Маңғыстауда шағын және орта бизнес өкілдеріне жылына 1%-бен несие беретін «Nur Kapital» бағдарламасы салтанатты түрде іске қосылды. Шараға «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, аудан, қала әкімдері, кәсіпкерлер қоғамдық бірлестіктерінің, екінші деңгейлі банктердің, қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасының» бірі мыңдаған адамға өз бизнесін ашуға мүмкіндік беретін шағын несиені көбейту болатын. Маңғыстау өңірінде осы ретте «Nur Kapital» бағдарламасы жұмысын бастады. Сонымен, оқырманның көңіліндегі сұрақтарға жауап беріп көрелік.

«Nur Kapital» бағдарламасына қанша теңге бөлінген?

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың «Нұр капиталдың» таныстырылымында қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд. теңгені құрайтынын (оның ішінде жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге, «Даму» қорынан 1,800 млн. теңге) айтты.

«Бүгінгі таңда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен (400 млн. теңге), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның Жаңаөзен өңірлік филиалымен (400 млн. теңге) және «ForteBank» АҚ (322 млн. теңге), «Сбербанк России» АҚ ЕБ (150 млн. теңге) келісімге қол қойылды. Сондай-ақ осы бағдарламаға қатысу үшін «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Атамекен Микрофинанс» ЖШС өтінімдерін берді», — деді облыс басшысы.

1% несие алу үшін қайда хабарласу керек?

1 пайыздық несиені алу үшін кәсіпкер өз өтінімін Жаңаөзен қаласы мен аудандарда орналасқан кәсіпкерлік бөлімдеріне тапсырады. Мұнда мамандар қажетті құжаттарды дайындаумен және жинаумен айналысады. Бұдан соң кәсіпкер дайын құжаттарды екінші деңгейлі банктерге тапсырып, банктің мақұлдауын күтеді. Өтінім мақұлданған соң банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді. Ал аймақтық үйлестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды қарастырады.

Осы уақытқа дейін қанша өтінім түскен?

«Nur Kapital» бағдарламасының таныстырылымы өткеннен бері қала, аудан әкімдіктерінде 2 млрд. теңгеден астам қаржыға кәсіпкерлер тарапынан 192 өтінім келіп түскен.

«Олардың 35%-ы мал шаруашылығы секторында, өңдеу, жеңіл өнеркәсіп — 22%, туризм — 16%, көлік және қойма — 8%, өсімдік шаруашылығы — 5%, денсаулық сақтау — 5%, қызмет көрсету — 3%, білім беру — 3%, тамақтану қызметтері — 1%, көтерме және бөлшек сауда — 1%, инвестициялар — 0,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс — 0,1%», — деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева.

P.S. Жиын барысында  2018 жылдың қаңтарында Маңғыстауда басталған «Кәсіпкер боламын!» пилоттық жобасы таныстырылды. Бұл жоба аясында  14 бизнес-тренер облыстағы 12 мектепте 365 жоғары сынып оқушысына  бизнесті жүргізу әдістерін үйретеді. Сонымен қатар бизнес-тренерлер мен студенттер арасында конкурс өткізіліп, 150 жеңімпаз халықаралық бизнес-тренерлердің қатысатын бизнес-лагерьге жолдама алады. Жеңімпаздарға аймақтың ірі кәсіпкерлері, «Даму» қоры және «Атамекен» ҰКП гранттар беріледі.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз