекемелердегі егілгендер – 100 адам.

– Егу облыс тұрғындарының егумен қамтуының 1,9 %-ын құрады. Егілгендер арасынан вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ. Тұмаудың таралуын болдырмау мақсатында, халықтың қауіп тобындағы контингенттерді, яғни медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұратын балалар,  әлсіз және жиі ауыратын 6 айдан асқан балалар, балалар, сәбилер үйі, қарттар және мүгедектер үйі, 2-3 триместрдегі жүкті әйелдерді жаппай егу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыс аймағындағы өндіріс орындарының басшыларына жұмыс берушілер есебінен жұмысшыларды және олардың отбасы мүшелерін егумен қамтамасыз ету  жөнінде ұсыныс берілді, – деген Гүлшат Шорбасова өткен жылы облыс қазынасынан 44 млн 551 мың теңге бөлініп, 50 738 адам вакцина алғанын айтты.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз